Ұлыбританияда Консервативті партия басшысын сайлаудың соңғы кезеңі басталды. Бүгіннен бастап партияның елдегі 160 мың мүшесіне пошта арқылы бюллетень таратылды, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Олар дауыс беру қағазын 2 қыркүйекке дейін толтырып, қайта жіберуі тиіс. Консервативті партияның көшбасшылығына екі кандидат үміткер. Олар бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак пен сыртқы істер министрі Лиз Трасс. Дауыс берушілердің талап-үддесінен шығу үшін қос кандидат ара-тұра тікелей эфирдегі дебаттарда пікір таластырады. Алдыңғы пікірталаста Сунак Трасстан сәл озған еді. Алайда соңғы сауалнамаға сүйенсек, сыртқы істер министрінің бәсі басым. Жеңімпаз 5 қыркүйекте анықталады. Билеуші партияның қай кандидаты жеңсе, сол бірден Ұлыбританияның премьер-министрі атанатынын айта кеткен жөн.