• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 19 Шілде, 2022

Алғы шепте – ақ желеңділер

242 рет
көрсетілді

Дені сау ұлттың болашағы да зор. Сондықтан да мемлекет өз тұрғындарының саламатты өмір сүруіне әрдайым кепілдік береді. Қазір ел бойынша денсаулық сақтау саласын дамыту мен қолдаудың озық үрдісі қалыптасты деуге болады. Бұл қатарда аймақтарда атқарылған істердің орны тіптен бөлек.

Өйткені «басы ауырып, балтыр сыздайтын» адамдардың дені өңірлерде тұрады. Әрі орта­лыққа қарағанда медицина қыз­метінің сапасы да алыс ауыл­дарда сын көтермейтіні белгілі. Бірақ бұл мәселе бүгінде то­лық­тай шешімін тапты деуге не­гіз бар. Мәселен, биыл Ал­ма­ты облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-тех­ни­калық базасын нығайтуға 4,4 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде меди­цина мекемелерінің жабдық­тал­уы 91 пайызға жетіп отыр. Игі іс мұнымен тоқтамасы анық. Биыл қо­сымша тағы 106 бірлік ар­найы жаб­дықтар сатып алу жос­пар­ланыпты.

– Мемлекет басшысының ал­ды­­мызға қойған міндеттеріне сәй­кес аурудың алдын алуға, ме­ди­­циналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып ке­ле­ді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жылдан жылға осы салаға бөлінетін қаржы кө­ле­мі де артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 4,4 млрд теңгеден асты. Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті мамандармен қамтуға да зор көңіл бөлінеді. Облыстағы медицина мекемелеріне соңғы үш жылда 354 дәрігер жұмысқа қабылданды. Қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамту және дәрігерлер білік­ті­лі­гінің арқа­сын­да індеттің беті қай­тып, бар­лық сала қалыпты өмірге орал­ды, – дейді тақырыпқа орай Ал­ма­ты облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жалпы, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасы оңтайлы жүзеге асып отырған ауданның көш басында Іле ауданы тұр деуге болады. Биыл ауданның ме­дицина саласын мемлекеттік қолдау бағытында қомақты іс жасалды. Яғни материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 3,8 млн теңгеге медициналық жабдықтар және 991 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған. Сондай-ақ орталық ауруханаға облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жаңадан 5 жедел-жәрдем көлігі әкелінген екен. Бұдан бөлек аудан аумағында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де демеушілік жасап, аудандық ауруханаға 3 бір­дей жедел жәрдем көлігін сый­лапты.

Осы Іле ауданына қарасты Боралдай кентіндегі аудандық аурухана да денсаулық күзетінде қапысыз қызмет етіп отырған ұжымдар қатарында. Аудан орта­лы­ғы Өтеген батыр кен­тін­дегі орталық ауруханадан кейінгі аудандық аурухана мәртебесін иеленген бұл мекеме Боралдай кенті, Водник, КазЦИК, Ком­со­мол, Чапай, Междуреченск ауылдарының тұрғындарына ме­дициналық қызмет көрсетеді. Мұнда стационар бөлімі, күндізгі стационар бөлімі, қабылдау бөлімі, онколог-маммолог, эндокринолог, стоматолог, хирург, гинеколог, невропатолог, рентгенолог, окулист, УДЗ кабинеті, психолог, әлеуметтік қызметтер мамандары, учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі жұмыс істейді. Айтпақшы, осы Боралдай кен­тіндегі аудандық ауруханаға қарасты КазЦик ауы­лының дәрі­гер­лік амбулато­рия­­сы биыл облыс бойын­ша «Үздік дәрігерлік амбула­то­рия» ретін­де анықталып, бөлім­ше­нің меңгерушісі Толқын Садақ­ба­е­ва­ға арнайы диплом және 1 млн 800 мың теңгенін серти­фикаты тапсырылған еді.

 

Алматы облысы