Үкіметтің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» қаулысы бойынша, екінші деңгейлі банктердің 31 тамызға дейін ел аумағынан қолма-қол рубль ақшасын шығаруына рұқсат берілді. Бұған дейін Ұлттық банк отандық банктерде ішкі валюта нарығының сұранысынан асып түсерліктей деңгейде рубльдің жиналып қалғанын мәлімдеген еді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, рубльдің шамадан тыс жинақталып қалуы – Қазақстан аумағынан шетел валютасын алып шығуға байланысты шектеудің енгізілуіне байланысты. Жоба аясында екінші деңгейлі банктердегі рубльді сыртқа шығару бір реттік негізде жүзеге асырылады. ҰБ атап отырғаннан бөлек тағы бір себеп – ресейліктердің Қазақстанға қарай жаппай ағылып, сөйтіп төл валюталарын теңгеге, одан әрі долларға ауыстырып жатқандығы. Мұны біз өз тарапымыздан қосып қоялық. Олардың біразы Қазақстанды валюталық транзитке айналдырып, долларды қалтасына басып әрі қарай шетелге кетсе, енді біразы Қазақстанда қалып жатыр.
Мәселені шілде айында мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та көтеріп, Қазақстандағы айырбастау бекеттерінде рубльді сатуға және сатып алуға тыйым салынуы керек деген ұсыныс айтқан еді.
«Қазір теңге курсына қатысты не болып жатқанын логикамен де, ақылмен де түсіну қиындап кетті. Рубль курсы рекордты 9 рубльге дейін нығайды. Соңғы үш айда теңгеге қатысты рубль 50 пайызға қымбаттады. Сәйкесінше, бүкіл ресейлік импорт та 50 пайызға қымбаттады. Еске саламын, Ресей – Қазақстан үшін ең басты импорттаушы ел. Азық-түлік импортының тең жартысы Ресейге тиесілі. Олар сондай-ақ бізге құрылыс материалдарын, жиһаз, киім, аяқкиім де жеткізіп отыр. Біз үшін мықты рубль – аса маңызды импорттық тауарларға байланысты рубльдік инфляция тудырады», деп сыни пікір білдірген.
Ол сыртқы қарыз бойынша Ресейге қатысты дефолт жарияланғанын, сол негіз бойынша долларға қатысты да, теңгеге қатысты да рубль курсының жасанды екенін айтады.
«Біз олармен бірыңғай экономикалық кеңістіктеміз және мұндай жағдай біз үшін қауіпті экономикалық тәуекел мен тежелу тудырады. Рубльдің еркін айналымы ресейліктердің қазақстандық банктерден шот ашуына, рубльдерін теңгеге, сосын оны долларға айырбастап алуына, сөйтіп, шетелге шығып кетуіне жол ашады. Жекелеген банктер осы жағдайдың өзінен бизнес жасай бастады», дейді А.Жамалов.
Яғни доллар мен тауар шетке кетеді, ал Қазақстанда миллиардтаған рубль жиналып қала береді. Үкіметтің қаулысы негізінде рубльді сыртқа шығару ісі – бір реттік шара. Сарапшылар мұны тұрақты негізде жүзеге асыру керек, әйтпесе, көп ұзамай тағы да ресейлік валютаның астында қаламыз, дейді. Өйткені ресейліктердің біздің елге кіруі шектелмеген. Ортақ экономикалық одақтамыз. Сондықтан азаматтарымыз бір-біріне кедергісіз саяхаттайды. Жиналып қалған рубльді кәдеге жаратып, Ресейден тауар сатып алайық десек, қазір олардың өзінде тауар тапшылығы туындап жатыр.
«Енді Ресей импортты Қазақстан арқылы өрістетуге тырысады. Ол үшін рубль курсы да өте ыңғайлы болып тұр. Парадокс жағдай – Қазақстанға қарай қолма-қол рубль ағыны күшеюде және бұл ретте рубль нығайып жатыр. Керісінше болуы керек еді. Белгілі бір валютаға қатысты ұсыныс артқан кезде, ол валютаның курсы әлсіреуі керек», деген депутат жағдайды бір қалыпқа түсіру үшін бірнеше нақты ұсыныс айтады. Олар:
1) Рубльді өзге валютаға айырбастаған шетелдік азаматтар үшін доллар немесе еуро капиталын шығаруға шектеу енгізу;
2) Айырбастау бекеттерінде ресейлік рубльді сатуға және сатып алуға шектеу енгізу;
3) Ресейлік нарықта рубль курсының қалыптасу ерекшелігін ескере отырып, теңгеге қатысты рубльдің арнайы есепайырысу курсын қалыптастыру үшін шаралар қабылдау;
4) Қаржы министрлігі Үкімет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ресейлік рубльмен алынған қарыздарын мерзімінен бұрын өтеу үшін жиналып қалған рубль массасын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруы керек;
Экономист Меруерт Махмұтова Ресей экономикасына қолдау көрсетіп отыр деп Ұлттық банкті сынға алады. Ол ҰБ монетарлық операциялар департаментінің директоры Иван Сердюктің «әлемдік нарықта рубль долларға қатысты нығайып жатыр, сол себепті рубль/теңге курсы да өсуде» деген сөзін келтіріп, «Ол (Сердюк – ред) рубль күшейіп жатқан жаһан нарығын қайдан көріп отыр?» дейді. Бірақ рубльдің күшейіп кеткені рас. Алайда тек өз ішінде ғана. М.Махмұтова бұған қатысты бірнеше себепті тізбелейді.
