Қазақстанда еңсесін тіктеп, өрісі кеңейіп келе жатқан бір сала болса, бұл – қаржы саласы. Соңғы жылдары аталған сектор бірқатар қателіктен сабақ алды және бұл бағыттағы кәсібилік деңгей біршама жоғары көтерілді дей аламыз. Соңғы 5 жылда қаржы жүйесінің жиынтық активтері 74,5%-ға өсіп, 44,3 трлн теңгеге жетті. Бұл ІЖӨ-нің 54,5%-ын құрайды. Елдегі екінші деңгейлі банктер қаржы жүйесінің 85%-ын еншілесе, басқа секторлардың қаржы нарығындағы үлесі 15 пайызды құрайды.
Жалпы, соңғы бес жыл бедерінде сектордағы барлық бағыттың жағдайы түзелген. Банк секторында 7 трлн теңгеге жуық проблемалық кредиттердің есептен шығарылуына қарамастан, кредиттік портфель 46%-ға өсіп, 18,5 трлн теңгеге жетті, бұл ІЖӨ-нің 22,5%-ын құрайды. Ал сақтандыру ұйымдарының активтері 5 жылда екі есеге, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті, ІЖӨ-нің 2,3%-ына жетті, бұл сақтандыру сыйлықақылары көлемінің өсуімен байланысты. Қор нарығында капиталдандыру 5 жыл ішінде 70%-ға ұлғайып, ІЖӨ-ге қатысты 44,2 трлн теңгені немесе 53,8%-ды құрады. Капиталдандыру құрылымында 65% акцияларға, 35% облигацияларға тиесілі. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруда микроқаржы секторы маңызды рөл атқаруда. Барлық кредиттік ұйымдарды реттеу аясына қосуға байланысты 2019 жылдан бері микрокредиттер көлемі 4,5 еседен аса өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті.
Осы ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, тұжырымдаманың мақсаты – Қазақстанның тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуіне және халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуды қамтамасыз ететін халықаралық кеңістікке интеграцияланған, тұрақты және бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 5 негізгі қағидат айқындалған.
Бірінші – қаржы секторын дамытудың экономикалық өсуге оң әсерін қамтамасыз ету. Екінші – қаржылық технологияларды дамыту және инновациялық өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін жағдай жасау. Үшінші – қаржы институттары қызметінің орнықтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржылық тұрақтылықты қолдау. Төртінші – бәсекелестікті дамыту және барлық қаржы ұйымдары үшін қызметтің тең жағдайларын жасау. Бесінші – қаржылық инклюзияны арттыру және барлық тұтынушы үшін қаржы өнімдері мен қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну. Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін қаржы секторын дамытудың 7 стратегиялық бағыты айқындалған. Оның 3-еуі кросс-секторалдық сипатқа ие және қаржы нарығының барлық сегменті үшін өзекті және 4 стратегиялық бағыт қаржы нарығының негізгі қатысушылары үшін өзіндік секторалдық міндеттер мен бастамаларды қамтиды.
«Активтерді тұрақты бағалауды (AQR) және жыл сайынғы SREP қадағалап бағалау процесіне қадағалап стресс-тестілеуді түсіндіру бойынша жұмыс жалғасады. AQR және стресс-тестілеу SREP талдауын толықтыра отырып, банктердің қаржылық жай-күйін толық көрсетеді және реттеушіге банк ұшыраған барлық тәуекелді өтеу үшін қадағалау шараларын қолдануға мүмкіндік береді. Жүйелік тәуекелдерді төмендету үшін Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің талаптарына сәйкес қаржы конгломераттарын шоғырландырылған қадағалауды енгізу жоспарлануда», делінген агенттік хабарламасында.
Сондай-ақ агенттік жақын болашақта қаржылық экожүйені реттеп, жасыл қаржыландыруды» дамытуға күш салып, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтіп, экономиканы қаржыландыру және банк секторын дамытуды қолға алмақ. Сонымен қатар соңғы жылдары маңызы мен танымалдылығы ерекше артып келе жатқан – сақтандыру, қор нарығы және микроқаржыландыру секторларын дамытудың әдіс-тәсілдері жан-жақты сараланбақ.
«Тұтынушылармен адал жұмысты қамтамасыз ету үшін қаржы өнімін құру кезеңінде тұтынушылар үшін тәуекелдерді анықтауға, тұтынушының қаржылық сауаттылығын ескере отырып, қаржылық өнімдер мен тәуекелдер туралы ақпаратты ашуға, өтініштер беру арналарын кеңейтуге, кері байланыс желісі бойынша дауларды жедел реттеуге бағытталған қаржы ұйымдарының іс-әрекет стандарттары енгізіледі. Қаржылық инклюзияны дамыту шеңберінде мүмкіндіктері шектеулі адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз орта құру, өңірлер бөлінісінде қаржы ұйымдарының бейімделген бөлімшелерінің интерактивті картасының жұмыс істеуі бойынша шаралар қабылданатын болады. Неғұрлым талап етілетін қаржы өнімдерінің шарттарын мүгедек адамдардың мұқтаждықтарына бейімдеу жоспарлануда. Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін халықты цифрлы және киберсауаттылық, жаңа технологияларды пайдаланумен және интернет алаяқтықпен байланысты тәуекелдерден қорғау мәселелері бойынша білім беру бағдарламаларымен қамтуды ұлғайту жоспарлануда», дейді М.Әбілқасымова.
Сондай-ақ мемлекеттің экономикаға қатысын азайту бойынша жұмыс жалғасын табады. Жұмыс істеуге қабілетсіз кәсіпорындарды мемлекеттік қолдауды тоқтату, сондай-ақ жосықсыз борышкерлерді оңалту және олардың банкроттығы рәсімдерін жетілдіру – күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелер санатында. Сонымен бірге стрестік активтермен мәмілелер жасау үшін цифрлы платформа құру мәселесі де пысықталмақ.