Таяуда Relevant | Tennis Stats & Info порталында 2022 жылдың басынан бері ең көп табыс тапқан теннисшілердің рейтингі жарияланды. Солардың қатарында қазақстандық Елена Рыбакина да бар.
Таяуда ғана Лондонда өткен «Уимблдон» турнирінде айды аспанға шығарып, бас жүлдені олжалаған 23 жастағы жерлесіміз әлемдік рейтингте жоғарыламаса да, материалдық тұрғыдан біраз олжаға кенелді. Одан бөлек, ол тағы бірқатар дүбірлі додада бақ сынады. Кейде сәтті өнер көрсетсе, кейде жеңілістің кермек дәмін татты дегендей. Жыл басынан бері Елена Рыбакина 3,3 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Бұл – жоғарыда аталған рейтингтегі жетінші нәтиже.
Ал үлде мен бүлдеге оранғандардың тізімін Ига Свентек бастап тұр. 21 жастағы Польшаның аса дарынды ойыншысы биыл «Ролан Гарроста» топ жарып, Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетті. Сонымен қатар Доха, Индиан-Уэллс, Майами және Штутгарттағы жарыстарда бас жүлдені олжалады. Осындай жарқын жеңістерінің арқасында Свентек осы жылдың өзінде-ақ 6,6 миллион долларға байыды. Қазіргі кезде поляк қызы әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Екінші орында – Рафаэль Надаль. 36 жастағы Испанияның даңқты теннисшісінің бағындырмаған белесі жоқ. Қазіргі кезде АТР рейтингінде төртінші орынға тұрақтаған Надаль биыл «Үлкен дулыға» санатындағы екі бірдей турнирдің жеңімпазы атанды. Алғашында ол Аустралияның ашық біріншілігінде алдына жан салмаса, көп кешікпей Ролан Гарроста дара шықты. Үшінші сатыға Карлос Алькарас жайғасты. Ол да Испанияның тумасы. Осыдан екі жыл бұрын ғана қалың топтың арасында жүрген 19 жастағы сайыпқыран былтырғы маусымды 32-орынмен қорытындыласа, қазіргі кезде үздіктер тізімінде алтыншы сатыға тұрақтады. Алькарастың табысы – 4,3 миллион.
Сондай-ақ биыл мол олжаға кенелгендер қатарында Новак Джокович (4,2 млн), Стефанос Циципас (3,6 млн), Онс Жабер (3,4 млн), Каспер Рууд (2,9 млн), Тейлор Фриц (2,6 млн), Александр Зверев (2,6 млн), Даниил Медведев (2,5 млн), Эшли Барти (2,3 млн), Хуберт Хуркач (2,1 млн), Феликс Оже-Альяссим (2,1 млн), Андрей Рублев (2 млн) және Янник Синнер ( 2 млн) сынды саңлақтар бар.