• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2022

Жұртты қауесетке сенбеуге шақырды

122 рет
көрсетілді

Шілденің басында маусымның соңғы аптасымен салыстырғанда ковид жұқтырғандар саны Шымкент қаласында 3,6 есе өскен. Қалада жыл басынан бері 8 мыңға жуық адамнан коронавирус инфекциясы анықталыпты. Бір жасқа дейінгі 565 бала ауырған, 47 адам қайтыс болып, 500-ден астам науқас бүгінде ем алуда. Бұл жыл басынан бергі статис­ти­ка. Өткен тәуліктің өзінде 145 адамнан қауіпті инфекция анықталған.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың айтуынша, инфек­ция жұқтырғандар негізінен ашық симп­том­мен анықталып жатыр. Осыған байланысты қаланың бас санитары 6 түрлі топтағы адамдарға ревакциналау міндетті жүргізілетінін мәлімдеді. Оған медицина, әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі, күштік құрылымдар өкілдері және педагогтер мен 50 жастан асқан азаматтар кіреді.

Шілденің соңына дейін қаладағы 27 мыңнан астам адамды Pfizer екпесімен ревакциналау жоспарланып отыр. Дерттің өршіп келе жатқанына қарамастан, Шымкент бұрынғыдай карантинге жабылмайды. Коро­навирустың екі штаммы «Дельта» мен «Стелс-омикрон» таралуда, әсіресе екіншісін жұқтырып жатқан адам көп.

Әлеуметтік желілердегі белгісіз біреу­лер­дің қорғаныш костюмдерін киіп ауаға бөгде бір затты шашып жүргені бейнеленген түсірілім және сол арқылы індет таратылып жатқаны жөніндегі ақпарат мегаполис тұрғындарын үрейлендіріп отыр. Бас санитар мұның еш шындыққа жанас­пайтынын, вирус ауамен таралмайтынын мәлімдеп, жұртты қауесетке сенбеуге шақыруда.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,

«Egemen Qazaqstan»

 

ШЫМКЕНТ