Ұзақ жылдар театр мен кино саласында фототілші болып еңбек еткен Қалиғұмар Қабдешевтің туған жерінде жеке фотокөрмесі өтті. Бұған дейін көрмелері алыс-жақын шетелдерде өткенімен, Шығысында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Негізі, бұл көрме осыдан екі жыл бұрын ақсақалдың 80 жасқа толған мерейтойы қарсаңында өтуі керек еді. Оған коронавирус дей-тұғын кесел кедергі болып, кейінге шегеріле берген...
«Фотокөрме өткізіп, кітабымның тұсауын кесемін» деп сонау Алматыдан ат арытып, туған жеріне жеткен Қалекеңмен тарихтан тарта әңгімелестік. Тым қарапайым адам. Әйтпесе, Марқакөлден шыққан фототілші ретінде есімі кеңінен танылар еді ғой. Атқарған жұмыстары да аз емес. Елдің, биліктің кешегі жүріп өткен жолы тасқа басылған таңбадай архивінде фото болып сақталған, кейбіреуі альбом болып қатталған. Бірақ «менің еңбегім бар» деп еш бұлдаған емес. Оның ішінде қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігінен бастап, Дінмұхамед Қонаевтың фотосуреттеріне дейін жинақталған.
Халық Қалиғұмар Қабдешевтің Күршім аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған фотокөрмесінің ашылуына, «Суреттерде жарты ғасырлық шежіре» және «Өмірім мен өнерім» атты кітаптың тұсаукесеріне жиналды. Көрмені тамашалап жүріп, туған жер десе, тебіреніп кетесіз, кезінде Алматыға қалай кетіп қалып жүрсіз, – дедім. Өмірін баяндап берсе екен дегенім ғой.
– Кішкентай кезім. Бір күні ауылымызға Зайсан қаласынан спектакль келді. Шығаншиде (қазіргі Қазақстан ауылы) қойылым қоятындай жер жоқ болған соң біздің үйдің қабырғасына киізүй тікті. Сонда қыздардың кемпір, жігіттердің шал болғанын көріп таңғалдым. Кейін Садық Түкібаев басшылық ететін Жаңауыл орта мектебіне ауыстым. Садық мұғалім Сталин секілді киінетін. Өзі тарихтан сабақ берді. Мектепке де КазПИ мен КазГУ-ды бітірген мұғалімдерді әкеледі. Сол тұстары сурет салуға құмартып, Шишкин, Айвазовскийдің картиналарын көшіріп сала бастадым. 1957 жылы 10-сыныпты тәмамдадым. Суретші болайын десем, ағам мал дәрігері бол деп «зооветке» оқуға жіберді.
1963 жыл. Алматыда екінші курста оқып жүрмін. Сабақтан шығып, Абай даңғылымен келе жатсам, Шәкен Айманов кино түсіріп жатыр екен. Бір әйел мені шақырып алып, массовкаға кіргізіп жіберді. Айманов өзі анадайда айғайлап тұр. Мені әрі-бері жүргізді. Түсіріп болған соң үш сом ақша берді. Сұрастырсам, «Перекресток» деген фильм екен. Содан әлгі әйел ертең сағат онда фотоларымды алып, «Қазақфильмге» келуімді өтінді. Бардым. Шәкең өзі сөйлесті. Содан хатшы қызға «не штатный актер» деп бекіт деді. Ол қыз мені пойыздың вагоны тұрған павильонға алып барды. Іле-шала соңымнан бұйра шашты, сырықтай бір жігіт кіріп келді де, «Асанәлі» деп қолын созды. Асанәлі Әшімовпен сол жерде таныстым, – деп әсерлі әңгімесін бастады.
– Сөйтіп жүргенде, Өзбекстанның Наманган қаласына әскерге аттандым. Үш жыл әскерде жүріп түсірген фотосуреттерім «Красная звезда» газетіне шықты. Елге келе сала «Шамшырақ» газетіне жұмысқа кірдім. Алдыңғы қатардағы жұмысшылардың фотосын «Коммунизм туына», «Социалистік Қазақстанға» шығарып жүрдім. Өнер ордасы Алматыға 1973 жылы көштім. Себебі аудандық партия комитетінің және «Шамшырақ», «Маяк» газеті ұжымының жолдамасымен журналистика факультетіне оқуға түстім. Бара сала жатпай-тұрмай еңбектендім. Бір күні театрдағы қойылымдарды түсіріп жүріп, Асанәлімен кездесіп қалдым. Қуанғанымызды-ай...
