• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2014

Үйлесімділік

614 рет
көрсетілді

Қостанай облысын жайлап отырған түрлі ұлт өкілдерінің 18 ұлттық-мәдени бірлестігі жұмыс істейді. Солардың арасында «Крыница» белорус этномәдени бірлестігі де бар. Оның жетекшісі Леонид ШЕВЧЕНКО Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясынан бастап қатысып келеді. 1 Мамыр мерекесі қарсаңында ол біздің тілшімізге сұхбат берген еді. – Леонид Владимирович, Қазақстан халқы Ассамблеясының 21-сессиясынан қандай әсермен, оймен оралған едіңіз? – Әсерім өте зор болды. Алдымен мен Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясынан бастап қатыс­қанымды мақтаныш етемін. 1995 жылы нау­рыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, Ассамблеяның алғашқы сессиясын өткізген еді. Дәл сол жылы маусым айында бізді қайтадан шақырып, Конституцияның қабылдануы, оның жобасын талқылау туралы айтты. Біз бірінші болып, Конституция жобасымен танысып, өз пікірімізді айтқан болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен ақылдасты. Елбасы Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, Ассамблеямен кеңеспей ешқандай шешім жасаған емес. Біз Қазақстан халқының бірлігін жұмылған жұдырықтай, ұйыған қатықтай ұстап отырған Елбасының осы кемеңгерлігінің бағасына жетуіміз қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының 21-сессиясында Елбасы келер жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп атауды ұсынды. Бұл тегіннен-тегін емес. Келер жылы еліміздің Конституциясына да 20 жыл толады. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, елдің бірлігіне, Қазақстан жерін жайлаған, Отаным деп білетін түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруіне басты назар аударып, оны ең бірінші мәселе етіп қойып келеді. Татулығы жоқ елдердің қалай болып отырғанын көріп отырмыз. Адам тоқ болған жағдайда ғана бейбіт, жақсы өмір сүреді. Бірақ біздің халықтар аштықты да, соғысты да көрген. Қазақ халқы аш-жалаңаш келгендерге қиын кезде бір үзім нанын бөліп беріп, үлкен адамгершіліктің үлгісін көрсеткен. Соның арқасында Қазақстан бірлігі бардың тірлігі озатынын бүкіл әлемге паш етіп отыр. Қазақстан халқының татулығы ән салып, билеуден емес, елдің болашағы үшін қадау-қадау істерді атқарудан көрініс табуы тиіс. Сондықтан осы сессияда Елбасы озық отыз елдің қатарына ілесу, елде шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы дамыту секілді міндеттер қойды. Елбасы айтты, біздің міндетіміз – оны орындау, Қазақстанның дамуына үлес қосу. Бұл – ортақ мүдде. – Өзіңіз жетекшілік ететін «Крыница» белорус этномәдени бірлестігінің жұмы­сы туралы айтып өтсеңіз. – Бірлестік жұмысы облыста тұрып жатқан белорус ұлты өкілдерінің өз тілі мен дәстүрін ұмытпауына және олардың бойында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге, елдің, жердің дамуына үлес қосуға бағыттайтын жұмыстар жүргізеді. Жыл бойы «Святки-Коляды», «Стрэчание», «Масленица», «Иван-Купала», «Покрова», «Дзяды», «Пасха» сияқты ұлттық мере­келерді, оның сыртында «Наурыздан» бастап барлық мемлекеттік мерекелерді өткізеді. Біз тарихи отанымыздан алыста жүргендіктен, жастарға тіліміз, тарихымыз туралы танымдық тақырыптарды көп айтамыз. Мұның тәрбиелік мәні жоғары. Біздің бірлестікте шаруалар мұнан 200 жыл бұрын киген шәркей, бақташылар азығын салып жүретін, талдан тоқылған сөмке, тоқу құралдарын көрер едіңіз. – Сіздің бірлестіктің басты ерекшелігі «Зубр» газетін шығарасыздар ғой? – Иә, 2002 жылдан бері облыста «Зубр» газетін шығарамыз. Оны облыста тұрып жатқан 7 мың белорус өкілдері және жалпы жұртшылық оқиды. Газет белорус, қазақ және орыс тілдерінде шығады. Онда танымдық материалдармен қатар, этномәдени бірлестікте жүргізіліп жатқан жұмыстар, облыс жаңалықтары сияқты түрлі мәселелер қамтылады. Айына бір рет шағарамыз. – Қостанайлық белорустарға өз тілін үйрететін жексенбілік мектептер жұмыс істей ме? Сосын мемлекеттік тілді мең­геруі қалай? – Орыс пен белорус тілдері өте ұқ­сас, славян халықтары ғой. Сондықтан біздің орталықта белорус тілін үйрететін жексенбілік мектепке қажеттілік шамалы. Ал мемлекеттік тілді оқып-үйренуге талпыныс бар. Қазір қазақ тілі мектептерде жақсы оқытылады. Бұл балаларымыз бен немерелеріміздің қазақ тілін меңгеруіне өте қолайлы, тілдік негіз қалауына жақсы болды. Бірақ қазақ тілі үшін тілдік ортаның Қостанайда аздау екенін жасырғым келмейді. Тіл білу – әр адамның рухани байлығы, көп тіл білген сайын мүмкіндігің молаяды. Сондықтан, Елбасының қойып отырған үш тұғырлы тіл саясаты өте дұрыс деп білемін. Мемлекеттік тілді білу – қазақстандық патриотизмнің негізгі бір көрінісі. Қазірде қазақ тілінде сайрап тұрған өзге ұлт өкілдерін көргенде сүйсінесің. Жастарда тіл үйренуге түсіністікпен қатар, ұмтылыс бар. Осылай болуы керек. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.