Нұр-Сұлтанда білім беру саласындағы мамандардың бейресми кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиында әлемдік және қазақстандық трендтерді қамтитын білім беру саласындағы соңғы зерттеулер талқыланды.
Сарапшылар Қазақстанда «2022 жыл - балалар жылы» деп жариялануы балалар мен жастардың әлеуметтік әл-ауқаты мәселелері бойынша кең ауқымды пікірталасқа серпін береді деп есептейді. Кездесуге қатысушылар балалар мен жастардың мүддесі үшін жобаларды әзірлеу кезінде сараптамалық қоғамдастықтың зерттеулері мен баяндамаларының нәтижелерін ескеру және оларды мониторингтің объективті нысандары мен ұсынымдарды қалыптастыру құралдары ретінде пайдалану маңызды екенін атап өтті.
«Біздің барлығымыздың міндетіміз - білім беру саласындағы сарапшылар ретінде ғана емес, ата-аналар мен жай ғана жанашыр адамдар ретінде жаңа Қазақстанда балаларымыздың мектептер мен университеттерде тек білім алып қана қоймай, сонымен қатар оларға көмектесетін дағдыларды игеруі үшін барлық күш-жігерімізді салу, басқа елдерден келген өз құрдастарының алдында бәсекеге қабілетті болу», деді «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин.
Талқылау тақырыптары мектепте және жоғары оқу орнында оқыту мәселелері, бизнес пен ғылымның өзара іс-қимылы мәселелері болды. «Елбасы Академиясы» директорының айтуынша, жоғары білім экономиканың мәселелері мен проблемаларын шешуі тиіс, сондықтан оқу бағдарламаларын жасау үшін бизнесті белсенді түрде тарту қажет.
«Әрбір жоғары оқу орны барынша жинақталған және ол орналасқан өңірдің проблемаларын шешуге бағытталған болуы тиіс. Болашақта жоғары білім ерекше пәндерді біріктіріп, нәтижесінде жұмыс дағдысын және еліміз үшін қажетті басқа да нәрселерді дамытатынына сенімдімін», деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, болжанып отырған трендтердің бірі отандық экономиканы кадрлармен нақты қамтамасыз етуге бағытталған дербестендірілген білім беру болмақ.
«Жеке білім беруді дамыту маңызды екеніне сенімдімін, сондықтан Академияда біз балалардың таланттары мен қабілеттерін анықтауға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асырамыз, өйткені дәстүрлі түрде мұндай заттар олимпиадалар, ғылыми жарыстар және зияткерлік ойындар арқылы өткізіледі, оған мықты мектептерде сапалы білім алуға қол жеткізе алатын дайын оқушылар қатысады», деп түсіндірді Асланбек Әмрин.
Qabilet әдістемесі - балалардың қабілеттерін ерте жастан диагностикалаудың бірегей құралы, ол білім беру әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталған.
«Біздің Qabilet әдістемеміз 5-6 жастағы баланың дарындарын анықтауға мүмкіндік береді және сыни ойлау мен креативтілік диагностикасына айнала отырып, мектептегі барлық кезеңдерде жалғасады. Нәтижесінде жеке тұлғаның дамуының негізгі бағыттарын көрсететін «дарын профилі» жасалады. Мұның бәрі осындай балаға жеке білім беруге мүмкіндік береді, мектепті бітіргеннен кейін бала өз саласының маманы болады, ал жоғары білім дағдыларды одан әрі жетілдіруге және білімді тереңдетуге көмектеседі. Бұл бізге өз жұмысына терең қызығушылық танытатын әр саланың кәсіпқойлары мен сарапшыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп түйіндеді «Елбасы Академиясының» директоры.
«Қазақстандағы Адами даму индексінің көрсеткіштеріне сәйкес, 2020 жылы туған бала (COVID-19-ға дейін) ең жоғары өнімділікке шаққанда орташа есеппен 63% жетеді деп күтілуде. COVID-19 нәтижесінде оқудағы болжамды шығындар АДИ-ды 4 тармаққа (59%) қысқарады деп болжануда.
Сондай-ақ Қазақстан өңірлері арасында АДИ-да айтарлықтай теңсіздік байқалады және білім беру сапасы (оқыту нәтижелері) елдегі адами капитал айырмашылығының негізгі факторы болады. Адами капиталды теңестіру үшін білім барлық аймақтарда сапалы болуы керек. АДИ көрсеткіші төмен өңірлерге, артта қалған өңірлерге инвестицияларды ұлғайту және саяси реформаларды іске асыру үшін әлеуетті дамыту арқылы халықтың осал топтарына назар аудару қажет», деді Дүниежүзілік Банктің кеңесшісі Альмира Закиева.
Іс-шараға Дүниежүзілік Банктің елдік офисі, British Council, ҚР БҒМ Ақпараттық-талдау орталығы, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, Қазақстанның қоғамдық даму институты, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, «Белес» талдау және стратегия орталығы, «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат Институты, BTS Education және басқалары қатысты.
«Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Еl Úmiti» бастамасын іске асыру бойынша оператор. Бастама шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен, бүкіл республика бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 750 мыңнан астам бала мен жастарды қамтитын білім беру жобалары іске асырылып жатыр.