• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2014

Тұрақтылықтың тұғыры – татулық

1799 рет
көрсетілді

Алматы Қазақстан халқының бірлігі күнін Алматы қаласы үлкен сән-салт­анат­пен атап өтті. Ауа райының көк­темгі жылылығы мен жайлылығы мере­ке­шіл халықтың көңіл-күйіне, қала алаң­дарын­дағы салтанатты шаралардың жоғары деңгейде атап өтілуіне зор ықпал етті. Қала төріндегі Республика сарайының алдында мерекелік концерт қойылып, онда қазақ эстрадасының жұлдыздары мен түрлі этномәдени бірлестіктердің шығармашыл топтары өнер көрсетті. Орталықтағы Абай алаңында этноқалашық ұйымдастырылып, қазақтың сап түзеген киіз үйлері елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің дастарқанымен келушілерді күтті. Әр ұлттық топтардың алаңқайларында тарихи, мәдени жетістіктер мен өнер туындылары көрмеге қойылды. Ұлттық асханалар қала қонақтары мен тұрғындарына тегін қызмет көрсетіп, ұлттық дәмін таратты. Қала бойынша этномәдени бір­лес­тіктердің ең көп шоғырланған Алмалы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан» атты жастар фестивалі, спорттық ойындар, көңілді кеш пен мәдени шаралар өтті. Қала ипподромында ат жарыс, қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойындар мен жеңілдетілген баға бойынша сауда жүргізген жәрмеңке болып, қазақтың тұрмыс-салт мәдениетіне арналған көрме ұйымдастырылды. Кешкісін қаланың орталық алаңында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт пен жастардың би кеші болды. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». Ақтау «Достық теңізі» деп аталатын Каспий жағалауында, әу баста іргетасын сан ұлттың өкілдері қалаған Ақтаудың бүгінгі тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін тойлады. Бірнеше күн бойына түрлі мәдени шаралар, байқаулар болып жалғасқан шара 1 мамыр күні байкерлер жол бастап, түрлі ұлт өкілдері топ бастаған шерумен арна тартты. Достық туын көтеріп, бірлік ұранын биік ұстаған шерушілерді аймақ басшысы А.Айдарбаев құттықтап, көп ұлтты Қазақстандағы татулықтың бүгінгі бейнесі тұрақты сақталып, сан ұлттан құралған отандастардың еліміздің дамуына өз үлестерін қоса беруіне тілектестігін білдірді. «Ынтымақ – достық кепілі» ұранымен өткен шеру теңіз жағалауындағы алаңда «Ынтымағы жарасқан киелі өлке» атты маңғыстаулық өнерпаздардың концертіне ұласты. Жылы ауа райында теңіз жағасынан табылуға онсыз да асық тұрғындар алаңға көп жиылды. Этномәдени бірлестіктер жасақтаған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі тамашаланып, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес, гір тасын көтеруден спорттық жарыстар, сондай-ақ, мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды. Күндіз кәрі-жасы аралас той тойлаған алаңда жастардың би кеші өтті. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе Мамырдың мамыражай шуағынан дәмелі ақтөбеліктерді таң алдында былғары бүркіп басталған жаңбыр да абыржыта алмады. Қайта жасыл желектер жасарып шыға келді десе де болғандай. Көшеден көктемнің иісі аңқиды. 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Ұлт достығы – басты қазынамыз» атты мәдени-көпшілік шаралары өтетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдени және демалыс саябағы әдеттегіден гөрі өзгеше түрге енгені көрініп тұрды. Қызылды-жасылды жалаушалар көмкерген саябақтың сәні мен салтанаты арта түскен. Себезгілеп жауын жауып тұрғанымен, саябаққа ағылған жұрттың алды ертерек жиналып қалыпты. Осында жиналған жұрттың жүзінен мерекелік көңіл-күй аңғарылады. Жағалай қойылған сөрелерде қолданбалы өнер туындыларының көрмесі қанатын жайған. Дүңгіршектерде сауда-саттық қызған. Келушілер ұлттық тағамдар көрмесінен дәм татуда. Саябақтың ортасында орналасқан сахнадан этномәдени бірлестіктер сазды әуен төгілтіп, күйді күмбірлетуде. