«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевтің Қарағандыға нендей мақсатпен келгені белгілі болды. Облыстық әкімдікте қоғам белсенділерімен өткен кездесуде ол аталған ұйымның өз жұмысының форматын түбегейлі өзгертуді қолға алмақшы екенін мәлім етті.
– Қыркүйек айында біз азаматтық қоғам өкілдерін, қор донорларын, қазақстандық ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді, Үкімет мүшелерін, депутаттарды шақырып, үлкен онлайн-конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы алқалы жиында біз Қордың жаңа тұжырымдамасын, қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар нобайын бекіткіміз келеді. Сіздердің ұсыныстарыңызды есту біз үшін маңызды. Осы мақсатта өңірлерді аралаймыз, – деп атап өтті Б.Жәмішев.
Сонымен қатар төраға «Қазақстан халқына» қорының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен тың бастамалары туралы баяндап берді. Мысалы, ұйым қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі білім беруді қолдау жөніндегі тиімді жобаларды іздестіріп жатыр екен.
– Арнайы мектеп-интернаттарды жабдықтау бойынша жоба дайындап жатырмыз. Бұл бағдарлама 99 мектептен өтінім алды. Сондай-ақ «100 спорт залы» бағдарламасын қаржыландыру басталды, – деді қор төрағасы.
Кездесу барысында қоғам белсенділері денсаулық сақтауды қолдауға, ерекше балалар мен мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуге қатысы бар ұсыныстарын жеткізді.
Қор басшысы болса, бұл ұсыныстардың бір де бірінің назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың алдағы уақытта кешенді жұмыс бағдарламасы аясында мүмкіндігінше жүзеге асырылытынына сендірді.
Кездесуде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бүгінде жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыс істеп жатқанын баяндады.
– Мысалы, орфандық аурулары бар емделушілерге арналған дәрілік препараттарды сатып алу бюджеттен қаржыландырылды. Жүйелі мәселелерді өз деңгейінде шешуге тырысамыз. Меценаттар, демеушілер де көмектеседі, – деп атап өтті ол.
Дегенмен өңір басшысы әлі де болса күрделі мәселелердің бар екенін жасырмады. Сол себепті де ол өңірдің аталған қормен өзара тиімді іс-қимыл жасауға мейлінше бейілді екенін жеткізді.
Кездесудің соңына таман «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қарағанды облысының әкімдігі ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
ҚАРАҒАНДЫ