Әйелдер арасында аралас жекпе-жектен UFC-де өнер көрсетіп жүрген Қазақстанның жалғыз спортшысы Мария Агапова өзінің келесі кездесуін 1 тамызда өткізеді.
АҚШ-тың Техас қаласында жерлесіміз Оңтүстік Кореяның өкілі Джи Ен Киммен күш сынасады. 25 жастағы Павлодар облысының тумасы 2015 жылдан бері спорттың осы түрімен шұғылданады. Сол аралықта 13 рет октагонға шығып, 10 рет басымдық танытты. Сегіз қарсыласын есінен тандырды. Үш рет жеңілді. Осыдан екі жыл бұрын Агапова UFC-мен келісімшартқа отырды. Ал Кимді де мықтылар санатынан деп айта алмаймыз. Айқас алаңына 16 рет шыққан ол 9 мәрте жеңіске жетіп, бес рет ұтылды. Тағы екі жекпе-жекті тең аяқтады.
Ал өткен аптаның аяғында бразилиялық Рафаэль Дос Аньосты ұрып жыққан Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген Қазақстанның тумасы Рафаэль Физиев жеңіл салмақтылардың рейтингінде екі сатыға жоғарылап, қазір жетінші орынды иеленуде.