• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Шілде, 2022

Жетісудағы жәрдемші пойыз

192 рет
көрсетілді

«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық по­йызы Жетісу облысын аралап, халыққа тегін дәрігерлік қызмет көрсетуде. Айнабұлақ стансасынан басталған сапар Көксу, Егінсу, Бескөл, Жайпақ, Достық стансаларына бағыт алды.

Мамандар кеңес жүргізіп, диаг­ностика, ем-шара жасап, алғаш­қы медициналық көмек көрсету­мен шұғылдануда. Кеңестік-диагнос­тика­лық пойыздың мамандары мүм­кіндігінше көп пациент қабыл­дап, тексеріп, ем тағайындап, қажет болса аудандық, облыстық ауруха­наларға жіберуге тырысуда.

Пойыздағы кеңесші-дәрігер­лер­дің айтуынша, емделушілердің көбі терапевт дәрігерге жүгінген. Бала­лар дәрігеріне кезекке тұрушы көп. Офтальмолог пен хирургке тексері­лушілер саны артқан. Пойызда ЭКГ, УДЗ және флюорография аппараттары бар.

Мамандандырылған меди­цина­лық пойызда кішігірім хи­рургия­лық операциялар да жасалуда. По­йыз­дағы жоғары санатты офтальмолог дәрі­гер Сәкен Какпенов: «Мен мұн­дай сапарға бірінші рет шы­ғуым емес. Үш жыл бұрын «Жәрдем» медицина­лық пойызымен елді аралап, қыз­мет көрсеткенмін. Ол кезде оңтүс­тік өңірлерде болғанбыз. Шалғай ауылдардағы көру қабілеті нашар­лаған бірнеше адамға көмектесіп, ризашылығын естіп, ұмытылмас сәттерді бастан өткер­дім. Біз глаукома және ката­рак­та сияқты ауруларды ерте анық­т­ап, хирургиялық жолмен емдеу арқылы көру қабілетін жақ­сар­тудың маңыздылығын түсін­дік. Медициналық пойыздың жұмыс тәжірибесі ұнайды. Ел арасын­да қандай сырқаттар барын бағам­даймыз. Оларға қандай көмек көрсету керегін саралаймыз. Сыр­қат­­тардың орын алу себептерін анық­таймыз. Сол арқылы алдын алу шараларын жасаймыз», деді.

Жетісу өңірін аралап жүрген пойыз бүгінге дейін 1 007 адамға қызмет көрсеткен. Көбіне дәрігерлік нақтама қойылып, ем-шара жасалып, дәрі-дәрмек тағайындалды. Біразы жергілікті аурухана­лар­ға жатқызылды. «Саламатты Қазақ­стан» медициналық пойызы Жетісу облысынан кейін Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына жол тартпақ.

 

Жетісу облысы