• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Шілде, 2022

Бірлескеннен іс бітер

276 рет
көрсетілді

Мемлекет басшыларының басқосуы еркін форматта өтіп, ынтымақтастық пен бірліктің нышаны сезіліп-ақ тұрды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды мәселелерді көтеріп, Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын түйткілдердің түйінін бірлесе тарқатуға шақырды.

Атап айтсақ, өзара тауар айна­лымы жүйесі, сауда-саттықты арттырып, халықаралық маршрут­тарды тиімді пайдалануды ұсынды. Осы орайда Қазақстан тарапы Ақтау портын пайдалануға, соны­мен қатар Түрікменстан мен Иран арқылы Түркия нарығын байла­ныс­тыратын ең қысқа жол «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолын белсенді пайдалануға шақырды. Өзара тауар айналымын арттыру барысында шекарадағы өткізу бекеттеріндегі уақытты қысқарту үшін жеңілдіктердің қарастырылуы қажеттігін жеткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Орталық Азияға инвестиция тарту бойынша жақсы мысалдар келтіріп өтті. Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда біздің шетелден тікелей инвестиция тарту жөніндегі әлеуетімізді шамамен 170 миллиард доллар, соның ішінде шикізаттық емес секторға шамамен 70 миллиард доллар көлемінде болады деп болжап отыр. Инвестиция тарту бойынша бірлесе жұмыс істей отырып, Орталық Азия мемлекеттерінің дамуын ортақ шешу жолдары көрсетілді.

Жиында көтерілген ең өзекті түйткілдің бірі – мұздықтардың еруі мен су мәселесі. Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес біздің аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келеді. Мемлекет басшысы күш-жігерімізді жұмылдырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынды.

Қорыта айтсақ, бұл саммитте Орталық Азия мемлекеттерінің даму жоспары айқындала түсті. Ендігі жерде әр мәселені бірлесе шешу маңызды.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

саясаттанушы