• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Шілде, 2022

Жүрек ырғағы бұзылғанда...

295 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда медицинаның қай саласында да жетілдірілген инновациялық технологиялар бар. Мұндай озық медициналық құралдар адам қолы жетпейтін жерге жетеді, ең күрделі операцияларды ағзаға зиянын тигізбей жүзеге асыра алады. Алайда кез келген технологияны адам басқаратындықтан, оны меңгерген мамандар машығы қашанда құнды.

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында И.Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің №1 университеттік клиникалық ауруха­на­сының жетекші аритмологы Алексей Цыганов жүрек ырғағының күрделі бұзылыстарын катетерлік емдеу сала­сын­дағы инновациялық технология­лар­ды қолдана отырып, отандық дәрі­герлерге шеберлік дәрісін өткізді.

Бір жағынан КІАҒЗИ-да орнатылған CARTO 3 V7 Prime жүрекішілік навигациясының бірегей үш өлшемді жүйесінің болуы ең күрделі, оның ішінде жүрек ырғағының бұзылуына және ілеспе патологияларға байланыс­ты күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік беріп отыр. 3D-технологиялар 1 миллиметрге дейін аритмияның көзін табуға және оны жоюға мүмкіндік береді.

«Біздің клиникада бар жабдық үздік стандарттарға сай болғандықтан, жүрек ырғағы бұзылған науқастарға кез келген күрделі отаны жасай аламыз. 2010 жылдан бері клиникада жүрек ырғағы түрлі бұзылыстарының радиожиілікті аблациясы, оның ішінде жүрекше фибрилляциясы, криоаблация мен басқа да жедел хирургиялық операциялар сәтті жасалып келеді», дейді ҒЗИ басқарма төрағасы, профессор Роза Қуанышбекова.

«Аритмология – білім мен клини­калық тәжірибе саласы ретінде жылдам жаңарып қана жатқан жоқ, сонымен қатар кардиологияның ең күрделі бөлімдерінің бірі. Жақсы маман болу үшін үнемі оқу қажет. Сондықтан же­тек­ші медициналық орталықтармен ынтымақтастық шеңберінде біз үнемі шеберлік кластар, семинарлар өткізіп тұрамыз. Мұндағы мақсатымыз – маман­дарымыздың әріптестерімен араласуға, біліктілігін арттыруына, жаңа білім алуына, жаңа жабдықтарда жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау», дейді клиника басшысы.

Мұндай шеберлік дәрістері интер­венциялық аритмологияның заманауи технологияларын қолдануда мамандарды машықтандыра отырып, жүрек ырғағының қақпақшалық бұзылыстары бар пациенттерде жүрекішілік электро­физиологиялық зерттеулер мен катетерлі аблацияны қолдануды, жасанды қақпақ­шаға алмастыруда біліктілікті арттыруды көздейді.

Жас мамандардың қатысуымен өткен шеберлік дәрісі барысында жүрек ыр­ғағының күрделі бұзылыстары бар түрлі жастағы пациенттерге операция жасалды. Оларды жүрек жұмысындағы үзілістер, ентігу, әлсіздік, бас айналу, тез шаршау секілді белгілер мазалаған.

Бұл технологиялардың мәнісі мынада. Пациенттердің жүрек құрылымы туралы барлық деректі беретін 3D карталарын жасау. Ол жүрек ырғағы бұзылулары диагностикасының дәлдігін арттыру мен катетерді оқшаулау есебінен емдеу тиімділігін арттыруға, қайталанатын операциялардың қажеттілігін азайтуға, инфаркт, жүрек жеткіліксіздігі, инсульт сияқты кенеттен болатын өлім мен асқынулардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Шеберлік дәрісі барысындағы операциялар сәтті өтті. Клиникада соңғы жылдары 3 мыңнан астам осындай операция жасалған.

 

АЛМАТЫ