• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2022

Балаларды оңалту мекемесіне материалдық көмек қажет

160 рет
көрсетілді

Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Қор жыл соңына дейін қалалық перинаталдық орталыққа, №1 ауруханаға, қалалық перзентханаға және балалар клиникалық ауруханасына офтольмологиялық скрининг жүргізетін медициналық аппараттар сатып әперетін болды.

Қор басшысының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, осы күнге дейін қазақстандықтардан 40 мың өтініш келіп түсіпті. Оның 30 пайызы – халықтың жеке сұраныстары. Яғни азаматтар сайт арқылы хабарласып, азық-түлік себетімен тұрақты қамтамасыз етіп тұруды, несиесін жабуды, баспана салып беруді сұрап өтініш қалдырған. Қор басшысының орынбасары қоғамдық қайырымдылық ұйымы ондай жеке өтініштермен айналыспайтынын жеткізді. Еліміздің басты қайырымдылық қорының өкілімен кездесуде Шымкенттің үкіметтік емес ұйым өкілдері ұсыныстарын білдіріп, бірқатар бағытта көмек сұрады. Мыса­лы, аутизммен ауыратын балаларды оңалту мекемесіне материалдық кө­мек қажеттігі айтылды. Қазіргі таң­да Шымкентте мыңнан астам бала аутизммен ауырады. Өкінішке қарай, олардың саны жылдан-жылға өсіп барады. Ал қалада аутизм синдромына шалдыққан балаларға оңалту қыз­метін көрсететін орталықтар сұра­ныс­тың аз ғана бөлігін қамтып отыр. Қо­ғамдық бірлестік өкілдерінің айтуына қарағанда, мұндай балалармен айналысатын ұйымдар қалада өте аз, екіншіден, әкімдік нақты ешқандай іс-әрекет жасап жатқан жоқ. Бар ауыртпалықты ата-аналардың өздері көте­руге мәжбүр. Сосын 18 жастан асқан мүгедектігі бар балаларды оңал­ту мекемелерінен Шымкентте жеке­меншік біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігі шектеулі бала 18-ге толған соң бар тағдыры өзіне тапсырылады немесе әке-шешесінің иығына түседі. Сондықтан үкіметтік емес ұйым өкіл­дері осындай орталықтардың көбі­рек ашылуына көмек қолын созса деген тілегін жеткізді. ЭКО – жасанды ұрықтандыруға қатысты да қор­дан көмек сұралды. Статистикаға сүйен­сек, Шымкентте ЭКО қажет ететін 400 әйелдің 30-ына ғана балалы болу бұйырыпты. Сонда небәрі 9-ақ па­йыз ке­ліншек квота бойынша жасанды жол­мен бала көтерген.

Тамыз айында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен үкіметтік емес ұйымдар арасында үлкен жиын өтеді. Қыркүйек айында қорға байланыс­ты ауқымды жиын, яғни конферен­ция ұйымдастырылмақ. Соның нәти­жесіне қарай қайырымдылық ұйым­ның жаңа жұмыс істеу ережесі мен тұжы­рымдамасы бекітіледі. Кон­фе­рен­­цияның негізгі міндеті – ұлт­тық қайы­рымдылықты дамыту мәселелері бо­йынша мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасында диалог алаңын құру, тәжірибе, ақпарат және идеялар алмасу. Инновациялық әдістерді зерттеу және талқылау, ашылмаған мәселелерді және прогрессивті шешімдерді іздеу, қа­йырымдылық саласында бола­шақ­қа ортақ міндеттер қою да конфе­рен­ция­ның басты тақырыбына айнал­мақ.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,

«Egemen Qazaqstan»

 

ШЫМКЕНТ