• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Тамыз, 2022

Тегін фитнес

257 рет
көрсетілді

Қостанайда таяуда ғана көпшіліктің игілігіне берілген тегін фитнес алаңы қысқа мерзім ішінде қала тұрғындары ең көп жиналатын спорт орталығына айналды. Саламатты өмір салтын ұстанған кәрі-жасқа арналған алаңға дене бұлшық еттерін дамыту жаттығуларын жасауға арналған көп функциялы 23 көше тренажері қойылған.

Free fitness, яғни ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда тегін фитнес деген мағынаны білдіретін спорт нысанының бір ерекшелігі, мұндағы әр тренажерге арнайы QR код жап­сы­рыл­ған. Мұнда келгендер осы QR код арқылы алдын ала Ютубке жүктелген ережемен танысып, ондағы нұсқаулықтың көмегімен өз бетінше жаттығу жасай береді. Мәселен, білек бұлшық еттерін дамытатын тренажерге отырсаңыз, Ютубтегі нұсқаушы тек қана білекке арналған жаттығу түрлерін көрсетіп, оны қалай және қанша рет жасау керектігін түсіндіреді. Спорт құрылғысының мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы жеке орындығы бар.

– Қазір қаладағы коммерциялық фитнес орталықтарының бағасы удай қымбат. Мен бұл жерге ұлым үшін келіп жүрмін. Бірақ бір айдың ішінде 2-3 кило салмақ тастадым. Әдет қып алғанымыз соншалық, мұнда бір күн келе алмай қалсақ, бірдеме жетіспей тұрған сияқты сезімде боламыз. Балам 14 жаста, бұрын гір көтерумен айналысқан. Жаңа шағын ауданға қоныс аударғалы, спорт мектебі алыстап кетіп, амалсыз тастауға тура келді. Қазір біртіндеп қайта жаттығып жүр. Ең бастысы, қандай снаряд керек, соның бәрі бар. Ютубтегі плейпарақшада бәрі түсінікті жазылған, тіпті жаттықтырушы көмегінің де қажеті жоқ, – дейді «Юбилейный» шағын ауданының тұрғыны Жанар Жақыпова.

Қаланың әкімдігі қазір ашық фитнес ала­ңы­ның аумағын жарықтандырып, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қойып жатыр. Одан кейін бейнебақылау қойылады. Тұрғындарға қолайлы болу үшін жауын-шашын мен күн көзінен қорғайтын шатыр орнату да жоспарда бар.

Тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай туғызатын дәл осындай тегін фитнес алаңы Жітіқара қаласында да бар.

 

Қостанай облысы