Тобыл-Торғай өңірінде коронавирус індетінің өсімі байқалады. Бұған қоса, Рудный қаласында мидың қабынуына әкеліп соғатын қауіпті менингит тіркелді.
Облыста індет жұқтырғандар осы аптаның басында ғана онға жетпей тұр еді, айналдырған екі-үш күннің ішінде науқастар саны жиырманың үстіне шығып кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың айтуынша, Қостанайдағы инфекциялық орталық қайта ашылды. Қазір емдеу мекемесінде он шақты адам жатыр. Мұның сыртында, ауыр науқастар жататын тағы 125 төсек дайын тұр.
Жұртшылықты соңғы апта ішінде індеттің таралу қарқынының үш есе өсіп кеткені, оған қоса ел ішінде сірлі менингиттің етек ала бастағаны алаңдатып отыр. Мәселен, маусым, шілде айларында өңірде бұл энтеровирустық инфекцияның ауыр түрімен 41 адам ауырып шығыпты. Науқастардың 80 пайызы – 14 жасқа дейінгі жас балалар. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, қауіпті вирус, әсіресе жаздың аптап ыстығында өршелене тарайды.
– Біз су құбырларынан, автоматтардан, субұрқақтар мен өзендерден су алып, талдау жүргіздік. Бәрі таза. Ешқандай инфекция қоздырғышын таба алмадық, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлім Досымова.
Қостанай облысы