Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне шамамен 6,6 млн жұмыс істейтін азамат қатысады және 1,1 млн-нан астам адам жыл бойы әлеуметтік төлемдер алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел хабарлады.
Қазақстандықтар үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің артықшылықтары туралы айта отырып, спикер 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгенін атап өтті. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру ынтымақтастық қағидаттарына негізделген, өйткені әлеуметтік аударымдар барлық жұмыс істейтін азаматтар үшін төленеді, ал төлемдерді еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілігі мен босануына, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелі бар адамдар ғана ала алады.
«Жұмыс істейтін азаматтардың артықшылығы – олар қордан төленетін төлемдер түрінде әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда қосымша әлеуметтік қолдау алуға құқылы. Мысалы, қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылу немесе асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мүгедектік немесе асыраушысынан айырылу бойынша бюджеттен осыған ұқсас мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады», деді Н.Кемел.
Сондай-ақ еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлем медициналық-әлеуметтік сараптаманың жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген жағдайда жүзеге асырылады және еңбек қызметінің жалғасуына қарамастан жүргізіледі. 2021 жылы аталған төлемді шамамен 94,7 мың адам алды.
Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем асырауындағы адам 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу бөлімінде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. 2021 жылы асыраушысынан айырылған 57,7 мыңға жуық отбасы аталған төлемді алды.
Сонымен қатар сатып алу қабілетін қамтамасыз ету үшін еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2022 жылы осы төлемдердің мөлшері өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 9%-ға ұлғайды (1 қаңтардан – 5%-ға, 1 сәуірден – 4%-ға).
Жұмысынан айырылған жағдайда қордан төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. 2021 жылы шамамен 105,7 мың адам аталған төлемді алды.
Жұмыс істейтін әйелдердің мүдделерін қорғау мақсатында 2008 жылдан бастап ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Мәселен, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша демалыстың барлық күніне тағайындалады. 2021 жылы жүктілік және босану бойынша 205 мыңға жуық адамға төлем тағайындалды.
1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда қордан ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. 2021 жылы бұл төлем шамамен 385 мың адамға тағайындалды.
«Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үдерістерін сәтті автоматтандыру бүгінде «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, еңбекке қабілеттілігінен айырылуы бойынша төлем алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін алғаш белгілеген кезде жүгінуге болады, жұмысынан айырылуы бойынша төлем алу үшін egov.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген кезде немесе халықты жұмыспен қамту орталығы немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жүгінуге болады, жүктілікке және босануға төлем үшін egov.kz порталы арқылы, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлем үшін egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүгінуге болады», деп атап өтті Н.Кемел.
Қордан әлеуметтік төлемдерді алуға қызмет көрсетудің проактивті форматы белсенді түрде енгізілуде, ол үшін азаматқа смс-хабарламаға жауап беру жеткілікті.
Ақпараттық жүйелерде алушы туралы мәліметтер болған жағдайда, ол төлемдерді алу үшін үйден шықпай және қағаз тасығыштағы құжаттарды растаусыз онлайн режімде жүгіне алады. Осылайша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында қор көрсеткен электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі 47%-ды құрады.
«Міндетті әлеуметтік сақтандырудағы маңызды фактор ресми жұмыспен қамту немесе қызметті тіркеу болып саналады, өйткені төлемдер мөлшері қорға әлеуметтік аударымдар түскен табыстарға тікелей байланысты. Осыған байланысты, төлемді алу үшін жүгінудің алдында egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, ХҚКО немесе қор филиалы арқылы қорға әлеуметтік аударымдардың дұрыс және уақтылы түсуін тексеруді ұсынамыз», деп түйіндеді Н.Кемел.