Айтса, айтқандай-ақ. Күршім өңірінде мәселе деген шашетектен. Жуықта Қойтас ауылының тұрғындары хабарласып, бірқатар проблемасын тізген. Құлақ түре тыңдасақ, жайылымдары тарылған, ауыз су құбырын тарту жұмыстары орта жолда қалған, ауылдық клуб қаңырап тұр. Көпірі апаттық жағдайда, тағысын тағы... Бардық, көрдік, ауыл тұрғындарымен тілдестік.
Ауылда 300-дей жан, 80-ге тарта үй бар. Негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Ауыл іргесінде «Визол» компаниясы алтын өндіріп жатқанымен, ауылдықтар одан бәлендей пайда көріп отырған жоқ. Компания басшылығы жыл сайын көмір, азық-түлік түсіріп береміз дегенімен, Қойтас тұрғындарына бұл игілік жетпей қалатын көрінеді.
– «Визол» компаниясының басшысымен кездескенімде жыл сайын қант, ұн, көмір таратып отырмын деген. Таратса, біздің ауылға неге жетпейді? Тіпті аз қамтылған отбасылар да ондай көмек көрмеген, – дейді ауыл тұрғыны Наурызбай Ермұханбет.
Округ әкімі көмектің бар-жоғынан хабарсыз екенін айтты. Себебі жұмысқа жуықта ғана орналасыпты. Жуықта деп отырғаны былтыр. Бірақ жұмысқа күні кеше келсе де ауылдық округтің тыныс-тіршілігінен хабардар болуы керек емес пе еді?! Оның үстіне, ауылдың іргесін үңгіп жатқан компанияның халық үшін нендей пайда көрсетіп жатқанына қызығушылық танытуы қажет шығар...
– Мен округке әкім болып былтыр сайландым. Компанияның қандай көмек көрсеткенін білмеймін. Өткен жылы Бурабай ауылына 100 тонна көмір береміз деген. Оның 50 тоннасын ғана түсірді, – дейді Абай ауылдық округінің әкімі Талғат Бақтияров.
Айта кетерлігі, Қойтастың тұрғындары алтын қазушыларға қарсылықтары жоқ. Бірақ «Визол» компаниясы халықтың жайылым жерін тарылтып тастаған. Ауылдықтардың айтуынша, егін саламыз деп 800 гектар жерді қоршап алып, шаруа қожалығына жалға берген сияқты. Тікенекті сыммен қоршалған жерді де көрдік.
– Ауылда малмен жан бағып отырмыз. Бір жағымызда тау, екінші жағында алтын қазып жатыр. Жайылым мен шабындық тарылды. Негізі, компания алтын қазумен ғана айналысады, мал ұстамайды. Жерді не үшін қоршап алды, ол түсініксіз. Оның үстіне, Қойтастың жеріне егін шықпайды, – дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Майлыханов.
Рас-ау, алтын үшін ат шаптырым аумақтың ойранын шығарып отырған компания үшін егістік жердің қажеті қанша?! Халықтың көкейіндегі бұл сұрақтарды компания басшылығына қояйық деп едік, «қақпасынан сығалатпайды» десті ауыл азаматтары. Ал округтің әкімі Талғат Қабибекұлы жайылым жердің жеткілікті екенін алға тартты.
– «Визол» компаниясы 800 гектар егістік жерді заңды түрде 49 жылға жалға алған. Оған не істейтінін өзі біледі. Біз халыққа басқа жер бердік, – деді Абай округінің әкімі Талғат Бақтияров.
Өз жерінде өгейдің күйін кешіп отырғандай халықтың ендігі көтерген мәселесі – ауылдағы мәдениет үйінің қаңырап тұрғаны.
– Неше жылдан бері клуб жабық тұр. Мерекелік іс-шараларды ұмытқалы қашан?! Не Наурызды, не Жаңа жылды атап өтпейміз. Аз да болса, бір қауым елміз ғой. Тым болмаса, мәдениет үйімізді жөндеп берсе екен, – дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Сағидолдина.
Бұған дейін ауыл азаматтары еденін цементтеп, жөндеген. Кейін есік, терезелері қаусап, тозып кеткен. Жастардың кешкілік барар жері жоқ. 9 сыныптық мектепте ауылдық іс-шараларды өткізуге, жастардың бос уақытын ұйымдастыруға рұқсат жоқ көрінеді. Аудан басшылығы халық саны аз болғандықтан, ескі клубты жөндеу тиімсіз деп таныған. Сондықтан ескі мектепті жөндеп, мәдениет үйі ретінде ашпақ.
Жайылым тар, мәдениет үйі жоқ, ұялы байланыс желісі жетпеген, ауыз судың игілігін және көре алмай отыр. Ауыз суды құдық қазып алғандар құдықтан, әйтпесе, ауыл ішіндегі жалғыз колонкадан ішеді.
– Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылып басталғанымен, аяқсыз қалды. Қыстың күні тоң екі метрге дейін қататынын ескерсек, жүргізген құбырлары ертеңгі күні түкке де жарамайды. Себебі тереңдігі – 50-60 см ғана. Қысқасы, сапалы ауыз су ішіп отырған ешкім жоқ мұнда, – дейді ауыл тұрғыны Серікбек Әбілмәжүнов.
Естеріңізде болса, 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ауылдардың 80 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылады деген еді. Бірақ Қойтас ауылын ауыз суға қатысты бағдарламалар айналып өтіп жатыр. Су тарту жұмыстары демеушілердің көмегімен басталғандықтан, аяқсыз қалған секілді. Ол үшін бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбеген.
– Ауылға ауыз су әлі тартылмаған. Бірақ екі құдық бар. Мектепті салған кезде ауданның бұрынғы әкімі мердігерден көмек сұрап, ауылға екі құдық орнатып берген. Ол ешкімнің балансына қарамайды. Істейтін, істемейтінін білмейді екенмін, – дейді округ әкімі Талғат Бақтияров.
Тасынан алтыны көп Қойтастың жай-күйі осы. Айтылған олқылықтар ұзамай оң шешімін тапса игі. Референдум алдында «жер мен қазба байлық халықтыкі» деп аз айтылған жоқ. Олай болса, шығып жатқан алтынның шапағатын ауыл азаматтары да көруі керек шығар. Жоғарыда тізілген мәселелерге Президент те назар аударса екен деді тұрғындар бір ауыздан.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы,
Қойтас ауылы