ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен хабарланғандай, құрылыс саласындағы бағының шарықтауын болдырмау мақсатында Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті бірқатар шара қабылдайды, деп жазады Egemen.kz.
«Осы айдың соңында «Құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі» туралы нормативтік құжат күшіне енеді. Осының негізінде құрылысты жобалау-сметалық құжаттарының ішінен прайс-парақтар алынып тасталады. Бұл - құрылыс материалдарының сметада көрсетілген бағасынан қымбат болып кетпеуі үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, министрлік «Құрылыс үшін құн индекстері» нормативтік құжатын әзірледі. Онда құрылыс саласындағы бағаның өсуі мен инфляция деңгейі ескеріледі», делінген ведомство ақпаратында.
Бүгінде денсаулық сақтау және білім беру объектілерінің құрылысында бағаны бақылап отыруға мүмкіндік беретін шекті мөлшерлеме бекітілген. Ал аталған нормативтік құжаттар күшіне енген соң, бұл бағыттағы құн индексі мен көрсеткіштер қайта қаралады.