Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллина баспасөз брифингін өткізді. Журналистермен кездесуде жоғары оқу орнының басшысы университеттің 2021-2022 оқу жылындағы жетістіктерімен таныстырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Жалпы, бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет», деп техникалық мамандықтардың маңызын атап өткен болатын. Осыған орай техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны 60 пайызға өскен. Батыс өңірлердегі түлектер үшін 10 мың грант қарастырылған. Сонымен қатар университет ғылымын нығайту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бойынша нақты міндеттер қойылды. Алдағы уақытта гранттық қаржыландыру арқылы ЖОО ғылымына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
– Университет жұмыс берушілермен, халықаралық деңгейдегі көшбасшысы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан. Біздің түлектеріміз ERG, Volkswagen, Simens, Microsoft, Rosneft, Росатом, Kazatomprom, «Самұрық-Қазына», «ТМК», «ҮМЗ», «Казминералс», Kazzinc, сияқты ірі компанияларда жұмыс істейді. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 96 пайызды құрап отыр дейді, – Сәуле Жәдігерқызы.
Кейінгі кезде оқушылардың техникалық мамандықтарға қызығушылықтары төмендеп кеткені жасырын емес. Алайда олар техникалық білім алған азаматтар жұмыссыз қалмайтынын, жалақысы жоғары кәсіпорындарда қызмет етуге мүмкіндіктері мол екенін ескергені жөн. Бұл ретте инженерлік білім алуға сұранысты арттыру үшін өзара байланысты үш модульді қамтитын үздіксіз инженерлік білім беру жүйесі құрылды. Яғни PreUniversity бағдарламасы аясында Білім басқармасының қолдауымен тереңдетілген физика-математикалық дайындықты көздейтін EKTU Educational Academy желілік инженерлік мектебі құрылды. Ол облыстың 27 мектебінің балалары мен мұғалімдерін біріктірді. Бұл жобаның мақсаты – аймақтағы мектеп оқушыларының шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін қолдау, физика, математика пәндері бойынша дайындығын күшейту.
– Демалыс уақытында балалар университет базасында немесе «Простор» жазғы кампусында білім алады. Қазір 30 бала оқып жатыр. Қосымша 70-ке жуық бала келесі екі маусымда лагерьге баруды жоспарлап отыр, – дейді университет ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллина.
Аталған университеттің білім беру базасы жылдан-жылға нығайтылып келеді. Испания, Италия, Словения университеттерімен бірлесе отырып, техникалық мамандықтарға оқытудың заманауи әдістері әзірленген. Келесі жылы университет басшылығы Абай, Алматы және Түркістан облыстарына шығатын желілік инженерлік мектепті кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы жоба үміткерлерді техникалық бағытқа баулудың мектеп негізіндегі даярлық деңгейін арттырады.
– Ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі – ESG халықаралық стандарттары негізінде 10 стандарт әзірленіп, енгізілді. Менің ойымша, алға қойылған жоспарлар орындалады. Себебі үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Сәуле Рахметуллина.
Техникалық университетте ғылым саласына көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, жоғары оқу орнында титаннан медициналық имплант өнімдерін шығару қолға алынған. Ендігі кезекте хирургиялық құрал-саймандар шығару көзделіп отыр. Ол үшін Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Семей медициналық университеті арасында келісім жасалған.
– Семей медициналық университетінің тиісті патенті бар. Олар бізге хабарласып, хирургиялық ота жасайтын құрал-саймандар жасауды ұсынды. Бірақ ол үшін тиісті жабдықтар қажет. Қазір екі университет бірлесіп, ақылдасып жатырмыз. Содан кейін қаржы бөлетін инвестор іздейміз, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллина.
Аталған жоғары оқу орнында студенттер үшін қолайлы жағдайдың бәрі бар. Бас ғимарат пен жатақханаларда фитнес орталықтары ашылған. Студенттерге спортпен шұғылдану қолжетімді болуы үшін залдарға жаңа жабдықтар орнатылған. Алдағы оқу жылына серіктестердің ғылыми желісін кеңейту, зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейге көтеру, коммерцияландыру секілді маңызды міндеттер қойылып отыр.
Шығыс Қазақстан облысы