Иә, Асанәлі Әшімовпен әлі күнге дейін дос. Қалиғұмар ақсақал А.Әшімовтің театр мен кинода өткен әр сәтін қалт жібермей фотоға түсіріп, үлкен фотоальбом шығарған. «Өнердің ішіндегі ең ұзап кететіні – фото. Біз ойнаған рөлдер сол заманмен кетті. Ал фото қалды» деп Асанәлі Әшімов пікірін де білдіріпті. Рас, «бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген сол. Сондай-ақ Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсыновтардың өнер жолына арналған фотоальбомдардың да авторы Қалиқұмар Қабдешев. Көрмеде «Амангелді», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» сынды алтын қордағы фильмдерде ойнаған Серке Қожамқұловтың фотосы да көзге оттай басылған.
– Әлі есімде. 1979 жылы ағамен театрдың алдында кездесіп қалдық. «Әй сенбісің? Бүкпей айтшы осы, кеше қалай ойнадым?» деді. Елу сегізінші жылы алғаш театрға келгенімде сіз Еспенбеттің рөлін сомдап жүрдіңіз. Сол кездегі шеберлігіңізді қайталадыңыз деп ойымды ашық айттым. «Сөзің мірдің оғындай екен. Өнерің үстем, өмірің ұзақ болсын» деп батасын беріп, құшағына қысты да, білегіне ілген таяғын екі-үш рет айналдырып жүріп кетті. Соңғы көруім сол екен, желтоқсанның 31-де қайтыс болды, – деп терең күрсінді.
Қалиғұмар Қабдешев театр мен кино саласын ғана таспаға тартқан жоқ, еліміздегі саяси оқиғаларды да естелік етіп, тарих қатпарында қалдырған. Одақтың жанынан құрылған «көркемсурет фото студиясында» еңбек етіп жүрген кезде XXVI съезге тұңғыш қазақ фототілші болып қатысқан да осы кісі. Архивінде Дінмұхамед Қонаевтың қаншама фотосуреттері сақтаулы?!
– Мәскеуге, партияның XXVI съезіне бардық. Залда фото түсіруге ыңғайлы орын қарастырып тұрған едім, Дінмұхамед Ахметұлы келе жатыр. Таяп келіп «қазіргі түсірген суретің – сурет, ертең тарих» деп арқамнан қақты. Тағы бірде Алматыға әр республиканың бірінші хатшылары жиналды. Брежнев пен Қонаев 28-панфиловшылар саябағына гүл шоқтарын қойды. Дінмұхамед Ахметұлы қарапайым ғой. Алдыңғы қатарда обкомның хатшылары, кейінгі қатарда Бошай Кітапбаев тұрған. Димекең Кітапбаевпен арнайы амандасып, сөйлесті. Сонда Бошекеңнің беделін байқадым. Ал Қонаевты түсірген суреттерімнің көбі мемлекеттік мұрағатта жатыр, – деді Қалиғұмар ақсақал.
Фотокөрмеге еңбек адамдарының, айтулы тұлғалардың ақ-қара түсті портреттері және Марқа өңірін түсірген түрлі түсті фотолары жинақталыпты. Театрдан түсірген суреттері де бір төбе. Өз елінде дүркіретіп көрмесі өтіп жатқанға не жетсін?! Әйтпесе, қарияның көрмелері ерте кезде Үндістан, Цейлон, Мальдив, Болгария, Румыния, Чехославакия, Азия, Еуропа елдерінде өткен. Бұдан өзге де жетістіктері ұшан-теңіз. Оның бәрін тізіп қайтеміз?! Ең бастысы, Марқадан шыққан фотошежіреші Қалиғұмар Қабдешевтің арманы орындалды. Туған жерінде қос кітабының тұсауы кесілді, көрмесі өтті. Туған елі ардақтап арқасына шапан жапты, құрмет көрсетті.
– Туған жерім шығармашылығымды бағалап, құрмет көрсетіп жатыр. Сексеннен асқан мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Күршім ауданының мәдениет бөліміне, оның ішінде осынау іс шараны өткізуге ат салысқан Гүлмайра Әрінқызына, Гүлмира Айдарханқызына, Гүлбарам Амангелдіқызына және көрмені тамашалауға келген жерлестеріме алғыс айтамын, – деп шынайы ризашылығын білдірді Қалиғұмар Қабдешев.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы