Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 24 адамның өмірін сақтап қалған төрт азамат марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сын сағатта батыл әрекет еткен Асқар Сайлаубаев, Дәулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев пен Сұлтан Тайжанов марапатқа ие болды. Оларға Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Құрмет грамотасы берілді.
Оқиға 17 шілдеде сағат 19:00 шамасында Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасының бойындағы «Аюда» демалыс базасынан үш шақырым жерде болған. Жолаушылар тасымалдайтын кеме қатты желдің салдарынан суға бата бастаған. Кеме «Садко» демалыс базасынан «Аюда» базасына қарай бет алып бара жатқан. Сол кезде скутермен келе жатқан 4 жігіт кемені байқап, көмекке ұмтылған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісов ер азаматтарға марапаттарды табыс етті.
«Жағдайды бағалауға уақыт болмаған осындай қиын сәтте сіздер дұрыс әрі жедел әрекет еттіңіздер. Осылайша, батылдық пен батырлық көрсеттіңіздер. Соның арқасында көптеген адам құтқарылды», деді Е.Нұрпейісов.