• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Шілде, 2022

Заманауи медициналық құрылғылар орнатылды

462 рет
көрсетілді

Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталыққа гипотермия аппараты мен электрэнцефалография мониторы берілді. Биыл Samruk-Kazyna Trust қоры өз демеушілігімен гипотермияның аппараттық кешендерімен бес нысанды жабдықтауды жоспарласа, Жетісудағы орталық соның алғашқысы болып отыр.

Мамандардың айтуынша, аппараттар Жетісу облысында жаңа туған сәбилердің өмірі мен ден­сау­­лығын сақтап қалуға үлкен кө­мек болмақ. Терапиялық гипотер­мияны нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында қолданған тиімді. Бұл ми жасушаларының жұмысын қал­пына келтіруге ерекше жағдай туғызады. Дәл температуралық әсер қан ағынын түзетуге және нәрестенің бас миының жасушалары мен за­қым­данған бөліктерінің қалпына ке­луін бақылауға мүмкіндік береді. Амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге ем барысын қадағалап отыруға және тиімді түзетуге көмектеседі.

Орталық жыл сайын Жетісу өңі­рін­дегі аудан, қалалардан шамамен 6 мың­дай жүкті әйелді қабылдайды. Барлық күрделі жағдайларда сыр­қат­тар осы мекемеге жіберіледі.

«Біз Samruk-Kazyna Trust қоры мен AYALA қорына көп рахмет ай­тамыз. Бірнеше жыл бойы гипотермия аппараты мен ЭЭГ мониторына қол жеткізе алмадық. Біздің дәрігерлер бұл құрылғымен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Жыл сайын біз осындай 250-ге жуық балаға қолда бар құралдармен күтім жасаймыз. Енді біздің мамандарға заманауи медициналық аппараттар көмектесетін болады. Бұл біздің облысымыздағы сәбилер өлім-жітімі көрсеткіштерін және туылғаннан асфиксиясы бар балалардың мүгедектік қаупін төмендететініне сенімдімін», дейді Алматы облысы Перинаталдық орталығының директоры Қанат Жұмашев.

2017 жылы AYALA қоры Қазақ­станда алғаш рет автоматты гипо­термияны сынақтан өткізді. Талды­қорғанның Перинаталдық орта­лы­ғын­да «Басқарылатын гипотермия» жобасы шеңберінде қор берген тоғызыншы аппараттық кешен орнатылып отыр. 5 жыл ішінде гипотермия қондырғылары елімізде 210-нан аса баланың жанын сақтап қалған. Ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін Samruk-Kazyna Trust демеушілік қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры Орал, Өскемен, Ақтау және Шымкент қалаларының перинаталдық орталықтарында гипо­тер­мияның аппараттық кешендерін орнатуды жоспарлап отыр.

«Еліміздің болашағы үшін әрбір баланың өмірін сақтау маңызды. Биыл біз нәрестелер өлім-жітімінің деңгейі мен балалар реанимациясын алдыңғы қатарлы медициналық техникамен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрған 5 аймақ үшін жабдықтар сатып алуға қаржылай қолдау көрсеттік. Қазіргі заманғы аппараттар Талдықорған қаласының облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлеріне балалар өмірін одан әрі сақтап қалуға көмектеседі деп үміттенеміз», дейді Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

AYALA ҚҚ президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, қор жұ­мысының басты мақсаты – бала өлімі мен мүгедектігін азайту ісінде мемлекетке жәрдемдесу. Бұл үшін қаражат жинау мен демеушілерді тарту арқылы қор балалар реанимациясын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етеді және қазақстандық неонатолог дәрі­гер­лердің біліктілігін арттыруға көмек­теседі. «Өмір сыйлайық», «Бас­қа­ры­латын гипотермия» жобалары мен басқа да бастамалар аясындағы жұмыс барысында қор жалпы сомасы 2 млрд теңгеге қазақстандық 67 денсаулық сақтау мекемесіне 1 100-ден аса реанимациялық ме­ди­циналық жабдықтарды тапсырды. Осы жабдықтар мен дәрігерлер тегін курстарда біліктілігін арттыру кезінде алған білімдерінің нәти­же­сінде Қазақстанда 200 мыңнан аса бала аман қалды.

Атап өтсек, Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталық 150 төсекке арналған, соның 10-ы Патология және шала туған нәрес­телерді емдеу бөлімшесінде орналас­қан. Онда 34 дәрігер мен 126 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

 

Жетісу облысы