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сахна төріне көтеріліп, ақтөбеліктерді мерекемен құттықтады. Осындай бірлігі мықты, татулығы тұғырлы, бақуатты елде тұрып жатқанымызды Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен байланыстырды. Одан кейін өңір басшысы 19 этномәдени бірлестікке ақшалай гранттар мен алғыс хаттар тапсырды. Ел тәуелсіздігін нығайтуға, мәдениетаралық келісімді дамытуға және жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бір топ этномәдени бірлестік мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, Құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Атырау Атырау жұртшылығы да, қонақтары да бұл мерекені тағатсыздана тосады. Өйткені, көп ұлтты Қазақстан жұртшылығын бір мүдде мен бір мақсатқа, бір болашаққа біріктірген бұл күні бірліктің тіні бұрынғыдан да беки түседі. Соның айқын дәлеліндей, атыраулық этномәдени бірлестіктер мүшелері Исатай-Махамбет алаңына жиналған жұртшылық алдында сап түзеп өтті. Шеруге өңір экономикасының әр саласын өркендетуге айшықты үлес қосып жүрген ірі кәсіпорындар да қатысты. Бұл күні ел еркіндігін аңсаған қос батыр ескерткіші орналасқан алаңда әр ұлттың тілінде әндер әуелеп, билері биленді. Қазақтың қасиетті қара домбырасынан әуезді күй күмбірледі. Ел бірлігі күнінің халықтық мерекеге айналғанына шетелдіктер қызыға қарайды. Мәселен, Атырауда жұмыс істейтін Ұлыбритания азаматы Марк Шеперд, АҚШ азаматы Рокки Брэннен Қазақстанға келгенге дейін әлемнің біраз елінде еңбек етіпті. «Әлемнің өзге елдерінен Қазақстандағыдай ұлттар арасындағы татулық пен достықты, ауызбірлікті көрген жоқпын. Әлемнің көптеген елдерінде әр ұлт өзінің салт-дәстүрін сақтап қалмақ түгілі ана тілдерін ұмытып жатыр. Осы ретте Қазақстандағы ұлтаралық татулықты әлем елдеріне өнеге ретінде көрсетуге әбден болады. Өйткені, бізді қазақстандықтардың мерекелерді нағыз халықтық үлгіде атап өтетіндігі қызықтырады. Мерекелік шаралардан халықтық салт-дәстүр мен түрлі өнер туындыларын тамашалап жүрміз», дейді қос шетелік азамат бір-бірімен таласа пікірін білдіріп. Атырау жұртшылығына ұсынылған «Мәңгі Елдің мәңгілік нышаны» атты театрландырылған көріністе тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір сан ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағы – Қазақстанға деген ізгі тілегі мен құрметі паш етілді. Дәл осы күні «Ақжайық – өнер мекенім» атты тура бір айға созылатын өнер фестивалі бастау алды. Фестивальде алғашқылардың қатарында этномәдени бірлестік өкілдері өнер көрсетті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Көкшетау Жасампаз халқымыздың жарқын мерекелері әдеттегідей Тәуелсіздік және Абылай хан алаңдарынан бастау алды. Биылғы Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамы «Мақсат бірлігі – рух бірлігі» достық фестивалінің көк туын көтеруімен есте қалды. Әсіресе, оның шымылдығы 300 жасөспірім қатысқан «Әлем – балалар көзімен» асфальт үстіндегі сурет көрмесімен ашылуы жұртшылықты айрықша толғанысқа бөледі. Мұнда қиял жетегіндегі, әйтсе де бір күні міндетті түрде бой көтеретін болашағымыз жүректерге нұр құйып тұрғандай еді. Тойшы қауым қос алаңды жалғастырып тұрған «Достық Арбатын» бойлай жүріп, 45 ұлт пен ұлыстың күшімен орнай қалған этноауылдың думанды ордасына араласып кетті. Мұндағы қызықты шараларды, көрмелер мен бай дастарқан мәзірін тізбелеп суреттеудің өзі оңайға түспейтіндей. Қазақ ауылында бүркіт ұшып, асық шиырылып жатса, орыс, татар, украин, чешен, белорус, өзбек бауырлардың қызу биіне өзіңіз де араласып кеткеніңізді байқамай қаласыз. Осындай айтулы күні қалың көпшілік татар жігіті Рүстем Сұлтанов пен орыс қызы Юлия Суслованың, украин Александр Турок пен қазақ бойжеткені Айжан Дарипованың некелесу рәсіміне құтты болсын айтты. Облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов пен Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев ақмолалықтарды бірлік пен татулық, достық мерекесімен құттықтады. Көпшілік думанына, шексіз репертуардағы концерттерге ұласқан жарқын мереке Көкшетау қаласының барлық шағын аудандарында, аудандар мен шалғай ауылдарда жалғасын тапты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген  Төлеген Қосшығұлов. Қарағанды Жалпыхалықтық мереке тұрғысында мерейі биік, қадірі қастерлі татулық ынтымақтың шуағын себуші күнді сан ұлт ұйысқан қарағандылықтар қашанғыдай үлкен қуанышпен қарсы алып, сән-салтанатқа бөленді.Тәуелсіздік ескерткіші алдында бас қосылып, гүл шоғы қойылып, мәдениет пен өнер ошақтарына, саябақтарға ағылған қалың жұрттың бел ортасында өңірдегі 74 этномәдени бірлестіктің өкілдері жол бастап, мейрамға арнаған өз шашуларын шашты. Молдавандардың дөңгеленген, чешендердің желпіністі биі, әзербайжандардың әуезді, корейлердің сыңғырлаған әні, татарлардың сырнайы, орыстардың балалайкасы, өзбектердің дутары, қазақтардың домбырасы, украиндардың бандурасы шаһарды неше түрлі әуенде жаңғыртты. «Біз – бір ел, бір халық», «Қоғам күші – бірлікте», «Біз – Қазақстан халқы» деген дауыстар бірлікті білдіріп, баршаның ортақ жүрек үнін жеткізді. Елбасының «Біздің байлығымыз – әр ұлттан болғандығымыз болса, күшіміз – бірлігімізде» деп айтқан сөзіне бүгіндегі шат-шадыман өміріміз куә. Тұтастық пен татулықты еліміз кемел келешегі тірегіне жарастырған мерейлі мақсатқа алғысымыз шексіз, деді Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталған «Вайнах чешен-ингуш» этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаевпен облыстық мәслихаттағы Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Раушан Досмағамбетова. Бұдан бөлек, облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өңірдегі 27 этномәдени бірлестікке ынтымақ пен азаматтық бейбітшілікті нығайтудағы белсенді қызметі үшін әрқайсына 700 мың теңгеден сыйлық табыс етті. Аймақтың барлық өңірлерінде жұрт қуанышын өсірген мерекеде бір Отанның шұғылалы аясына ұйысқан ұлттар бір-біріне деген достықты, бауырмалдықты паш етті. Барша қазақстандықтарды ортақ мақсатқа жұмған жұдырықтай біріктіретін қасиетті күн зор көңіл-күй өрлеуінде атап өтілді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қостанай Қостанайды мекендеген түрлі ұлттың түрленген мол дастарқаны да, әні мен биі де осында. Бақ-береке, тәңірдің жақсылығының бәрі ынтымағы, бірлігі жарасқан елдің соңынан еріп жүретінін мереке күнгі көрініс паш еткендей болды. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қостанайлықтар мен қала қонақтарын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады. «Қазақтың кең жері түрлі ұлт өкілдерінің құт мекеніне айналып отыр. Барлық қостанайлықтардың отбасына амандық, береке тілеймін. Достығымыз арта берсін!», деді Нұралы Мұстафаұлы. Орталық алаңда этномәдени бірлестіктер өкілдері әр ұлттың дәстүрін, салтын бейнелейтін көрмелер көрсетті. Ұлттық киімдер мен тұрмыстық заттарда халықтың ғасырлар тереңіне жетелейтін тарихы, тағдыры көрініс тапқандай. Көркемдігімен қатар, осындай пәлсапасымен де әр «үй» мерекеге жиналған жұртты өзіне шақырады. Белорустар «үйінің» маңдайшасына өз тілінде «Вяселая хата» деп жазып қойыпты. Ішінде кесте мен ағаш қабығынан өріп жасаған себеттер мен ыдыстардың, аяқ киімдердің түр-түрі көздің жауын алады. Корейлердің желпуіші, орыстардың кестесі мен ағаштан жасалған қуыршақтары, қырғыздардың айыр қалпағы, өзбектер мен тәжіктердің тақиясы, татарлардың сырнайы өзін айтпай танытады. Қала орталығындағы мереке ұрпақтар сабақтастығын, Қазақстан халқының тарихын да бейнеледі. «Алғашқы шатырларын тіккен тың игерушілер», «Киев» кеңшарының жұмысшылары», «Тың игерушілерге келген концерт», «Қазақ киноларының кейіпкерлері» секілді тақырыптарды көрсеткен ұжымдар қостанайлықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қызылорда Бірлік пен берекенің, шаттық пен мерекенің, ырыс пен ынтымақтың мейрамын қызылордалық жұртшылық зор ықыласпен қарсы алды. Ән мен би, сән мен салтанат, салт пен дәстүр қатар өріліп, халық достығының көрінісі айқын көрінді. Шат-шадыман жүздерге қарап жүрек жылыды. Бір-бірін қызу құттықтап жатқан ұлт пен ұлыстың өкілдерін көріп көз қуанды. Қазақстан халқының бірлігі күнінде ақмешіттік ағайын орталық алаңға жиналды. Аймақта өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің ұлттық билерін биледі. Әндерін айтты. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің мәдениеті мен өнерінен, кешегісі мен бүгінгі тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырды. Жұртшылықтың көз қуанышына айналған көрмені облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тамашалады. – Біздің халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымақ пен бірлік, достық пен татулық. Қазақстан – бекем бірлігі, тату тірлігі, ырысты ынтымағы жарасқан ел. Ауызбірлігіміз мықты болғанда ғана Қазақ елінің түпкі мұраты – Қуатты елге қол жеткізе аламыз. Бейбітшілік, тұрақтылық, азаматтық келісім орнаған Қазақстан, жасасын! Қуатты ел болу жолындағы Қазақстанның Тәуелсіздігі тұғырлы, ғұмыры мәңгі болсын,– деді Қырымбек Елеуұлы. Сонымен қатар, осы күні «Қызылорда – достық мекені» атты авто, вело шерулер өтті. Оларға спортшылар ғана емес, барша жұрт қатысты. Ал салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Оған Роза Рымбаева бастаған еліміздің өнер жұлдыздары қатысты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Орал Береке-бірліктің, тату тірліктің мызғымас нышанына айналған мереке Оралға көптен күтілген жылылықты да өзімен бірге ала келгендей болды. Бұған дейін тоң-теріс, томырық мінез танытып келген Табиғат-ана бұл күні көгілдір көктемге кезек берді. Содан да болар, татулық мерекесін тойлауға жиылған қауымның қарасы биылғы жылдағыдан көп. Әуелі театрландырылған көрініс қойылып, содан кейін қаладағы еңбек ұжымдарының, оқу орындарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, барлығы 26 мың адам Достық даңғылы бойымен шерулетіп өтті. Айта кету керек, былтыр