Павлодарлық 33 жастағы Андрей Карандашовтың қармағына балық түспесе де, халықтың назары түсті. Ол өмірін қатерге тігіп, ағайынды үш баланы суға батып бара жатқан жерінен құтқарып алды! Көзсіз ерлік екені сөзсіз. Жұртшылық әлі күнге дейін әлеуметттік желілер арқылы «Жарайсың, Андрей!», «Міне, нағыз азамат!» деп ыстық ықыласын білдіріп жатыр.
Оқыс оқиға 13 шілде күні сағат күндізгі 3-тер шамасында Ақтоғай ауданына қарасты Приреченск ауылында орын алды. Талай ауылдың берекесін арттырған Ертіс өзені аталған ауылды да басып өтеді. Бірақ елді мекенде жабдықталған жағажай жоқ, жағалау өте тік. Сондықтан да жергілікті тұрғындар балаларына суға түсу былай тұрсын, жақындауға тыйым салады. Бес баланың анасы Салтанат Шаихова да үш ұлына өзеннен алыстау жерде серуендеуге рұқсат береді. Осылайша, тоғыз жасар Тұрар және жеті жастағы егіздер – Аман мен Есен алаңсыз ойнауға кіріседі.
– Сол күні жұмыстан келе сала ұлдарыма ойнап келуге рұқсат бердім. Менің балаларым тіл алғыш, әр нәрсеге рұқсат сұрайды. Әдетте, бұл уақытта олар әткеншекке және кітапханаға баратын еді. Өзенге қалай кетіп қалғандарын түсінбей дал болдым. Негізі балалар судан қорқады. Жарты сағаттан кейін күйеуім қоңырау шалып, ұлдардың ауруханада екенін айтты. Ол балалардың өзенге батып кете жаздағанын әрі қалай құтқарылғаны туралы учаскелік инспектордан естіген, – дейді Салтанат.
Белгілі болғандай, ағайындылар Ертіс өзеніне жақын маңда тұратын достарына барған. Әлгі бала «суға секіріп ойнауды» ұсыныпты.
– Егіздер суға түспеген. Үлкен ұлым ғана өзенге түсіп, су оның тізесінен келген. Ұлым суда тұрып секіре бастайды. Бір сәтте ол суға құлайды да оны ағын алып кетеді. Мұны көрген егіздер Тұрарға көмектесуге асығып, суға түсіпті, – дейді Салтанат.
Бұл уақытта балалар ойнап жатқан жерге жақын маңда «Ақтоғай-Агро» ЖШС қызметкері Андрей Карандашов балық аулап отырған. Қармағына балық түспеген соң үйге қайтуға жинала бастапты.
– Балалардың жақын жерде жүргенін көрдім. Қармақтарымды жинап жатып, жағадан он метрдей жерде балалардың суда жанталасып жатқанын аңғардым. Айқайладым. Бірақ олар үн қатпады. Екінші рет айқайладым, тағы да үнсіздік. Кенеттен біреуі судың астына кете бастады. Мен бұл қайғылы жағдай екенін бірден түсіндім. Киімдерімді шештім де бірден суға сүңгідім. Екеуін құтқарып, үшіншісіне көмекке барғанша ол судың астына бата бастады. Оның соңынан сүңгіп кеттім де, өзен түбін қармап жүріп оны тауып алдым. Жағаға алып шықтым. Мен әр секундтың қымбат екенін түсіндім. Балаларды құтқару туралы ойладым және қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Үшінші баланы жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жасанды тыныс алдырдым. Ол суды көп жұтып қойды. Жүрегіне массаж жасадық, ештеңе көмектеспеді. Қатты тұншығып қалғандықтан «аман қалмайды-ау» деген өкініш ой да болды. Бірақ оған соңына дейін жасанды дем беріп, жұтқан суын шығаруға тырыстым. Қырынан жатқызып, арқасынан қаға бастадым. Осы кезде баланың өкпесінен су шығып, дем ала бастады. Мен қуанып кеттім! Қуанып толқығаным соншалық, қолдарым дірілдеп кетті. Көп ұзамай мен шақырған жедел жәрдем мен полиция да келді, – деп еске алады Андрей.
Жедел жәрдем қызметкерлері дереу балаларды ауруханаға жеткізді. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер бұл ұлдардың Андрейдің дер кезінде және сауатты әрекетінің арқасында ғана аман қалғанын айтады.
Осылайша, Андрей сияқты ержүрек азаматтың арқасында үш тағдыр аман қалды. Қармағын жинап, үйіне ерте қайтып кеткенде не болатынын ойлаудың өзі қиын. «Періштесі қақты» дей ме мұндайда?
Бұл оқиғадан кейін Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Приречинск ауылының тұрғындарымен жиын өткізіп, Андрейдің батырлығын тілге тиек етті. Оған теледидар тарту етті. Андрей еңбек ететін «Ақтоғай-Агро» ЖШС басшылығы да шетте қалған жоқ. Басшылықтың өкілі: «Біздің ұжымда жедел әрі дұрыс шешім қабылдай алатын қызметкерлердің болғанына өте қуаныштымыз. Андрей – өз ісін шебер атқаратын маманның бірі» дей келе, оған кәсіпорын басшылығы атынан ақшалай сыйақы табыстады. Құтқарылған балалардың анасы Андрейге ерлігі мен жанқиярлығы үшін шын жүректен алғыс айтты.
Бұл Андрей Карандашовтың алғашқы ерлігі емес екен. Ол небәрі 13 жасында көз алдында суға батып кеткен сегіз жасар баланы құтқарып қалған. Иә, бейбіт заманда да ерліктің білекте емес, жүректе екенін дәлелдеп жүрген азаматтар аз емес. Андрей Карандашов «Сіз өзіңізді батыр сезінесіз бе?» деген сұраққа кішіпейілділікпен: «Менің орнымда бәрі де солай істейтін еді деп ойлаймын. Себебі балалар менің көз алдымда жазым болуы мүмкін еді», деп жауап қатты. Жарайсың, Андрей!
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы