Пандемия салқыны тимеген сала жоқ, вирус таралуынан ірі компаниялардың да жұмыс жүйесі бұзылды және ол табыс бөлігіне де елеулі әсер етті. Қазақстан нарығында қызмет етіп жатқан ірі компания өкілдері жақын күндерден жағымды өзгеріс күте қоймайды. Басылды деген пандемия қайта күш алды, ал Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс күн санап өршіп бара жатыр.
Геосаяси ахуал ірі компанияларға қатты әсер етеді. Соған қарамастан Қазақстан ірі бизнес үшін жайлы орта бола алады. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі кепілдік беріп, Ресейден кеткен ірі компанияларды Қазақстанға шақырып отыр. Тиісінше, шетелдік компаниялар да біздің нарыққа қызығады. Біздегі дамып келе жатқан нарық, жедел енгізіліп жатқан қолайлы цифрлық шешімдер және Ресейдің экономикалық көрсеткіштері құлдырағаннан кейін Қазақстанның өңірдегі ең ірі ойыншыға айналуы – өзге ел компаниялары мен инвесторларының қызығушылығын тудырары сөзсіз.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, қазірдің өзінде 43 шетелдік компания бизнестерін Қазақстанда релокациялауға дайын. Ол бұл туралы Алматыда өткен америкалық Honeywell компаниясы құрастыру өндірісінің ашылу салтанатында айтты. Honeywell-дің өзі де – соғыс өрті тұтанғаннан кейін іргесін Ресейден аулақ салған ірі корпорациялардың бірі.
«Компания бастамасын Қазақстанда локализациялауға дейін ұзақ процесті өткерді. Туындап отырған геосаяси жағдайға байланысты олар өңірлік кеңсесін Қазақстанда ашу мүмкіндігін қарастыруда. Қандай да бір себеппен Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компаниялар Еуразиялық кеңістіктегі ықпалын сақтау ойлары бар екенін айтып жатыр. Ірі ойыншы әйтеуір қай жерде болсын базасын орналастыруы керек. Ондай таргеттелген компания саны қазір 265», дейді А. Айдаров.
Қазір Қазақстан нарығына қызыққан компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 2021 жылы шетелдік серіктестер Қазақстан экономикасына 24 млрд долларға жуық инвестиция салған. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен (17,2 млрд доллар) 38 пайызға көп. Шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталған. Бұл да – көңіл қуантатын құбылыс.
Air Astana әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің айтуынша, компания 11 наурыздан бастап Ресейге ұшуды және Ресейден бері қарай ұшуды толық тоқтатқан.
«Шын мәнінде, Түркия, Грекия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Грузия, Үндістан елдеріне деген ұшу сұранысы өте жоғары және біз бұл босап қалған қуаттылықты тәуір еңсере алдық. Біз оларды басқа маршруттарға бағыттадық. Тіпті 2022 жылдың 24 ақпанына дейін-ақ, пандемия салдарынан біз Ресейге қарай әуе сапарларын толық көлемде қалпына келтіріп үлгермеген едік. Украина оқиғасына дейін Ресейге ұшатын әуе рейстері біздің жалпы ұшу сапарымыздың 25 пайызын ғана құрап тұрды», дейді Питер Фостер.
Оның айтуынша, әуе сапары үшін Украина аспанының жабылуына байланысты ұшақтар Еуропа аспанымен самғай бастады. Бұл өз кезегінде ұшу ұзақтығын көбейте түсті.
«Өйткені біз Қара теңіздің оңтүстігімен айналып ұшамыз. Демек Франкфуртқа барар болсаңыз тағы қосымша 1,5 сағат қосылады. Лондонға бағыт алған ұшақ Ақтауда бір тоқтап алуға мәжбүр. Бұл өте ыңғайсыз. Сондай-ақ жанармай үшін де артық шығын туындады», дейді компания басшысы.
Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов 2020-2021 жылдардың да оңай болмағанын, 2022 жылы экономикада тағы көп турбуленттілік болып жатқанын айтады.
«Банк бірнеше дағдарысты бастан өткерді. Соның ішінде теңге күрт әлсіреп кеткен 2014-2015 жылдардағы дағдарысты атап айтсақ болады. Дегенмен біз сыртқы шоктарға беріле қоярдай орнықсыз емеспіз. Бізде капитал бойынша күшті база бар, ол төмендеп жатыр, бірақ соның өзінде 19 пайызды құрайды. Капиталдың азаюына екі себеп бар. Біріншіден, біз ірі компаниялар, ШОБ және бөлшек клиенттердің базалық портфеліне инвестиция салуды жалғастырып жатырмыз. Сонымен бірге, акционерлерімізге дивиденд үлестіреміз. Дивиденд бойынша төлемді 50-ден 60 пайызға арттырдық», дейді ол.