• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 24 Шілде, 2022

Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президентін қабылдады

135 рет
көрсетілді

 

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Ислам даму банкінің басшысы Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД елдері ішінде Ислам даму банкімен серіктестік бағдарламасын бірінші болып әзірлеген ел екенін еске салды. Алматыда 25 жылдан астам уақыт бұрын орналасқан аймақтық кеңсе Шығыс Еуропа елдерінде, ТМД, Монғолия және Қытайда банк операцияларын үйлестіреді. Бұл Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы жоғары маңыздылық пен өзара сенімді қарым-қатынасты білдіреді.

«Біз Банктің Қазақстан экономикасына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Ислам даму банкі ынтымақтастық орнатқан жылдар ішінде еліміздегі экономиканың басым секторлары мен әлеуметтік жобаларға 1,6 миллиард доллардан астам инвестиция салды», деді Мемлекет басшысы.

Әл-Джассер Мемлекет басшысына Банктің инвестициялар саласындағы саясат және алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға  қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.