Еліміздің күш құрылымдары арасында спорттың бес түрінен президенттік көпсайыс өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Ақтоты Боранова хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Қостанайда «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының ведомствоаралық спартакиадасы аясында республиканың барлық күштік құрылымдары қызметкерлері арасында спорттың бес түрінен президенттік көпсайыс өтті. Жарыста 100 және 3000 метрге жүгіру, 100 метрге жүзу, Макаров тапаншасынан ату және граната лақтыру бойынша күш сынасты», деді Ақтоты Боранова ведомствоның баспасөз қызметі алаңында.
Оның айтуынша, жарысқа барлық полиция департаменттері, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, қаржы мониторингі агенттігінің және ІІМ мамандандырылған күзет қызметінің 24 командасы қатысқан.
«Жарыс қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары арасында 1-орынды ІІМ командасы, 2-орынды Ұлттық ұлан, 3-орынды ҰҚК-нің шекара қызметі иеленді. Полиция департаменттері арасында жеке есепте 1-орынға елордалық полиция командасы, 2-орынға Қарағанды облысының, 3-орынға Маңғыстау облысының командасы шықты», деді ол.