шеруге шыққандардың саны 20 мыңнан аспаған болатын. Қолдарына береке-бірлікке үндейтін ұран, еліміздің көк байрағын ұстаған шерушілерді қала тұрғындары мен қонақтары да жылы шыраймен қарсы алып, қуаттап тұрды. Сондай-ақ, бұл күні жылдағы қалыптасқан дәстүрмен Орталық мәдениет және демалыс саябағында Жайық өңіріндегі этномәдени бірлестіктердің концерттік ұжымдары өз өнерлерін паш етті. «Бірлік мерекесімен шаһарымызға көптен күткен жылылық та келіп жетті. Осыған байланысты 1 Мамырдан бастап қаладағы он бір субұрқақтың тоғызын іске қостық. Қалған екеуі аздаған жөндеу жұмыстарынан кейін айдың аяғында іске қосылады. Жалпы, қаланы абаттандыру ісіне баса назар аударудамыз», деді бізге берген қысқаша сұхбатында қалалық «Жайық жарығы» кәсіпорнының директоры Нұр Төлеуғалиев. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Өскемен Қызылды-жасылды шар, көкпеңбек, аппақ маталарға жазылған нақыл сөздер, алқызыл шоқ гүлдер мен көк байрағымыздың үлкенді-кішілі үлгілерін ұстаған өскемендіктер таң арайымен қала көшелерін жайнатып жіберді. Бүкіл қаланы бірлік пен береке бесігіне бөлеп тұрған Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты мерекелік шеру болатын. Шығысқазақстандықтар биыл бірлік мерекесін ерекше атап өтті. 105 этнос өкілдері тұратын өңірдің ынтымағы мен татулығы бекем екенін айшықтай түскен мерекеде «Мен – Қазақстан патриотымын!» атты мерекелік шеру өтті. Шеруге қатысушылар санының көптігі соншалық, олардың алды Республика алаңына жеткен сәтте, соңы Жеңіс даңғылында енді қозғалып жатты. Мерекелік шеруге Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық үйінің мүшелері, қаладағы мектеп оқушылары белсене атсалысты. Әсіресе, №3, 10, 11, 12, 44 мектеп-гимназиялары және орта мектептердің мұғалімдері мен оқушылары оқуда ғана озат емес, қоғамдық өмірге де белсене қатысып келеді. Жасөспірім шерушілер сапын «Назарбаев зияткерлік» мектебі, «Үміт» балалар үйі және спорт мектептерінің оқушылары да толықтыра түсті. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен құрылымдар, өңірдегі белді кәсіпорындардың ұжымдары да аталған шеруге қатысты. Салтанатты шеру соңы этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары даярлаған мерекелік концертке ұласты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Павлодар Жалпы, облыстың ауыл, қала­ларында 24 сәуірден басталған концерттер, көрмелер, фестивальдар, әдеби кештер, кездесулердің тақырыптары түгелдей осы бүгінгі күні облыс орталығында өткен «Бір ел, бір болашақ, бір мүдде!» мерекелік бағдарламасымен жалғасты. Облыс орталығында орталық алаң қызылды-жасылды түске оранып, көктеммен бірге құлпырып тұр. Ауа райы да жылынып, көктен күн шуақ шашты. Мерейлі мереке мейірімі ел бірлігінің, татулығының жарқын көрінісін асқақтатқандай. Орталық алаңға қарай асыға, қуана ағылған халықтың достық, бірлік мерекесіне деген қалыптасқан шынайы патриоттық көзқарастарын байқайсыз. Қолдарында гүлдер, шарлар көтерген бала-шағасын, отбасын ерткен қала халқы ашық-жарқын қуанышта. Мереке қарсаңында облыстағы этномәдени бірлестіктерде елдік, бірлік бағытындағы атқарған қызметтері үшін арнайы гранттар берілді. Енді, міне, түрлі этномәдени бірлестіктер «Ынтымақ дастарқаны» деп аталатын ұлттық тағамдар фестивалін жасап, алаңға жиналған жұртшылықты қазақы дәстүр бойынша дәм ауыз тиюге шақырды. – Біз өмірімізге тыныштық сыйлаған қазақ халқына ризамыз. Қиын