Әділбек Баймұқанбетов есімі күршімдіктерге жақсы таныс. Қол күресі мен гір спортынан әлем, Азия, Қазақстан чемпионаттарында топ жарған саңлақтарды баптаған Әділбек Өмірбекұлы қазір кемел шағында.
Мына бір деректерге көз салыңызшы. Спорт саласында қызмет еткен 40 жылында оннан астам жасты әлем, осыншасын Азия чемпионаттарында жүлдегер еткен бапкер жайлы қалай айтсақ та жарасады. Оның сыртында гір спортынан оннан астам саңлақты ел чемпионы қатарына қосқан.
Жас кезінде Әдекең еркін күреспен шұғылданып, спорт шеберлігінен үміткер атанды. Өз салмағында ел біріншілігінде сан мәрте жүлде терді. Ермак қаласындағы дене тәрбиесі техникумында оқып жүрген кезінде Павлодар облысының намысын қорғады. Елге оралған соң аудандағы кәсіптік-техникалық училищеге дене тәрбиесінің оқытушысы болып орналасты. Бұл 1982 жыл болатын. Демек осыдан 40 жыл бұрын.
Алдымен аз-кем гір спорты жайлы әңгіме қозғайық. Алғаш келген кезде гір спортын менсінбегендер кездесті. 16, 24, 32 килолық гір тасын екі қолымен алма-кезек көтерген кезде балалардың қызығушылығы байқалды. Албырт жастардың біразы ауыр жаттығуларға шыдай алмай, үйірмені тастап та кетті. Ал табанды, қайсар жастар шыдады. Әділхан Нұрғазин деген шәкірті облыстық спартакиаданың 11 дүркін чемпионы атанды. Ол-ол ма, әлем чемпионатында топ жарған кезде ең бірінші бапкерін құшақтап, алғысын айтты. Амангелді Құсайынов деген шәкірті гір спортынан ауданда бірінші болып спорт шебері атанды. Он шәкірті гір спортынан спорт шебері болып, жерлестерін қуантты.
2007 жылы Нұржан Дүкиев деген шәкірті қол күресінен әлем чемпионы атанған кезде бапкері ерекше қуанышқа бөленді. Оның себебі бар. Нұржан табанды, жаттығу залынан шықпайтын, қайтсем де әлем чемпионы атанамын деп ұстазына серт берген. Ақыры уәдесінде тұрды. Заңғар Әшіманов деген шәкірті Ресейдің Суздаль қаласында жалауы желбіреген жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Қазір Заңғар Күршімдегі орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ беріп, шәкірттер тәрбиелеп жүр. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.
Күршімнің қыздары да спорт десе елеңдеп тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын Назерке Малқайдарова Әділбектің қол астында қол күресінен жаттыға бастады. Ерінбейтін, жаттығулардан қалмайтын өжет қыз 2009 жылы Канадада жалауы желбіреген әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Теректі ауылындағы бапкер Бақытхан Мәжиковтің шәкірті Ерназ Нұрахметов айды аспанға бір-ақ шығарып, Токиода өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралды.
– Иә, Күршім ауданында бұқаралық спорт дамып келеді. Біздегі 200-ден астам спорт ғимаратында: спорт залдары мен екі стадионда, басқа да спорт алаңдарында қала тұрғындары – ересектер, жастар, мектеп оқушылары алаңсыз жаттығады. Барлығы тегін. Ал Әділбек сияқты ағамызбен мақтанамыз. 40 жылда қаншама әлем чемпионын тәрбиелеп шығарды. Алдағы уақытта да күршімдіктер спортта биік табыстарға жете беретіні сөзсіз, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сымбат Дүйсенғазин.
Зейнеткер атанса да қатардан қалмай, ауыл спортының өркендеуіне ерекше үлес қосып келе жатқан Әдекең сияқты нар жүгін арқалаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы