Марқакөл, Күршім халқы көптен күткен көпірдің құрылысы алдыңғы жылдары басталған-ды. Алдын ала құрған жоспарларына сенсек, көпір 2025 жылы қолданысқа беріледі екен. Дегенмен көпшілік көпірдің уақтылы аяқталарына күмәнмен қарайды. Қарайтын жөні де бар.
Неге десеңіз, Омбы – Майқапшағай, Өскемен – Талдықорған тасжолдарының құрылысы 2020 жылдары аяқталуы керек болған. Құрылысы ащы ішектей әлі созылып келеді. Өскемен – Рахман қайнары бағытындағы төте жолдың құрылысы тұралап қалған. Осындай сақалды құрылыстарды көрген ел күдіктенбей қайтеді?!
Өткен аптада Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан бұл көпір құрылысының қарқынын арнайы барып көргенбіз. Қалай дегенмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарындағы нысан ғой, уақтылы әрі сапалы аяқталуға тиіс.
Құрылыс екі жақ жағалаудан қатар басталыпты. Біз Күршім ауданына қарасты Құйған ауылының тұсынан бардық. Асыр-гүсір жұмыс, абыр-сабыр техника... Жағада қос бірдей бетон зауыты тұр. Тіпті қыстың аязында да цементті ыстықтай құя береді. Цементке қосылатын құм арнайы Боран ауылының тұсынан әкелінген. Құрамы әбден зерттелген. Ал қиыршық тасты Өскеменнен тасиды. Осылайша, қос зауыт кезек-кезек тоқтаусыз жұмыс істейтін сияқты. Жұмысшылар да екі ауысымда. Олар үшін әрқайсысы 84 орындық екі жатақхана тұрғызылған.
– Құрылыс материалдарынан мәселе жоқ. Жұмысшы күші де жеткілікті. Техникалық көпірмен қатар негізгі көпірдің құрылысын қатар алып келе жатырмыз. Тіреулерін құйып алған соң жұмыс тез жүреді. №21 тіреу дайын тұр. Тағы екі тіреудің арматура темірден қаңқасы тоқылып жатыр, – дейді құрылыс алаңындағы жұмыстармен таныстырып жүрген учаске басшысы Юрий Чанов.
Дей тұрғанмен, Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың әсері құрылыс саласына азды-көпті кедергісін келтіріп жатқан көрінеді. Себебі көпір құрылысына арналған болат деталь Украинада шығарылған екен. Енді бұл тетікті басқа жақтан іздестіріп жатқан көрінеді. Қалай болғанда да, амалы табылады дегендей болды учаске басшысы.
Айтқандай, Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысын жүргізіп жатқан «ОблШығысЖол» ЖШС – бұрын-соңды көпір салып көрмеген компания. Алайда арнайы мамандармен ақылдасып барып іске кіріскен. Учаске басшысы Ю.Чановтың айтуынша, ең қиын жұмыстар – су астына бетон тіреулер орнату. Судың ең терең тұсы 20 метрден асады. Оны орнату тәсілін де түсіндірді бізге. Жуан темір құбырларды су түбіндегі қатты қыртысты қабатқа тірелгенше қағады екен. Содан кейін барып құбыр ішіне арматурадан тоқылған қаңқа орнатылады. Мықтап орнатылған соң бетон құяды. Бетон салмағымен суды сыртқа шығарады. Тіреу орнатылған соң арнайы мамандар үнемі тексеріп отырады екен. Қалай тексереді дейсіз ғой. Үстінен 450 тонна салмақпен басады екен. Абырой болғанда, бірде-бір тіреу орнынан қозғалмапты. Демек жұмыс сапалы жүргізіліп келе жатыр.
Көпір тіреуге түсетіндіктен, су жолына да кедергі келтірмеуі керек. Баржа, паром, кемелер өтуі үшін бір тұста бетондардың арасы 75 метр қашықтықта орналасады. Ал қалған бетондардың арақашықтығы – 64 метр.
– Техникалық көпірдің 300 метрін салып қойдық. Жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Құрылысы аяқталған соң жарық тарту, жақтауларын орнату секілді жұмыстар да біраз уақыт алады. Көпірге дейінгі жол құрылысы және бар. Елімізде бәрі жақсы болса, 2025 жылы Күршімге көпірмен зулайтын боламыз, – деп сендірді Ю.Чанов.
Иә, зымыраған заманда Күршімдіктердің малақайларын аспанға атар күні алыс емес. Естеріңізге сала кетсек, өткел мәселесі «Egemen Qazaqstan» газетінде көтеріліп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дереу Үкіметке тапсырма берген еді. Сөйтіп, көп ұзамай көпір салу жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі уақытта құрылыс қарқыны жаман емес.
Шығыс Қазақстан облысы