• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2022

Құрылыстағы қат-қабат былық

309 рет
көрсетілді

Павлодар қаласында бейберекет әрі заңсыз салынған құрылыс нысандары көбейіп барады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жергілікті әкімдік өкілдеріне алдағы уақытта нақты құрылыс жобаларына рұқсат құжаттарын беруден бас тартуды ұсынып отыр.

Шын мәнінде, соңғы уақытта Ертістің бойын ен жайлаған шаһарда аулалар үсті-үстіне тарылып, балалар ойнайтын бос орын қалмай бара жатыр. Құрылыс компаниялары тұрғын үйлердің аулалары мен көше қалтарыстарында тұрған сүйемдей бос жер көрсе, сүлікше жабысып, құрылыс құжатын алуға асығады. Құрылыс саласына жауапты мемлекеттік мекемелер мұндай ретсіз үйлердің құрылысына қалайша рұқсат беріп қойғанына тұрғындар аң-таң. Соның салдарынан бүгінде Академик Сәтбаев, Естай, Толс­той, Бұқар жырау, Қамзин, көше­ле­рінің бойында қабырғасы жаяу жүргіншілер жолына төніп тұрған, «қызыл жолақтан» асып кеткен көпқабатты баспаналар көбейе түсуде.

Жергілікті жұрттың екпінімен жуықта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Павлодар қалалық сәулет және қала құры­лысы бөлімінің қызметіне қатыс­ты жемқорлық тәуекелдері бойын­ша талдау жүргізіп көрген екен. Антикордың қызметкерлері меке­медегі қаттаулы құжаттардың бетін ашқанда, өз көздеріне өздері сенбепті. Мекемеде өрескел заң бұзушылықтардың көбейіп кеткені соншалық, олардың ауқымын санап бітпейтінін айтады облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Назым­бек Бекжанов.

– Қалада көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы үшін жер телімдерінің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертіле берген. Мәселен, Академик Сәтбаев көшесі, 245/1 мекенжайындағы үй құрылысы бойынша жергілікті тұрғындардың мүддесін ескеру, көпшілік тыңдау өткізу, жұртшылыққа ақпар беру туралы негізгі талаптар мүлде ескерілмеген. Нақты құрылыс салу туралы шешімдер ресми жиындардан тысқары, өзара келісімдер арқылы шығарыла салғандай көрінеді. Бұған қоса «егжей-тегжейлі жобалау жос­пары болмауына байланысты рұқсат қағазы берілмейді» деген тыйым да орындалмаған, қаланың бас жос­парына мән берілмеген. Соның бір мысалы – Байзақов көшесіндегі 131 және 133 мекенжайлары бойынша салынып жатқан үйлер. Бұл құрылыстарда эскиздік жобалар бөлімімен бекітілетін жобалық құжаттамалар жоқ десе де болады. Олар тіпті әзірленбеген, – дейді Н.Бекжанов.

«Қызықтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, шаһардағы алып құрылыстың бірі – аквапарк жобасы әу баста-ақ құжат жағынан дұрыс реттелмеген болып шықты. Әдетте құрылыстың құрылымы алдымен күрделілік тұрғысынан қарастырылып, санаты белгіленеді. Алайда тапсырыс берушілер кейде осы тәуекелді бағалау санатын қасақана төмендетіп, оны жеңіл құрылыс түріне енгізіп жіберетін көрінеді. Негізі құрылы­сы күрделі ғимараттардың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуге тиіс. Ал аквапарк жоба­сы құрылыс саласындағы әлдебір жекеменшік компанияға сараптамаға жолданып, жеңіл санатқа жатқызылған. Кейбір жобалардағы инженерлік желілер мен өртке қарсы талап­тардың дұрыс орындалмауына қатысты кездесетін кемшіліктер бұл заң бұзушылықтың жанында жіп есе алмай қалыпты.

– Қалалық әкімдік бөлшектеп жобалауды әзірлеу туралы заң талаптарын айналып өту үшін жеке үйлердің құрылысына қатысты жобалардың мәнін білдіретін, ешбір шеңберге сыймайтын оғаш талаптарды тәжірибеге енгізіп жіберген. Сөйтіп, алып құрылыстың рұқсат қағазын оп-оңай жеке тапсырыс берушінің қолына ұстата салған, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Шаһарда автокөлік тұрақтары мен жеке тұрғын үйлер салу үшін бөлінген жерлерде зәулім тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Құрылыстың орналасу тығыздығы ешбір жөн-жосықсыз бұзылып, кейбір шағын аудандарда оның нормативі үш еседен де асып кеткен. Тағы бір аумақтарда салын­ған төрт, бес қабатты көп­­пәтерлі үйлердің алдында көлік алаңы тұрмақ, балалар ойнайтын алаңдар жоқ. Мұндай үйлерге рұқсат қағаздары кейде техникалық шарттар бойынша тиісті мекемелермен келісілместен беріле салып, аяғы даулы сот істеріне ұласады екен. Соның нақты дәлелі – жоғарыда аталған Академик Сәтбаев көшесі, 245/1 мекенжайындағы үй құрылысы. Оны қойып, көпқабатты үй­лер­ді құрылысшылар су қор­ғау аймақтарында, «қызыл жолақ­тарда» сала бастаған. Бұл әрекеттерге жол беріп қойғаны үшін бірқатар шенеунік пен лауа­зымды тұлғаға қатысты айып­пұлдар салынып, ұйғарымдар жібе­ріліпті. Алайда сорақы жайттар әлі де толастар емес.

Айтпақшы, жергілікті әкімдік үлескерлік тұрғын үй құрылысын да бақылауға жауапты. Бүгінде облыс орталығында көпқабатты 8 тұрғын үй үлескерлер есебінен тұрғызылып жатқанын айтып өтейік. Олардың құрылысынан да антикор қызметі көптеген кемшілікті анықтады. Нақты айтқанда, жобалар бойынша көпшілік тыңдаулары өткізілмеген әрі бұл құрылыстардың келешекте шағын ауданды дамытуға деген үлесі дәлелденбеген.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист,

 

Павлодар облысы