• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Шілде, 2022

Бидай экспортын шектеу – қауіпсіздік кепілі

325 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда барлық егіс алқабының 80%-дан астамын бидай (12,9 млн гектар) алып жатыр. Бұл соңғы жылдары егіс алқаптарының мөлшері жыл сайын орта есеппен 6%-ға өскенін көрсетеді. 2022 жылдың 6 айында Қазақстанда жалпы өсімдік шаруашылығы өнімінің физикалық көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38%-ға өсіп, 83,9 млрд теңгені құраған. Ал былтыр егістік алқаптарының көлемінің ұлғайғанына қарамастан өндіріс көлемі ауа райының қолайсыздығынан төмендеген.

Әлемдегі әбігер

Алдымен бидайдың бітік болып шығуына қоңыржай климаттық ендіктер, жауын-шашынды ауа райы қолайлы екенін айтар едік. Со­нымен қатар аграршылардың егінді оңтайлы мерзімде егіп, то­пы­рақта жиналған ылғалды сақтау бо­йынша жұмыстардың уақтылы жүр­гізілуі де дала алқабының ал­тын түске боялуына септігін ти­гізген.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) биылғы маусым айында ұсын­ған деректеріне сүйенсек, бидай­дың ғаламдық өндірісі бір жыл ішін­де 0,8%-ға, яғни 770,8 млн тон­наға дейін кеміген. Оған Аус­тра­лия, Үндістан, Марокко, Ар­ген­ти­на сынды елдердің бір­қа­тарында экспорт көлемінің тө­мендеуі себеп болса, енді бірінде бидайды сыртқа шығаруға тыйым салынған. Ал Ресей мен Украина арасында болып жатқан қақтығыс Украина бидайының экспортталуына кедергі болып, көлемін әжептәуір азайтқан.

Қазақстандық астық ода­ғы­ның сарапшысы Евгений Кара­ба­нов­тың айтуынша, екі ел арасын­дағы соғыс салдарынан Аф­рика ел­дерінің азық-түлік дағ­дарысы құр­сауында қалу қаупі бар. Өйткені бұл елдерге ең арзан астықты қо­лайлы логистика арқы­лы Ук­раи­на мен Ресей жет­кізіп беріп отырған.

Ресми деректерге сүйенсек, би­дай өндірісінің әлемдік көлемі шамамен 761 млн тоннаны құраса, оның 14%-ы Ресей Федерациясына (73,6 млн тонна, оның 34 млн тон­насы экспортқа бөлінеді) және Украинаға (29,2 млн тонна, оның 21 млн тоннасы экспортқа бө­лінеді) тиесілі екен.

Ресей мен Украина қақты­ғы­сының шиеленісіп, ұзаққа созы­луы Африка елдерін ғана емес, бүкіл әлем елдерін азық-түлік дағ­дарысына әкелетініне БҰҰ бас хат­шысының бірінші орынбасары Әмина Мохаммед те алаңдау­шылық білдірген еді. Ол бұл туралы Орталық Азия елдері бойынша турне шеңберінде биыл маусым айында Қазақстанға жасаған сапарында айтқан-ды. «Дүние жүзі бойынша болған пандемия мен локдаун азық-түлік тапшылығы мен баға өсіміне әкелді. Енді міне, екі ел арасында соғыс жүріп жатыр. Соғыс бітпей, мәселе де ше­шіл­мейді. Десек те, Қара те­ңіз­ді ашып, астық тасымалын ұйым­дас­тыру есебінен азық-түлік бағасын тө­мендетуге әрекет жасау керек», деген ол азық-түлік дағдарысының ауылы алыс емес екенін атап өткен болатын.

Жалпы, кейінгі сегіз жылда негізгі экспорттаушы елдерде бидай қорының төмен деңгейі байқа­лады. Ал биыл әлемдік бидай қоры тағы да 0,1% немесе 299,3 млн тон­наға дейін төмендей түспек. Бұл өз кезегінде бидай бағасының өсуіне әкелері сөзсіз. Сарапшы мамандар бидай саудасы бір бушель (≈ 27.2 кг)  үшін 700-900 доллар мөл­шерінде жалғасып, бұл күзгі-қысқы кезеңге жақындағанда екінші баға шыңына жетуі мүмкін деген болжам бар.

Қазақстанда бидай қоры жеткілікті ме?

Жалпы ішкі өндіріс, егер ұн тарту өнеркәсібімен айналысып жүрген кәсіпорындар тарапынан өңделетін бидай көлеміне қарайтын болсақ, ішкі қажеттілікті 100% қамтамасыз ете алады. Алайда соған қарамастан еліміз сырттан бидай сатып алады. Бұл арада бидай импортына сұраныс, оның дәнін егіс жұмыстарына пайдалану және ұн тартушылардың одан әрі өңдеуі үшін туындауда. Ал Қазақстан үшін негізгі бидай экспорттаушы – Ресей.

Қазақстан бидайының экспортына келсек, 2021 жылдың өзінде оның көлемі 40%-дан астамға өскен. ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымын есепке алмағанда, қазақстандық бидайды Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Тү­р­ік­менстан және Италия елдері үлкен ықыласпен сатып алатынын айтар едік. Әсіресе бес жыл­ғы үзілістен кейін Иран тарапы­нан қазақстандық бидайға қызы­ғу­шылық артқан. ЕАЭО тауар айна­лымының статистикалық деректеріне сүйенсек, Қазақстан 2021 жылы қатысушы елдерге биылғы бес айда Италияға жөнелтілген бидай көлеміне тең астық дақылын экспорттапты. Осы ретте Ресей, Беларусь және Қыр­ғызстанға экспортталған бидай­дың салыстырмалы түрде аз көле­міне қарамастан өсу үрдісі жақсы деңгейді көрсетіп жатқан жайы бар. 2022 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша Қазақ­станда бидай қорының азаюы бай­қалуда. Бұл ескі дақылды бидай қо­рының азаюына қатысты мәселе, ал жаңа өнім элеваторларға әлі түсе қойған жоқ.

Астық дақылы жеткізілімінің үзілуіне және Үндістанның экс­порт­тық шектеулеріне байланыс­ты бидай тапшылығы жағда­йында бидай бағасы бір бушель үшін рекордтық 1 087 долларға де­йін көтерілген жағдай болды. Ұсыныс болып, алайда уақыт­ша тапшылықтың туындауы нәти­же­сінде қазақстандық бидайға сұраныстың өскені байқалды. Осыған орай елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылдың мамырынан қыркүйектің соңына дейін бидай экспортына экс­порт­тық шектеулер енгізді. Экс­порт белгіленген квоталар шең­берінде жүргізіледі, бидай – 550 мың тонна, бидай және қара бидай ұны – 370 мың тонна. Яғни Ауыл шаруашылығы министр­лігінің деректеріне сүйенсек, қазақ­стан­дықтарға нан бағасының өсіміне алаңдаудың қажеті жоқ. «Азық-түлік корпорациясында астық (632,1 мың тонна бидай) жеткілікті мөлшерде, ол қажет болған жағ­дайда жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілмек. Нан бағасын ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап ұн тарту кәсіпорындарын астықпен қамтамасыз ету үшін жаңа өнім түскенге дейін арзандатылған би­дайды 90 мың теңгеден сатуды жүзеге асырады. Барлығы 275 мың тонна бөлу жоспарланған», делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратында.

Ұн тарту өнеркәсібінің өз мұңы бар

Тартылған ұн өнімдеріне қатысты ішкі нарықтағы сұраныс отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіліп отыр. Алайда қазақстандық ұн тартушылар отандық емес, ресейлік шикізатты пайдалануға құлшыныс танытуда. Гәп мынада екен: бидайға ішкі бағаның өсуімен қазақстандық ұн тартушылар 2021 жылдың күзінен бастап бағасы арзандау ресейлік шикізатты пайдалануға көшкен. Ұн өнәркәсібі иелерінің бұл іс-әрекеті 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың ақпаны аралығында бағаны төмендетуге әкелді. Алайда Украинада қақтығыс басталып, ЕАЭО елдеріне ресейлік бидайды экспорттауға уақытша тыйымның енгізілуіне байланыс­ты көрші елден бидай жеткізілімі тоқтады.

Ал енгізілген тыйымның нәти­жесінде Ресейдегі бидайдың ішкі бағасы төмендеп, ресейлік ұн тартушыларға жаңа серпін берген көрінеді. Олар өз өнімдерін белсенді түрде өндіріп, өздері үшін ең тиімді бағыт – Орталық Азияға сата бастады. Осылайша, ресейлік ұн бағасы қазақстандық ұннан 10 долларға төмен болды.

Бұл оқиғалар қазақстандық ұн тарту өнеркәсібінің бұдан да үлкен қиындыққа ұшырауына алып келді. Астық өңдеушілер 2022 жылғы наурызда отандық ұн тарту өнеркәсібін қолдау және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бидай экспортына шектеулер енгізуді ұсынды. Алайда сол кезде бұл ұсынысқа Үкімет тарапынан қолдау болмады. Сөйтіп, ұн тартушылар сұраған шектеулер тек 2022 жылдың мамыр айында енгізілді, ал бұл кезде олардың өнімдеріне тұтыну бағасының өсуі жылдық көрсеткіште 30%-дан жоғары болды.

Қазақстандық бидайдың жетіс­пеуі немесе оның баға факторына байланысты ұн тартушыларға қолжетімсіздігі енді байқалған мәселе емес. Сондай-ақ елімізде бидайдың бітік шықпай, төмен өнім алған жылдары шаруаларға ғана емес, ұн тарту өнеркәсібі өкілдеріне де кері әсерін тигізеді. Қазақстанның астық жинаушылар 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 17,1%-ға немесе 2,4 млн тоннаға аз бидай жинады. Төмен өнім мен жоғары баға ұн тарту өнеркәсібі өнімінің өндірістік көлемін осы кезеңде 21,7%-ға (-243 мың тонна ұн), ал экспорттың 11,9%-ға (-300 мың тонна ұн) төмендеуіне әкелді. Осылайша, қазақстандық ұн тартқыштар жылдан жылға шетелге аз ұн жөнелтуге мәжбүр болып отыр.

Ал биыл мол егін жинауға мүм­кіндік бар сыңайлы. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі 2022 жылы Қазақстанда бидайдың жалпы түсімі 13-13,5 млн тонна дең­гейін құрайды деп болжап отыр. Еліміздің солтүстігі мен орталы­ғындағы қолайлы ауа райы­мен қа­тар аграршылардың егін егуді оң­тайлы мерзімде аяқтап, топырақта жиналған ылғалды сақтау бойынша жұмысты дер кезінде жүргізуі де көңілге үміт ұялатады.

 

Сұлугүл БАКЕСОВА,

журналист