кезде бәрімізді бауырына бас­ты. Бірлікке жетер ештеңе жоқ. Көп біріксе, көкке де қол жетер деген осы! – дейді чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрайымы Мариям Байрамқұлова. Мереке соңы кешкілік Ертіс өзені жағалауында «Достық әндері» ойын-сауық думанына жалғасты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Валерий БУГАЕВ. Петропавл Жүздері жадыраңқы, әсем киінген, қолдарына қызылды-жасылды шар ұстаған балалары мен немерелерін жетелеген қала тұрғындары орталық алаңға жинала бастады. Басты мереке өтетін жер де ерекше безендірілген. Бір кезде екпінді әуен ойнап қоя беріп еді, «Есіл» мейрамханасы алдында қаз-қатар тұрған колонна алға қарай жылжи жөнелді. Керемет көрініс! Әрқайсысы «Мәңгілік Ел», «Жасыл ел», «Этно-мәдени бірлестіктер», «Қазақстан халқы Ассамблеясы» секілді символикалық атауларды иеленіп, бейбіт өмір тыныштығын, бірлік-достықты, бақытты да жазиралы шақты айшықтаған күйі көше бойлап жүріп кетті. Олардың соңынан көпшілік қауым ілесті. Қызылжар өңірінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан–достықтың береке тұғыры» атты әдеби-музыкалық композиция, мерекелік композиция осындай асқақ леппен, шаттықты көңілмен басталды. Салтанатты шараны облыс әкімі Самат Ескендіров ашып, петропавлдықтарға жақсы тұрмыс, екпінді еңбек тіледі. Қаланың әр жерінде орын тепкен алаңқайларда құлақ құрышын қандыратын әсем ән, күмбірлеген күй орындалып, шуақты мейрамның жалғасып жатқанын паш етті. Демалыс және мәдениет саябағында «Ардис» жас­тар орталығы ойын-сауық мерекесін ұйымдастырса, бүлдіршіндер асфальтқа әртүрлі суреттер салып, бір жағынан, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналушылар да көп болды. «Достық дастарқаны» шарасы аясында облыста тұратын түрлі этностардың ұлттық тағамдары ұсынылып, салт-дәстүрлері көрсетілді. Барлық шара мазмұндылығымен, қызықтылығымен есте қалды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Талғат Тәнібаев. Тараз Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері жаңаша сипатқа ие болды. Өйткені, бірлік пен ынтымақ, достық пен туысқандық бүгінде көпұлтты Қазақстанның қарқынды дамуының кепілі. Бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы жоқ. Айтулы мерекені жамбылдықтар көтеріңкі көңіл-күйде атап өтіп, Тараз қаласының «Достық» алаңында өткен мерекелік шерудің соңы ұлттық және спорттық ойындар, өнер майталмандарының концерті мен көпшілік серуенге ұласты. Ұлттар арасындағы бейбіт те берекелі өмір өңірдің демографиялық ахуалдың жақсаруына да оң ықпалын тигізіп отыр. Мерейлі мереке күні Жамбыл облысында 75 сәби дүние есігін ашты. Оның ішінде 5 отбасы егіз бала сүйіп, қуанышқа кенелді. Тарихы терең Әулиеата жерін бүгінде 80-нен астам ұлт пен ұлыс ортақ Отаным деп біледі. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Әулиеата жұртын береке бастауы болған бірлік мерекесімен құттықтап, ұлттар достығының нығая беруін тіледі. Әсіресе, түрлі ұлт өкілдерінің жұптаса билеп, түрлі-түсті ленталармен «Достық шаңырағын» кестелеуі қазақ даласындағы ынтымақты паш еткендей. Өнер әрбір ұлтты бір-біріне жақындастыратын, теңестіретін құдыретті күш қой. Сондықтан да мерекеде түрлі тілде айтылған әнді де, түрлі ұлттар билеген биді де ешкім жатырқаған жоқ. Қайта көптің көңілі достықтың арнасында тоғысты. Мереке кешкілік өнер жұлдыздарының концертіне ұласып, жас­тар өзара би