• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Шілде, 2022

Өскеменде суға батып бара жатқан баланы құтқарған жауынгер марапатталды

353 рет
көрсетілді

16 шілде күні Өскемендегі Үлбі өзенінде суға батып бара жатқан 6 жасар баланы Ұлттық ұлан жауынгері Тілек Құмарбаеков құтқарып қалған болатын. Бүгін баланы құтқарған жауынгер марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әбден шалдығып, жол-жөнекей біршама су жұтып қойса да, бар күшін салып баланы жағаға алып шыққан Тілек есінен танып қалған. Қуанышқа орай сол маңда демалып жүрген кісілер жедел жәрдем шақырып, Құмарбеков дер кезінде қалалық ауруханының реанимация бөліміне жеткізілген.

Көзсіз ерлігі үшін 3477 әскери бөлімінің маманы ефрейтор Тілек Құмарбеков Ішкі істер министрінің орынасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың бұйрығымен «Ұлттық ұлан үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Өскемендегі Антикризистік оқу орталығында батырдың қайсарлығын барша жеке құрам алдында ұлықтау әрі өзге де әскери қызметшілерге үлгі ету мақсатында салтанатты шара өтті. Ұлықтау кешіне бөлім басшылығымен қатар Тілектің ата-анасы, сондай-ақ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі басқарма басшылығы қатысты.

Әскери бөлім басшылығы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісін және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының құқығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісін ефрейтор Тілек Құмарбековке салтанатты түрде  табыстады.

Ұлының батырлығын барша жеке құрам алдында ұлықтау сәтіне куә болған әкесі Амантай Қашқанов та өз ризашылығын жасырмады:

- Қадірменді офицер мырзалар, әскери бөлімнің басшылығы, бүгін міне, баламның батыл әрекетін батырлыққа балап, жоғары баға беріп, құрметтеп жатқандарыңызға үлкен алғыс айтқым келеді. Әскери адам болғасын, қызметтеріңізге адал болып, осылай адам өмірін ажалдан жиі арашалап тұруға жазсын, - деді көпшілік алдында сөз алған Амантай Құмарбекұлы.