• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2022

Шатқалы сырға толы Шал тауы

790 рет
көрсетілді

Жаздың жаймашуақ күні туса, Тұрар Рысқұлов ауданына ат басын бұрғандар Шал тауын көруге асығып тұрады. Масатыдай құлпырған тау бөктеріндегі керемет пейзажға қарағаннан көз демалады. Ал сарқырап аққан тау өзенінің гүрілі жаныңды рақатқа бөлейді.

«Шал тауы туралы айтылатын аңыз әңгіме аз емес. Кезінде Шал бабамыз осын­дағы құзды мекендеп, құстың тілін, тауте­кенің сырын, тіпті киіктің ымына дейін сез­ген деген дерек бар. Тарихтан жеткен дерек­терге зер салсақ, Шал бабаның желаяқ, құра­лайды көзге атқан мерген болғанын білеміз. Сол бабамыз Құланды қолға түсіріп, бұғыны бұғаулап мінген деген әңгімені үлкендер жағы жиі айтатын. Ол ол ма, тауды қоныс еткен аю мен жолбарыс, қабылан, таутеке секілді аңдар Шал атаның сиқырлы үнін естігенде селт етпей тұрып қалатын болған екен. Бабамыздың әулие, көріпкел, табиғат тамыршысы атанғаны туралы деректер тарих парақтарында сайрап жатыр. Содан да болса керек, қасиетті мекен Шал тауы атанған», дейді композитор, тарихшы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Қырғыз Алатауы сілемі аймағында­ғы тау аудан орталығы Құланнан – 60, іргесін­дегі Құмарық елді мекенінен 22 шақы­рым қашықта тұр. Деректерге көз жүгіртсек, Шал тауы табиғи кешенінің теңіз деңгейінен 2 800 метр биіктіктегі тау аңғарында құпиясы мол «Көк көл» бар. Көпшілік сол көлді көруге асық. Көлдің аумағы қозы жайылым жерді алып жатыр. Ал Шал тауының аумағында бірнеше атпен аталатын таулар, тарихи орындар кездеседі. Олар «Мәлкен», «Сазды», «Талды», «Шайхы атаның қуысы», «Сатай», «Ақбұлақ», «Үйтас» деген атаулармен белгілі.

Жергілікті халық Шал тауы туралы аңызды тамылжытып айтып отырады. Олар қасиетті тауға Шал бабаның бейнесін көруге асығып барады. Айтуынша, таудың биіктегі шың-құздарында, жартас бетіне таң қылаң бере көз салса, Шал атаның бейнесі көрінеді. Мұны көргендер ылғи да: «Құдайдың құдіреті-ай! Шал бабаның бейнесін жартас­тан да көрсетті ғой», деп жүреді.

«Аңызда айтылған осы бір тылсым құпияны білгім келіп Шал тауына бардым. Таңға дейін көз ілмедім. Қасымдағы жол бас­таушы азаматтармен бірге таң бозара оянып, тауға қарай бет алдық. Шал бабаның бейнесі көрінетін құзар шыңға қарама-қарсы келіп, дамыл таптық. Төменде күн ыстық болса да, биік таудың таңғы салқыны денемізді тітіркентіп, сергітіп жіберді. Айнала құлаққа ұрған танадай тыныш. Сұлу көрініске тамсанбай тұра алмайсың. Табиғат тылсымы жаныңды баурап алғандай. Күн ұясынан көтерілгенде биік шыңдар ерекше күйге еніп, таңдай қақтырады. Біздің көзіміз тау шыңында. Күн көтеріліп келеді. «О, тоба...», дедім мен күбірлеп. Өйткені сағымданып адам бейнесі көріне бастаған еді. «Талғат, бол тез, тез! Түсіріп қал!», дедім мен фототілшіге аптығып. Қозғалатын Талғат жоқ. Аузы ашылып кетіпті. Тілі байланып қалғандай үн қатпайды. Тек басын шайқай береді. Ғажайып көрініс сәлден соң көзден ғайып болды. Мен ренжіп Талғатқа ұрсып жүрмін. Ол болса: «Түсіруге сескендім, қорықтым», деді. Ырымшыл ұрпақпыз ғой. Талғаттікі дұрыс та шығар. Ләм деген жоқпын. Бірақ ғажайып көріністі түсіре алмай қалған өкінішім басылар емес», деген еді бірде ардагер журналист Тұрсынхан Жаманбаев Шал тауына барған сапары туралы ойымен бөлісіп.

Расында да, шатқалына құпия бүккен Шал тауы туралы айтылар әңгіме таусылмақ емес. Тарихи деректер де тұңғиығына тарта береді.

Қазақ ырымшыл халық қой. Қуаңшылық жайлаған кезде ел-жұрт: «Аллаға жалбарынып құдайы тамақ берсек, Шал тауының басына бұлт үйіріледі. Артынша нөсерлетіп жаңбыр жауып, Жер-Ана шөлін басып, шаруаның маңдайы жазылып, қуанышқа бөленеді» деп Құдайы таратып жатады. Расында да, елдің тілегі қабыл болып, көк аспаннан нөсер жаңбыр толассыз жауған кездің талай рет куәсі болғанбыз. Шынында да Шал тауы құпияға толы мекен ғой...

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы