Ұлттық банк кезекті рет базалық мөлшерлемені көтерді. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық пайыздық мөлшерлемені 14-тен 14,5 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Базалық ставка – инфляцияны тежеудегі басты құрал. Бірақ сарапшылар бұл құралдың тиімділігі төмен деген пікір айтады. Керісінше, базалық ставканың көтерілуін қолдаушылар да көп.
Ұлттық банк уәжіне қарасақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайды.
«Бұл шешім 2023 жылы инфляциялық процестер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны ортамерзімді перспективада нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық процестердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді, бұл келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады», делінген Ұлттық банк хабарламасында.
2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5 пайызға дейін жеделдеген еді. Барлық құрамдас бөлік бойынша баға өсіп келеді – азық-түлік тауарлары (19,2 пайыз), азық-түлікке жатпайтын тауарлар (13,2 пайыз) және ақылы қызметтер (9,2 пайыз).
«Бұл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты шығасылар инфляциясының өсуі, сондай-ақ фискалдық ынталандырудан қолдау тапқан жоғары сұраныс пен теңге бағамының әлсіреуінен туындап отыр», дейді Ұлттық банк.
Ұлттық банктің дерегінше, әлемде жоғары инфляциялық ахуал сақталып, сыртқы монетарлық жағдайлар күшейе бастаған. ФАО азық-түлік бағаларының индексі маусымда, негізінен, өсімдік майлары, дәнді дақылдар мен қант есебінен 2,3 пайызға төмендепті. Бірақ әлі де өткен жылғы көрсеткіштен 23,1 пайызға жоғары шығып, тарихи ең жоғары көрсеткіштерге жуықтаған екен.
Сарапшылар Ұлттық банк ұстанымын бағалайды және дұрыс деп есептейді. «Ақша-несие саясатын қатаңдатуға бағытталған қазіргі курс сыртқы экономикалық және ішкі фискалды шок жағдайында қысқа мерзімді макроэкономикалық тепе-теңдікті ұстап тұруда аса қажетті», деп жазады телеграмдағы Tengenomika каналы.
AERC сарапшысы Евгения Пактың айтуынша, егер базалық ставка төмендесе несие арзандап, бұл жағдай бизнеске оңтайлы болушы еді деген нұсқа – Қазақстан жағдайында дұрыс жұмыс істемейтін механизм.
«Практика көрсетіп отырғандай, базалық ставканың төмендеуі ірі және орта бизнестің емес, жеке тұлғалар несиесінің көбейіп кетуіне жол ашады. Осылайша, базалық ставканы төмендету арқылы бизнесті несиелеп, нәтижесінде ұсынысты көбейтеміз деу Қазақстан жағдайында жұмыс істемейді. Өйткені банктер бірден жеке тұлғалар несиесін көбейтеді және сұраныс ұсыныстан асып кетеді, бұл өз кезегінде инфляцияны күшейтеді. Ал банктерді нарықтық жағдайда белгілі бір сегментті несиелеуге мәжбүр ету ақылға сыйымсыз. Егер елімізде тұтынылатын тауардың басым бөлігі импортталатын болса, онда базалық ставканы төмендету арқылы біз импорттық тауарларға деген сұранысты арттырамыз. Нәтижесінде, өсіп бара жатқан сұранысқа жауап ретінде елдегі тауар мен қызмет импорты да өсе түседі, оның соңында импортталатын инфляция көлемі тек өсе береді. Қазір біз оны Ресейден келетін тауарларға қатысты байқап отырмыз. Сонымен бірге базалық ставканы төмендету отандық өндірістің бүкіл проблемасын шешіп бермейді», дейді сарапшы.
Ұлттық банктің хабарлауынша, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім жазғы болжамды раундтың және макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамды көрсеткіштерінің, сыртқы ортадағы және ішкі экономикадағы тәуекелдер теңгерімінің қорытындысы бойынша қабылданбақ.
Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 5 қыркүйекте сағат 14:00-де жарияланады. Сол күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:00-де баспасөз брифингі өткізіледі.