Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Scalerator IT-компанияларын масштабтау бағдарламасының жаңа легін іске қосты. Өткен жылы бағдарлама кезеңінде қатысушылар 886 мың долларға келісімшарттар мен келісімдер жасап, 300 мыңнан астам доллар инвестициялар тартты.

Scalerator бағдарламасы – ел Президентінің 2025 жылға қарай IT-экспортты 500 млн долларға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру жолындағы тағы бір қадам.
«Бағдарламаның бірінші легінің нәтижелері таңғалдырды. Өткен жылғы бағдарлама түлектері Канада, АҚШ, Кипр, Үндістан, Вьетнам, Сингапур, Малайзия, Сауд Арабиясы, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь нарықтарында келісімшарт жасап, серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Бұл Қазақстанда бәсекеге қабілетті IT-өнімдер құрылып жатқанын тағы да дәлелдейді, ал біздің міндетіміз – жас компаниялардың жобаларын әлемге таныстыруға және халықаралық деңгейде тиімді келіссөздер жүргізуге үйрету», деп атап өтті Astana Hub даму және экспорт жөніндегі басқарушы директоры Абай Абсамет.
Бағдарламаға қатысу тегін. IT-компаниялар үшін бұл өз бизнесін халықаралық сарапшымен талқылау, даму жоспарын әзірлеудің және шетелдік сату мен пайданы ұлғайтудың нақты мүмкіндігі. Әрбір қатысушы компания өсу нүктелері мен тиімділікті арттыру жолдарын анықтай алады, ең бастысы, өзін халықаралық нарықта танытады. Бұл отандық инновациялық өнімдердің экспортын ұлғайту бойынша қойылған міндетке қол жеткізуге ықпал етеді.
Биылғы оқу бағдарламасы Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа нарықтарына шығу бойынша құзыреттілікті арттыруға бағытталған. Ол маркетинг, PR, сату, дизайн, қаржы, питчинг, құқықтану, салықтар, зияткерлік меншік және басқа салалардағы сарапшылардан трекинг пен жеке кеңестерден тұрады. Сонымен қатар сабақ барысында стартаптар бизнес бойынша серіктестерді тиімді іздеуді, клиенттерді тартуды және өнімді нарықта белсенді жылжытуды үйренеді.