жарыстырды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Талдықорған Қазақстан халқының бірлігі күні елімізде қалыптасқан дәстүр жалғасып, Жетісу жерінде де жалпыхалықтық мерекеге айналды. Ынтымағы жарасқан жәмиғаттың қуанышын Табиғат-ана да құп көріп, алтын күн нұрлы шуағын барынша төгіп тұрды. Ауада лүп еткен жел жоқ. Ел разы. Көңілдері хош. Талдықорғандағы орталық алаңда Алматы облысында тұратын 101 этнос өкілдерінен құралған өнерпаздар өнерінің тамашалығы сол – орталық алаңның бір бүйірінен бастап, спорт ойындары думандатса, фото әлемі, суретке түсіру рәсімі, «Жетісу – достық мекені» атты көркемсурет мектебі оқушыларының көрмесі, «Қазақстан – достықтың алтын бесігі» аясында ықшамдала тігіліп, ұлттық құндылықтарымен сықасқан әрі ас мәзірлері толтырылған дастарқандарын жайған этномәдени бірлестіктер үйлері, «Мәңгіліктің іргесі – достық пен бірлік» атты мерекелік көріністер ретімен тізіле өзіндік әдемі бір үйлесім тапты. Тағы бір айта кетер жайт – әр этнос өкілдерінің бүлдіршіндері өздеріне ғана жарасып, әрлендіріп жіберетін ұлттық киімдерін малынта киіп шығып, әсем әндерін әуелетіп, ғаламат билерін билегенде тамашалап тұрған халықтың пейілі мен ниетінен Елбасының «Бұл той тойлайтын емес, ой ойлайтын мереке» деген ұлағатын оқып, естідік. Әлбетте, бұл қуанарлық ұғым емес пе?! Салтанатты шарада Мемлекеттік Әнұран шырқалып, тыңдалған соң, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов дүйім жұрттың алдына шығып, құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік концертпен жалғасты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Шымкент Биылғы 1 Мамырға Оңтүстік өңірі алдын ала айрықша дайындалды. Текті төріңіз Түркістанда «Ырыс алды ─ ын­тымақ» қоғамдық форумы мен ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының бір­лес­кен үлкен жиыны «Тұрақтылық тұғы­ры ─ татулық» тақырыбында өтті. Шым­кентте этномәдени бірлестіктер жастар қанаттарының «Менің елім» атты достық фестивалі, түрлі байқаулар ұйым­дастырылды. Қазақстан халқының бірлігі күні облыс орталығындағы барлық саябақтар мен алаңдарда концерттер, қойылымдар, сейіл-серуендер таңертеңнен басталды. Әл-Фараби алаңы ерекше көркем күй­ге енген. Этномәдени бірлестіктердің тақырыптық көрмесін жұртшылық қызыға тамашалады. Облыстық театр алдында үш бөліктен тұратын «Мәңгілік Ел» бағаны зораяды. Алпыс жігіт шығып өнер көрсетті. Қуатты ел мақсатының тарихы баян етіліп, тоғыз бірдей «Алтын адам» арнайы композиция орындады. Театрландырылған тамаша кө­рі­ніс­терде Қазақ елінің бүкіл тарихы бей­неленді. Жібек жолы да, Ұлы көш те бар. Қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры да бар. Қазақтардың қонақжайлығы, мейірбандығы да бар. Тәуелсіздік тағылымы терең мазмұнда жеткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Елбасының көреген идеясы екені айқын көрініс тапты. Міне, Мәңгілік бағанның басында Мәңгілік Ел символы пайда болды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қуатты ел мұраты паш етілді. Шаңырақ көтеріліп, уықтар тартылды. Алаң толы жұртшылықты өңір басшысы Асқар Мырзахметов, түрік этномәдени бір­лес­тігінің төрағасы Латифша Асанов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті Диа­на Мерсиева құттықтады. Этномәдени бір­лестіктер төрағаларына облыс әкімінің гранттары тапсырылды. Мерекелік концерт қойылымы да ерекше қызықты, мән-мәністі болды. Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан».