• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Шілде, 2022

Маусым басталғалы 13 адам суға кетті

140 рет
көрсетілді

Шілденің шыжыған ыстығында бір ауық суға түсіп сал­қындап алғанға не жетсін. Алайда қапырықтан қашқан қалалықтар арнайы құтқару қызметі мен қоршауы бар қауіпсіз жағажайларды қомсына ма, әйтеуір өзен-көлдердің шомылуға рұқсат етілмеген қалтарыс-қаупі көп тұстарына тоқтап, суға түсуге құмар.

Су жағасындағы қарапайым қауіпсіздік шараларының өзін ескере бермейтін кейбір тұр­ғындардың алаңғасарлығы көбіне қайғылы жағдайларға ұласып жататыны өкінішті. Мәсе­л­ен, Қостанай облысында шомылу маусымы басталғалы суға кеткен 13 адам тіркелді. Оның үшеуі – бесіктен белі шығып үлгермеген уыздай үлбіреген жап-жас балалар.

Тобыл өзенінің Қостанайға сүйкеніп ағатын тұсында шо­мы­луға рұқсат етілген арнайы екі орын бар. Оның біреуі – ком­муналдық, екіншісі – ком­мер­циялық жағажай. Бірақ бәзбір кірпияз тұрғындардың көкейінде қай күні келсең де ығы-жығы адам арылмайтын бұл демалыс орындарындағы су лас деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан олар қалың қамыс арасындағы тұныққа барып суға түсуге әуес. Облыстық төтенше жағ­дай департаментінің мәлі­метінше, өңірдегі мұндай жабайы жағажайлар – 200-дің сыр­тында. Оның жиырмадан астамы – Қостанайдың маңайын­да.

Сырт көзге моп-момақан көрініп, беті бүлк етпей шымырлап қана баяу ағып жатқан сияқты болып көрінгенімен, Тобылдың астыңғы ағысы өте қауіпті. Талай жауқазын ғұмыр­ды жұлып әкетіп жатқан тосын мінезі де осы тереңге жасырынған арыны күшті ішкі ағысында жатыр. Жабайы жағажайда орын алған қайғылы оқиғаның бірі таяуда ғана, 9 шілдеде Рудный қаласының маңында болды. Тобылдың тоңмойын жылымы 1988 жылы туған ер азаматтың ғұмырын жалмап кетті.

Жабайы жағажайларда жиі орын алып жатқан қай­ғы­­лы оқиғалардың ең басты себеп­терінің бірі – алкоголь­ді ішімдік ішіп суға түсу. Сондай-ақ жүзе алмайтын адамдардың қауіпті жерде суға түсуі, балаларды қараусыз қалдыру, өз күшін асыра бағалап, жағадан алыс кетіп қалу сияқты ке­лең­сіздіктер де кездеседі. Құт­қарушылар су жағалаған жұрт­тың қайғылы оқиғаға жол беріп, абайсызда орны толмас өкінішке ұрынып қалмауы үшін қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталуы керек екенін ескертеді.

– Азаматтардан өтініп сұ­рай­тынымыз, суға жүзу ке­зінде қоршау белгілерінен тыс кетіп қалып жүрмеңіздер. Тойып тамақ ішкеннен кейін және алкогольді ішімдік ішіп алып, масаң күйде бірден суға түсуге болмайды. Сырын біл­мейтін суға түспеңіздер. Көпір­ден, бөгеттен, қайықтан суға секірудің қауіпті екенін ес­кер­ген жөн. Тек арнайы рұқ­сат етілген жерлерде шомылу керек. Шомылу кезінде бейнекамера, шар мен тақтай пай­да­ланудың қажеті жоқ. Өтіп бара жатқан катерлерге, қайықтар мен гидроцикл­дерге жақындауға болмайды, бұл өте қауіпті, – дейді об­лыс­тық төтенше жағдай департа­ментінің өкілі Уәлихан Досанов.

Ал дәрігерлер тұрғындарға апшыны қуыр­ған аптап ыстық­та ашық күннің ас­тын­­да мүм­кін­дігінше көп жүрмеуге кеңес береді.

– Ауа температурасының әбден жоғары көтерілген мезгілде, атап айтқанда, күндізгі сағаттан кешкі беске дейін ыстық күннің астына шықпауға тырысу керек. Бас киім киіп, көбірек су ішкен дұрыс. Басынан күн өткенін сезген адамның дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінгені абзал, – дейді қалалық аурухананың травматологі Артем Тисленко.

Дәрігердің айтуынша, бүгінге дейін ауруханаға басынан күн өтіп, ыстық ұрған ешкім түспеген.

 

Қостанай облысы