«Мұнай мен газ бағасы жоғары болып тұрған кезде Ресейге көмірсутектен түсетін валюта азайып кетпейді. АҚШ Еуроодақпен эмбарго бойынша өте ұзақ келісім жасады және оны кезең-кезеңімен енгізу туралы келісті. Екіншіден, РФ Орталық банкі бейрезиденттерге облигация және акция бойынша дивиденд төлеуден бас тартты. Осыған байланысты бұрынғыдай сыртқа валюта кетіп жатқан жоқ. Үшіншіден, экспорттаушылардың міндетті валюталық түсімін сату талабы да жұмыс істеп тұр. Бұл ретте санкцияға байланысты Ресейге келетін импорт көлемі азайды. Сәйкесінше, импортқа жұмсалатын валюта шығыны да аз. Оның үстіне РФ Қаржы министрлігі 2025 жылға дейінгі бюджеттік ережені пайдаланбайтын болды. Бұған дейін шығыстарға тек базалық мұнай-газ кірістері бағытталып келген», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Ресейдің Украинаға қарсы әскери қимылы бастала салысымен туындаған девальвациядан кейін долларға қатысты теңге бағамы нығайып алды.
«Көмірсутектен түсетін табыс жоғары, импорт та сол себепті қысқарды, соғысқа дейін әлемдік нарықтан импорттың көп бөлігі Ресей арқылы бізге жеткізілді. Оған қоса Ресей ЕАЭО-дағы серіктес елдерге экспортқа және ресейлік тауарларға эмбарго енгізді. Осылай бола тұра неліктен рубльге қатысты теңге бағамы құлдырап, 1 рубль 10 теңгеге тең болып кетті? Біздің ҰБ Ресей экономикасына қолдау көрсетіп отыр. Мен мұны басқаша түсіндіре алмаймын. Ресейлік жеке және заңды тұлғалар рубльді теңгеге ауыстыру арқылы екі есе көп ақшаға ие болады. Қазір бізде рубль қолма-қол ақшасының өсуі алаңдатарлық деңгейге жетті, соған орай банктер шектеу шараларын қабылдауға мәжбүр. Дегенмен, оның тиімділігіне күмәнім бар» дейді М.Махмұтова.
Ұлттық банк мәліметі бойынша, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде жиналып қалған қолма-қол рубль көлемі 25-35 млрд аралығында.
Миноритарлық акционерлер қауымдастығының қатысушысы Бақыт Жұмабаевтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елден 10 мың доллардан асатын көлемде валюта алып шығуға тыйым салуы орынды-ақ. Алайда шектеу салынған валюталар тізімі жасалуы керек.
«Олар еркін айырбасталатын валюталар – доллар, еуро, фунт стерлингтер болуға тиіс. Рубль ондай валюта емес. Оның үстіне ЕАЭО аясында ақша мен капиталдың еркін айналымы қарастырылған және Қазақстанның сыртқы саудасының 40 пайызы Ресейге тиесілі», дейді ол.
Ал Айырбастау бекеттері қауымдастығының президенті Арчин Ғалымбаев депутат Аманжан Жамалов айтқан «бекеттерде рубльді сатуға және сатып алуға тыйым салу» ұсынысын жүзеге асыру мүмкін емес дейді.
«Бұл көлеңкелі нарықтың қалыптасуына алып келеді. Өйткені сұраныс пен ұсыныс ешқайда кетіп қалмайды. Бәрібір рубльді сатып алғысы не сатқысы келетін адамдар болады, ал олар сатып алу курсы сату курсынан 2-3 теңге айырмашылық беретін банк бағамын пайдалана қояр ма екен. Айырбастау орындарындағы айырма әдетте 0,5 теңге шегінде ғана», деп түсіндіреді ол.
Қалай болғанда да банктердің рубльді сыртқа шығарып тастау үшін 31 тамызға дейін уақыты бар. Дегенмен банкирлер де, сарапшылар да бір реттік шара бүкіл рубльден құтылуға мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Егер тұрақты негізде жүзеге асырылмайтын болса, құтылатын тағы бір жол бар. Бұл – Бақыт Жұмабаев айтқандай, рубльді шетелге 10 мың доллардан артық алып шығуға болмайтын шектеуі бар валюталар тізімінен алып тастау.