«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысы әлі күнге жүйеленбей келеді. Жоспарланған 12 жобаның осы уақытқа дейін тек 3-і ғана жүзеге асқан. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Орталық пандемияға байланысты 2020 жылдан бері сауда-саттықты тоқтатқан. Ал жыл басынан бері көлік арқылы тек 1 мың тонна ғана жүк өткен. Жалпы, «Қорғас» ШЫХО жұмысын жандандыру бағытында инвестициялық жобаларды қолға алу көзделіп отыр. Оған қоса, «Қазпошта» АҚ аумағы 3 мың шаршы метрлік халықаралық пошта алмасу орнын салмақшы. Онда коммерциялық жүкті қабылдау, сұрыптау, сақтау, тиісті орынға дейін жеткізіп беру мәселесі толықтай қарастырылған.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бірегей құрғақ порт пен логистика және өңдеу өнеркәсібі жұмыс істеуде. Негізінен, құрғақ порттың жылдық қуаттылығы жоғары. Контейнер айналымын 540 мың ДФЭ-ге дейін жеткізуге қауқарлы. Мәселен, өткен 6 айдың ішінде 4,2 млрд теңгеден аса табыс тапқан.
Қазір арнайы экономикалық аймаққа инвестиция салуға ниет білдіргендер көп. Жобалардың жалпы құны 500 млрд теңге болатын 28 қатысушы тіркеліп, 18 жер учаскесін алды. Арасында кәсібін ілгерілетіп жатқандар да бар. Соның бірі – Elite baby production компаниясы.
Жуырда ғана іске қосылған кәсіпорын балаларға арналған жөргектер мен гигиеналық өнімдер шығара бастады. Ал «SSA Feed Mills» ЖШС жылына 60 мың тоннаға дейін құрамажем дайындауда. Жобаға 4,7 млрд теңге қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақта жүзеге асатын тың жобалар да таныстырылды.
Басшылықтың айтуынша, болашақта халықаралық өндірістік қала салу жоспарда бар. Онда 5 мың адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар 17 млрд теңгеге атлантикалық ақсерке өсіретін зауыт ашу көзделіп отыр. Нақтырақ айтқанда, аймақтың экономикалық әлеуеті зор. Тіпті жүк және жолаушы тасымалына арналған әуежай да қарастырылған. Бұл ретте, әкімдік жер мәселесін шешіп беруге ықпал етпек.
Темір жол арқылы жүк тасымалын «Алтынкөл» стансасы да қамтамасыз етуде. Жыл басынан бері Қытайдан 1 200-ге жуық жүк және жолаушылар пойызы келіп, көрші елге осынша көлемде пойыз өткен. Тәулігіне орташа есеппен мұнда 900-дей контейнер қабылданады. Стансадағы жүктер Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы елдеріне және Орталық Азияға жөнелтілуде.
«Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінде Президент тапсырмасына сәйкес, көліктерді электронды кезекке қою жүйесі қолға алынған. Соның нәтижесінде күніне бекет арқылы өтетін автокөлік саны 90-ға дейін өсті. Ең бастысы, осы әдіс арқылы саладағы барлық алыпсатарлық схема толығымен жойылды.
Жетісу облысы