• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2022

Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері айтылды

360 рет
көрсетілді

Қазақстанда 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 117 469 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен хабарланды, деп жазады Egemen.kz.

«1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтарға 1,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы маусымда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 261,9 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге - 79,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге - 182,6 млрд теңге бағытталды», делінген ведомство хабарламасында. 

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адамды құрайды.

«Бүгінде зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 117 469 теңгені құрады», деп қосты ведомство. 

Еңбек министрлігінде 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, жеке тағайындалатынын еске салды. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер қосылады.

Мәселен, егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жылды құраса, сондай-ақ ол болмаған кезде базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ына тең болса, одан әрі 10 жылдан асатын әрбір жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады.

Мысалы, 20 жыл қатысу өтілі кезінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, 30 жыл-ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 және одан көп жыл болған жағдайда ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ы мөлшерінде белгіленеді.

Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ аудару бір айда бірнеше рет жүзеге асырылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары қаншалықты тұрақты және толық көлемде төленетін болса, зейнетақы жасына жеткен кезде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де соншалықты жоғары болады.

Сондай-ақ ведомствода жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде алты ай талап етіледі) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық кіріске байланысты екенін атап өтті.