«Diplomatic World» («Дипломатия әлемі») – дүниенің дипломатиялық астанасы саналатын Брюссель қаласында француз және ағылшын тілдерінде 20 мыңнан астам таралыммен шығатын, электронды нұсқасы бүкіл жер жүзіне тарайтын халықаралық бизнес-журнал. Басылым бетінде Қазақстанға қатысты материалдар да жарияланып тұрады. Мысалы, өткен жылы журнал біздің еліміздің Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес COVID-19 вирусына қарсы өз вакцинасын шығара бастағанын және биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында жасалған вакцинаның Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымында тіркелгенін разылықпен жазды. Таяуда бұл беделді басылым Қазақстан жайында тағы бір салмақты мақала жарияланды. Белгілі бельгиялық сарапшы Альберто Туркстраның талдамасында Қазақстанның сын сағатта сыр бермегені, қаңтар қасіретінен кейін елдің көпвекторлы сыртқы саясатының әлеуеті таусылады деген болжамдардың теріске шыққаны, Еуроодақпен екіжақты сауда көлемін анағұрлым арттырып, пандемияға дейінгі деңгейге жақындатқаны, көмірсутек шикізатын тасымалдаудың жаңа жолдарын іздестіріп жатқаны жан-жақты бағаланады, «Арада небәрі жарты жыл өтсе де, біз 2022 жыл жаңа, орнықты Қазақстанның дүниеге келген жылына айналады деп сеніммен айта аламыз» деген байыпты қорытынды жасалады. Елдікті еңселену жолындағы іргелі ізденістеріміз жайында жазылған мақаланы жарияланымға бастамашылық жасаған белгілі публицист Сауытбек Абдрахмановтың аудармасымен «Egemen Qazaqstan» оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.
Пандемияға байланысты жеткізілімдер тізбегінде іркілістер бой көрсетуінің, Украинадағы қақтығыстың салдарлары (экономикалық өсімнің бәсеңдеуі, инфляция, басқа да проблемалар); әлемдік энергетика нарығындағы тұрақсыздық және ішкі толқулар... Бұлар Қазақстан биыл бетпе-бет келген, ел үшін жағдайға сай өзгеріп шыға келетін лакмус қағазындай болған сын-қатерлердің толық тізімі емес, олардың біразы жаһандық дағдарыстың зардаптары, біразының тұрмыстық сипаттағы себептері бар.
Бір ақылды адам «Әр қиындықтың ар жағында мүмкіндік тұрады» деген екен. Қазақстан жағдайында дәл осылай болып шықты. Сөз басында айтылған сан қырлы дағдарыстар қазақстандық мемлекеттің легитимдігін, қазақстандық қоғамның орнықтылығын және қазақстандық экономиканың көрсеткіштерін жоғары көтеріп берген бірқатар кең ауқымды реформаға жол ашты.
Қаңтардағы тәртіпсіздіктер талдамашылардың көпшілігі үшін, тіпті Орталық Азияға ауық-ауық қана қарап қоятындар үшін де күтпеген жағдай болды. Тәуелсіз мемлекет ретінде жүріп өткен жолының отыз жылы ішінде тұрақтылықтың шамшырағындай бола алған Қазақстан қатал қарсылықтан қатты күйзелді, қарсылық көрсету барысында 200-ден астам адам қаза тапты, мыңдаған адам жарақат алды және мемлекеттік меншікке, әсіресе Алматы бизнесіне елеулі зақым келтірілді. Қазақстанның батыс бетінде жұртшылықтың сығымдалған мұнай-газына бағаны көтеру сияқты ақтап аларлық және заңды әлеуметтік-экономикалық көңіл толмаушылығынан басталған бейбіт наразылық басқа да қалаларға таралды, сөйтіп, билікті күшпен басып алу және қазақстандық конституциялық құрылысты қирату мақсатына пайдаланылды.
Қазақстан билігі қаңтардың ортасына қарай жедел түрде құқық тәртібін қалпына келтірумен шектеліп қалған жоқ. Дағдарыстың ұзаққа созылып кету тәуекелімен бетпе-бет келген қазақстандық үкімет белгілі бір дәрежеде қарсылықтарға қозғау салған және елдің үлкен әлеуетін тежеп тұрған наразылыққа: елдің аса үлкен байлығына қарамастан сақталып отырған теңсіздікке және азаматтардың саяси процестерді қалыптастыруға белсенді қатысу талабына тиісінше үн қатты. Осының нәтижесінде, Президенттің 16 наурыздағы тарихи сөзінде жария етілген ұзақ мерзімді экономикалық және саяси реформаларға, сондай-ақ маусым айында бүкілхалықтық референдумға шығарылып, сайлаушылардың төрттен үш бөлігінен астамын құрайтын басым көпшілік мақұлдаған конституциялық реформаларға (олар Конституциядағы баптардың үштен бір бөлігін қамтитын) қол жетті.
Біріншіден, Қазақстанда жүріп жатқан құрылымдық экономикалық түрлендірулер өзімен бірге экономикадағы монополиясыздандыру және олигархиясыздандыру процесін; жұртшылықтың анағұрлым осал топтарын әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың сенімді жүйесі жасалған экономика құруды; сондай-ақ ОЭСР-дің пікірі бойынша «кез келген табысты экономика мен топтасқан қоғамды сынаққа салатындай маңызды» болып табылатын өркендеуші орта тап қалыптастыруды ілестіріп ала келеді. Отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ашу мақсатымен 700-ден астам мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру басталды. Маусымда қолдау тапқан елдің жаңа инвестициялық тұжырымдамасы постиндустриялық дәуірге өтуге көмектесуге тиіс, ол дәуірде экономикалық өсу минералдық ресурстарға ғана қарап қалмайтын, инновациялық технологиялар мен қосылған құны жоғары қызметтерге көбірек қатысты болады.
Екіншіден, саяси жүйені жергілікті деңгейге дейін қамтып, бірте-бірте демократияландыру жолымен жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру мақсат етіледі. Ауқымды орталықсыздандыру мемлекеттік мекемелердің жұмысындағы жедеғабылдықты және есеп берушілікті арттырады, сондай-ақ мемлекеттік шығындарды жергілікті басымдықтармен әлдеқайда жақсы үйлестіреді.
Жаңа Қазақстанда биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот жүйелері арасындағы өкілеттіктердің әлдеқайда ашық және айқын бөлінісі орнаған. Басты міндеттердің бірі ретінде сыртқы қысымнан және биліктің басқы тармақтары тарапынан заңсыз араласудан дербес әрекет ете алатын, әділ және тәуелсіз сот жүйесін құру белгіленіп отыр.
Осы мақсатпен атқарушы биліктің араласуына жиі түскен институт ретінде қазіргі Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық сот тағайындалды. Келесі жылдан бастап әрбір қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы болады.
Атқару билігіне парламенттік бақылау мен қадағалауды күшейту осымен қатарласа жүргізіледі. Бұл мақсатпен қазақстандық парламенттің, мысалы, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау саласындағы өкілеттігі кеңейтілді.
Парламенттің төменгі палатасындағы жасанды квоталар жойылып, барлық орын ашық таласқа түсіріледі, мұның өзі Қазақстан парламентін ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құжатының қағидаттарына сәйкес келтіреді, ал онда «барлық орын, ұлттық заң шығару органының кем қойғанда бір палатасындағы орындар халықтық дауыс берудің толық ауқымында тікелей дауыс берумен сайлануға тиіс» деп көрсетілген.
Бұл өзгерістер маңызды, өйткені, заң шығарушы биліктің қоғамның саяси институттары құрылымындағы рөлі мен орны, оның күнбе-күнгі саяси шешімдерді қабылдауға нақты ықпалы елдің саяси жаңғырту жолымен даму деңгейін көрсететін жақсы өлшемге айналады.
Экономикалық және саяси реформалар қатарласып, бірақ әртүрлі жылдамдықпен жүргізіліп келеді. Тәуелсіздіктің бастапқы белесінде Қазақстанның жаңа қол жеткен мемлекеттілігін бекемдей түсуі үшін пайдалы болған «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген бұрынғы модель әбден әлеуетін тауысып, тозып бітті. Президент Қ.Тоқаев экономикалық одан әрі дамуға бірте-бірте жүргізілетін саяси жаңғырусыз қол жетпейді деп санайды. Алайда бұл арада бірте-бірте жүргізу дегенге мән беру маңызды, өйткені бүкіл әлемдегі мысалдар (айталық, түрлі түсті революциялар, «араб көктемі» және т.б.) жарылысқа жеткізу қаупі бар және жүйесіз саяси ырықтандыру тұрақсыздыққа және мемлекеттің үзік-үзік күйге түсуіне әкеліп соқтыруы мүмкін екенін танытып отыр.
Сыртқы саясат саласында кейбір талдамашылар Қазақстан аумағына ҰҚШҰ әскерлерінің кіруіне байланысты қазақстандық көпвекторлы сыртқы саясаттың күні бітуге таяу дегендей күн ілгері тұжырым жасап қойған болатын. Уақыт Қазақстанның өзінің стратегиялық автономиясының және тәуелсіз, көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі қағидаттарынан бас тартпай-ақ, дағдарысты еңсере білгенін көрсетіп берді. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруінің алғашқы жылдарындағы қажеттіліктен туған көпвекторлылық стратегиясы Қазақстанға аса ірі әлемдік державалармен бірдей қашықтықтағы қарым-қатынаста келіссөздер жүргізуге мүмкіндік беру, сондай-ақ дағдарыстарды ойдағыдай еңсеру және жаңа жағдайлар мен геосаяси нақты ахуалға бейімделу үшін дамытуда.
Сондай «векторлардың» бірі – Еуроодақ. Қазақстан бағзы заманнан сауда, инфрақұрылым және энергетика тұрғысынан Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан маңызды жол торабы болып келген. Қазіргі замандағы геосаяси нақты ахуалда бұл рөл жаңа мағына иеленуде.
Бүгінде ЕО Қазақстанның аса ірі инвесторы және сауда әріптесі, сондай-ақ инвестицияның басқы көзі болып табылады. Қазірге дейін Қазақстанға құйылған 370 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияның 160 миллиард доллары ЕО-ға мүше мемлекеттерден түскен. Қазақстан сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азиядағы белді сауда әріптесі, екіжақты сауданың жылдық көлемі 2021 жылы 23 миллиард АҚШ долларына жетті, мұның өзі пандемияға дейінгі деңгейге өте жақын келеді.
Соңғы онжылдықтар ішіндегі ең жаман энергетикалық дағдарыспен бетпе-бет келген, оның үстіне ұзаққа шабатын экологиялық өршіл жобалары бар ЕО энергетикалық қауіпсіздіктің қысқа мерзімді мақсаттарына қол жеткізуде проблемаларға тап болды. Бұл жолда Еуроодақ Қазақстаннан сенімді әріптес тапты. Қазақстан дәлелденген мұнай қорының көлемі бойынша әлемдегі 12-ші орын алатын, ЕО-ның жеткізілім бағыттарын әртараптандыруға ұмтылысында маңызды рөл атқаратын ел ғана емес, сонымен бірге уранның аса ірі өндірушісі де. Француз лидері Эммануэль Макронның айтуына қарағанда, мұның шешуші мәні бар, өйткені атом саласы өзінше бір қайта өрлеуді бастан кешіп жатыр. 2050 жылға қарай ЕО-ға мүше мемлекеттердің кейбірінде ядролық энергетика көмірсутек бейтараптығына апаратын қозғалыстың арқауына айналады.
Шынында да, ынтымақтастықтың барынша перспективалы бағытының бірі «жасыл» экономикаға және көміртегі бейтараптығына өту, екі жақ та бұған ғасырдың ортасына таман (ЕО 2050 жылға қарай, Қазақстан одан он шақты жылдан кейін) қол жеткізуге ұмтылып отыр. 2040 жылдан бастап Қазақстан төмен көміртекті технологияның көміртегін сүзгіден өткізу және сақтау түрлерін белсенді пайдалануды, қалпына келетін энергия көздерінің үлесін 2060 жылға қарай 83%-ға дейін көбейтуді және 2050 жылдан кейін жылуды көмір генерациясы есебінен алуды тоқтатуды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай Қазақстан қалпына келетін қуат көздерінің үлесін 24%-ға дейін (бұрын жоспарланған 10%-дың орнына) көбейтеді, сол жылға қарай көмір генерациясының үлесін қазіргі 69%-дың орнына 40%-ға дейін төмендетеді. Мұның өзі ұзақ уақыт бойы шикізатқа қарап келген экономика үшін өте өршіл жоба. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптыққа жету үшін қомақты инвестициялар және «жасыл» технологияларды, инновацияларды кеңінен қолдану керек, бұл істе еуропалық компаниялардың тәжірибесі үлкен. Биыл Италияның «Eni» энергетикалық алыбы Ақтөбе облысында өзінің екінші жел паркін («Бадамша-2») ашты, ал қалпына келетін энергия бойынша Svevind Energy неміс-швед консорциумы қазақстандық «Казах Инвест» ұлттық компаниясымен жасыл сутекті дамыту үшін өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Солтүстік дәліздің жұмысындағы іркілістер жалғасып жатқан қазіргі жағдайда Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара қатынастардың күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе сауда және логистикалық жолдардың кідіріссіздігін қамтамасыз ету және жеткізілімдер мен сауда жолдарының тізбесін әртараптандыру болып табылады. Қазақстан көптеген жылдан бері сенімді, тиімді және қауіпсіз транзиттік инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның аумағымен 11 халықаралық транзит дәлізі жосылып жатыр. Сондықтан Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз деген осы) өткізу мүмкіндігін молайтуға және оның көлік логистикасының жаһандық жүйесіндегі рөлін нығайтуға Қазақстан да, ЕО-да стратегиялық тұрғыдан мүдделі. Maersk және Nurminen Logistics сияқты көптеген халықаралық жүк компаниясы қазірдің өзінде сол дәлізбен Азиядан Еуропаға Қазақстан және Каспий теңізі арқылы жүк тасудың интермодальдық қызметін қосып та үлгерді. Каспий теңізі жағалауында орналасқан Ақтау және Құрық теңіз порттарынан тасылатын жүк көлемін көбейту Еуропа елдеріне жүкті кідіріссіз тасымалдауды қамтамасыз етеді. Осыған дейін қазақстандық порттар толық қуатымен жұмыс істемей келгендіктен, бұл маршруттың әлеуеті үлкен, ол қосымша жүкті қиналмай таси алады.
Қорытынды
Қазақстан мемлекеті, қоғамы мен экономикасы күрделі де көпдеңгейлі экзогенді және эндогенді дағдарыстармен, әлемдік нарықтағы жоғары құбылмалылықпен және тез алмасып отыратын геосаяси ағымдармен бетпе-бет келгенде тамаша орнықтылық танытты.
2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда ел тарихындағы ең ірі наразылық болып өтті. Қоғамдық көңілтолмаушылықты сергек сезінген қазақ мемлекетінің алдында (жалпылама алғанда) екі жол тұрды: сабақтастықты жалғастырып, жұмысты кәдуілгідей жүргізе беру немесе түпкілікті өзгеріс жасау. Алғашқы жол ұзақ, созылыңқы дағдарысқа алып келер еді де, оның салдары Қазақстаннан тыс талай жерге әсер етер еді. Түпкілікті себептерді жойып және анағұрлым инклюзивті экономика мен саяси жүйе құрып, Қазақстан екінші жолды таңдады, осы арқылы Жаңа Қазақстанды құруға арна ашты.
Арада небәрі жарты жыл өтсе де, біз 2022 жыл жаңа, орнықты Қазақстанның дүниеге келген жылына айналады деп сеніммен айта аламыз.
Альберто ТУРКСТРА