• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Шілде, 2022

Мыңнан астам қой өртеніп кетті

1934 рет
көрсетілді

Құрманғазы ауданындағы «Сүйін­дік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС иелігіндегі бір мыңнан аса қой дала өртінің құрбанына айнал­ды. Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшы­сының орынбасары Азамат Айтқалиевтың айтуынша, жа­лын ортасында еділбай тұқым­ды 619 саулық, 414 қозы қал­ғаны анықталған. Ауладағы 516 қой, 1 інген, 1 бота түгі қалмай өртеніп кеткен. Тағы 13 қой жоғалған.

– Қазір шаруашылыққа келті­рілген шығынның көлемі анықталып жатыр. Бірақ аталған серіктестік басшылары төрт түлік малды сақ­тан­дырмаған. Сол себептен кәсіп­керге мемлекет тарапынан өтем­ақы төленбейді, – дейді Азамат Айтқалиев.

Оның дерегіне қарағанда, өртен­ген қойдың 500-ден астамы көршілес Батыс Қазақстан облы­сының Жаңа­қала ауданында ор­наласқан ет комбинатына жіберілген. Термиялық өңдеуден өткен соң одан ет өнімдерін дайындау көзделген.

Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, дала өрті Жалғызапан ауылына таяу орналасқан Асқар, Бесоба, Апандыкөл қыстақтарының аума­ғына жайылған. Өртті сөндіруге Сүйіндік ауылдық округінің 30 тұр­ғыны, Азғыр аймағында гео­ло­гия­лық барлау жұмыстарын жүр­­гізіп жатқан «ТАТ Арка» ЖШ тарапынан 10 техника тартыл­ған. Ауылдық округ әкімі Қанат Құлшаровтың айтуынша, соңғы аптада үш өрт тір­келген. Ал серік­тестік басшылары тарапынан мал шығыны жөнінде тиісті органдарға шағым түспеген.

– Сүйіндік ауылында өрт сөндіру қызметінің арнайы жасағы жоқ. Ауыл мен аудан орталығының ара­қа­шықтығы – 270 шақырым. Өрт­тің болғаны туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабарланбады. Батыс Қазақстан облысында басталған өрттің көрші­лес Астрахан облысына дейін жалғасқаны белгілі болды. Кейін өрт Атырау облысының аумағына өткен. Жалын шарпыған жердің жалпы аумағы – 100 гектар, – деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Берденов.

 

Атырау облысы