Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт көбейді. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков хабарлады.
Ақжайық өңірінде эпидемиялық жағдай алаңдатарлық. Өңірде коронавируспен сырқаттанушылық деңгейі өткен айлармен салыстырғанда күрт өсіп кеткен.
– Шілде айының басынан бері облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 207 жағдайы тіркелді. Оның 164-і – симптомды, 43-і – симптомсыз. Өткен аймен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 99,1%-ға өсті. Маусым айында мұндай науқас небәрі төртеу болатын, – дейді Арман Талғатұлы.
Жалпы, өңірде жыл басынан бері коронавирус диагнозымен 9 797 адам дәрігерге қаралған. Ал пандемия басталғалы бері осы дертке шалдыққандардың саны 50 мыңға (49 794) жуықтапты.
Бас дәрігердің айтуынша, коронавирус бойынша инфекциялық стационарға түскендер саны да күннен-күнге артып келеді. Мәселен, шілде айының алғашқы жартысында инфекциялық стационарларда жалғыз науқас болса, арада бір апта өткенде науқас саны 33-ке жетіп, өсім 97 пайызды құраған.
Әрине, дәрігерлер төтенше жағдайдың алдын алуға тырысып жатыр. Өткен жылдардың тәжірибесі текке кетпеді. Қазірдің өзінде вирус жұқтырған балаларға, жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету мақсатында облыстық перинаталдық орталықтан, қалалық көпбейінді аурухананың босандыру бөлімінен және облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан инфекциялық 32 төсектік орын әзірленген.
Жалпы, облыс бойынша қазіргі таңда 222 инфекциялық төсек дайын болса, ол жерде 33 науқас ем алуда. Әзірге дерті асқынып, реанимация бөліміне түскен науқас жоқ. 165 адам амбулаторлық деңгейде ем алуда.
– Коронавирус инфекциясына қарсы күрестің ең тиімді әрі сенімді жолы – вакциналау. Дәл қазір Батыс Қазақстан облысында PFIZER компаниясының Comirnaty вакцинасының 1 500-ге жуық дозасы, қытайлық Vero CellComirnaty вакцинасының 50 мыңға жуық және отандық QazVac вакцинасының 12 мыңдай дозасы бар. Өзіңіз білесіз, PFIZER компаниясының Comirnaty және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакциналарын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған, – дейді А.Қалибеков.
Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста коронавирусқа қарсы вакцинаның І компонентін – 278 186 адам, ІІ компонентін – 269 729 адам алған екен. Бұл белгіленген жоспардың 65-67 пайызы ғана.
Бүгінде облыс бойынша Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын 20 215 адам алды. Оның ішінде 456-сы жүкті әйелдер, 5291-і бала емізетін әйелдер, 6511-і жасөспірімдер, 16-сы мүгедектік тобы бар және 7 941 басқа санаттағы адамдар. Облыс бойынша барлығы 102 792 адам ревакциналаудан (51,3%), 6 443 адам қайта ревакциналаудан (42,3 %) өткен.
Жақында республикалық ведомствоаралық комиссия елдегі коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық ахуалды талқылаған еді. Осы жиында көтерілген бір мәселе ревакциналау болатын. Қазақстан бойынша Батыс Қазақстан облысы 15-орында тұр. «Бұл айтарлықтай төмен көрсеткіш», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарасақ, ауырғандардың 89%-ы – вакцина алмағандар не вакцина алғанынан кейін 6 айдан астам уақыт өткен адамдар екен. Халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін де ревакциналау деңгейі 65 пайыздан кем болмауы қажет. Сондықтан мамандар бұрын екпе алған жандарды қайтадан вакцина алуға шақырып жатыр.
Қалыптасқан жағдайға байланысты бүгінде облыстың барлық емханасында маска режімі, фильтр-кабинеті мен мобильді бригадалар жұмысы қалпына келтірілді. COVID-19 таралуын болдырмау және эпидемиялық ахуалды одан әрі нашарлатпау мақсатында эпидемияға қарсы шаралар енгізіліп жатыр. Әсіресе көпшілік орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерге бармау туралы кеңес берілуде. Әуе және темір жол көліктерінде, халықаралық автобустарда және жабық ғимараттарда маска тағу ұсынылған.
Батыс Қазақстан облысы