Архив жайлы айтар әңгімеміз көп. Жақсы жаңалық ести қалсақ, жарыса жазғымыз келіп тұрады. Құнды құжаттарды қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Қазір бұл игілікті іске Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві білек сыбана кіріскен. Жақында Алматы қаласының мемлекеттік архивімен өзара тәжірибе алмасып, жаңа техникаларымен таныстырды.
Заманауи құрылғылардың тілін меңгеру – уақыт талабы. Сарғайған құжаттарды ретке келтіру үшін архив қызметкерлері белсенді жұмыс істеуде. Бүгінде жас мамандарға жұмыс жүйесін үйретіп, әріптестерімен білгенін бөлісуде.
Тәжірибе барысында «Ведомстволық архивті толымдау қызметі» бөлімінің қызметкерлері түпнұсқа құжаттарды іріктеп, қонақтарға қайта өңдеу процесін көрсетті. Шежірелі деректерді қаттап, жыртылған жерлерін жамау әдістерін де үйретті.
Іс-шара соңында елорда архиві алматылық архившілерге арнайы сертификат табыстады. Сертификатты «Ведомстволық архивті толымдау қызметі» бөлім басшысының орынбасары Айкен Жаканқызы табыстады.
Айта кетейік, қазақ тарихын қалыптастыру үшін билік өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, архив қызметкерлері, заңгерлер жаппай еңбектенуде. Бұл, әрине, қуантарлық іс. Қолымыздағы бар құжатты шашпай-төкпей жинастырып, өскелең ұрпаққа табыстап кету ұлтқа парыз.
Осы ретте «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары: ХХ ғасырдың 20-30-жылдары» деген екі томдық жинақ кітап жарық көрді.
Аталған жинаққа қалалық архив қоймасынан алынған тарихи құнды деректер енгізілді. Ұлт үшін, ұрпақ үшін қызмет ету – ұлы іс. Мұны архив қызметкерлері мақтан тұтады.