• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Шілде, 2022

Ливиядағы толқу алаңдатады

261 рет
көрсетілді

Ливиядағы ахуал әлемді алаңдатып отыр. Араб мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы Ахмед Әбу Гайт оңдағы қақтығыстар аймақ елдері үшін алаңдаушылық туғызатынын атап өтті.

Араб мемлекеттері Лигасының ресми Facebook парақшасынан Әбу Гайт Ливиядағы соңғы күндері болған қақтығыстарға қатысты жазбаша мәлімдеме жасады. Бас хатшы Әбу Гайт Ливияның Триполи және Мисрата қалаларында қарулы қақтығыс кезінде адам шығыны мен жарақат алғандардың бар екеніне тоқталып, «Ливиялықтардың қайтадан қолға қару алуы алаңдатарлық жағдай» екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен бейсенбіде Ливияның батыс бөлігінде үстемдікке ие «Әр-Рада» және «Триполи революционерлер тобы» деп аталатын екі қарулы тарап арасындағы қақтығыс басталған. Сонымен қатар екі топ арасына араша түсу мақсатымен «444 бригадасы» да атыс аймағына өз күштерін орналастырды. Соңғы деректер бойынша қақтығыс салдарынан 16 адам қаза тауып, 52 адам жарақат алған. Қақтығыс кезінде Триполидің Айн Зара аймағына 2020 жылдан бері алғаш рет зымыран құлады. Қарулы қақтығыс уақытында астананың жалғыз жұмыс істейтін әуежайы Митига бірнеше сағатқа жабылып, сол күні кешқұрым қайта ашылды.

Жанжалдан кейін уақытша үкіметтің премьер-министрі Абдель Хамид Дбейбаның үкіметі ішкі істер министрі Халед Мазенді қызметінен босатып, оның орнына уақытша аймақтық әкімшілік министрі Бадер Эддин әл-Тумиді тағайындады.

Араб мемлекеттері Лигасының бас хатшысы Әбу Гайт Ливия билігіне елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды жүзеге асыру керегін атап өтті. Сондай-ақ Араб Лигасының баспасөз хатшысы Джамал Рушди Ливияның саяси қайраткерлерін елдегі тұрақтылықты қалпына келтірудің маңызды бөлігі ретінде мемлекеттік мекемелерді, ең алдымен, әскери және қауіпсіздік мекемелерін бір билік аясына жинақтау жауапкершілігін өз мойнына алуға шақырды.

АҚШ-тың Триполидегі елшісі және Ливиядағы арнайы өкілі Ричард Б. Норланд елдегі ахуалға байланысты жергілікті үкімет мүшелерімен телефон арқылы сөйлескен. Атап айтқанда, Ұлттық бірлік үкіметінің премьер-министрі Абдель Хамид Дибейбе мен Тобруктағы Өкілдер палатасының премьер-министрі болып тағайындалған Фетхи Башаганы зорлық-зомбылықтан аулақ болуға шақырған. Елде тыныштық орнату ісіне араласуға дайын екенін білдірді, деп жазады АҚШ-тың Триполидегі елшілігінің Twitter аккаунты.

«Бүгін кешке Дибейбе және Башагамен телефон арқылы сөйлесіп, екі тараптың елдегі соңғы қайғылы оқиғадан кейін тыныштықты сақтауға және зорлық-зомбылықтан аулақ болуға бел буғанын естігенде қуандым», деп жазды Р.Норланд туиттердегі парақшасында. Сонымен қатар Норланд өз сөзінде «Туындаған мәселені тек сайлау арқылы шешуге болады» деп қысқамерзімде сайлау ұйымдастыру үшін нақты шара қабылдаудың қажетін атап өтті.

Жалпы, Ливияда 2011 жылғы революциядан кейін, жергілікті наразы топ НАТО-ның қолдауымен Муаммар Каддафиден билікті тартып алған еді. Оның өлімінен кейін ішкі топтар арасындағы өзара қарулы күрес бүгінге дейін жалғасып келеді. Екі премьер-министрдің билікке таласу әрекеті Ливияда бірнеше айдан бері шиеленіске себеп болып тұр. Маусым айында да ел астанасында Сук Сулеса аймағында «Наваси бригадасы» мен «Тұрақтылықты қолдау бөлімшесі» арасында қақтығыстар басталып, дүрбелең жағдай болған еді.

Шығыстағы әскери қолбасшы Халифа Хафтардың Триполиді күшпен басып алу әрекетіне екі жыл толды. Сарапшылар енді елде жаңа үлкен қақтығыс туындауы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

 

Мәдина АМАНБЕКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»