Бірі мыңдаған гектар жерді қоршап алып, өзі де пайдаланбайды, өзге біреуге де бермейді. Енді бірі болса, шабындық пен табындық жер таппай сандалып жүр.
Облыс орталығының іргесіндегі аудандарды айтпағанда, шалғайдағы шекара шебін жайлап отырған ауылдардың да проблемасы – жайылым мен шабындық. Шынында, қордаланған мәселенің шешімін табу қиын. Жерді 49 жылға дейін жалға алған ірі шаруашылықтар мен алпауыт жер иелері жеріне мал кіргізбек түгілі, маңайынан тышқан жорытпайды. Сонда қойын құрттап, айранын ұрттап отырған қарапайым халық қайтіп күн көрмек?!
Өңірде иесіз қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Алайда жүргізіліп жатқан жұмыстардан нәтиже бар ма?
– 2021 жылы Мемлекет басшысы қараусыз қалған жерлерді қайтаруға қатысты тапсырма берді. Жергiлiктi әкiмдiктер бос жатқан жерлердiң тiзiмiн жасады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бұрын пайдаланылмай келген 1 млн гектардан астам жер анықталды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда мал жаюға қажетті жер көлемі 146 мың гектарды құрайды, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.
Надежда Михейлистің айтуынша, бүгінде Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан аудандарында және Өскемен қаласында жайылымдық жер тапшылығы ерекше сезілуде. Ал пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару процедурасына бір жылға жуық уақыт кететін көрінеді.
Аталған мәселе облыс әкімдігінің де тұрақты бақылауында тұр. Өңір басшылығының берген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың жартысына дейін бұрынғы облыстың жер көлемімен есептегенде, бізге былтыр 1 млн 607 мың гектар жайылымдық жер жетпеген болатын. Сол уақыттан бері пайдаланусыз бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне алу, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы қоры жерлерінің есебінен жайылымды кеңейту жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Нәтиже бар. Ал облыс екіге бөлінген соң, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағында 55 мың гектар жайылымдық жер жетіспеуде. Оны шешудің жолы оңай. 45,5 мың га жер пайдаланылмай жатқан жерлердің есебінен жабылады. Ал қалған он мың гектардың мәселесін ауыл маңындағы жерлерді жайылымдыққа беру, орман қоры аумағынан жер бөлу арқылы күнделікті жұмыс барысында шешуге болады.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жайылымдық жер мәселесін облыста жылдың соңына дейін түбегейлі шешетінін айтқан. Мұны уақыт көрсетеді. Өңірде күрмеуі шешілмей уәде күйінде қалған проблема көп. Десе де, жақсылыққа үміт артайық.
– Жұрт бүгінде жаппай жайылымдық жер іздей бастады. Бұрын бұл мәселе мүлде көтерілмейтін. Себебі ел ертеңін, болашағын ойлай бастады, сол үшін мал басын жаппай көбейте түсуде. Бүгінгі жайылымдық оған он жылдан кейін де керек. Осылайша, балама, немереме мұра етіп қалдырып кетсем дейді. Мал басы көбейген соң, жайылымдық жер мәселесінің туындауы да заңдылық, – деді облыс әкімі брифингте.
Әлбетте, халық мал басы көбейген соң жер іздейді. Әсіресе шекара шебінде жатқан ауыл халқының малдан басқа айналысар кәсібі жоқ. Ауылдық жерде екі қолға бір күрек табу қиынның қиыны. Жан бағу үшін мал асырайды. Облыс әкімінің айтқан сөзі айнымай келсе, келер жылы тұрғындар жерден тарықпайтын болады.
Шығыс Қазақстан облысы