• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Тамыз, 2022

Ақ желеңділер ауылдарды аралап жүр

167 рет
көрсетілді

Екіжылдық үзілістен кейін «Саламатты Қазақстан» ме­ди­ци­налық пойызы өңірдегі шалғай жатқан стансаларды аралап, тұрғындарды дәрігерлік тексеруден өткізуде. Биыл ақ желеңділер Павлодар облысында тоғыз елді мекенде аялдап, ауыл тұрғындарына кәсіби медициналық көмек көрсетпек.

«Саламатты Қазақстан» ма­ман­­дандырылған медициналық пойызы Павлодар облысының шал­ғайдағы стансалары мен олар­ға жақын орналасқан елді мекен­дер­дің халқын медициналық тексеруден өткізуде. Дәрігерлік қызмет ақысыз, пұлсыз көр­се­тіледі. Пойыз 31 шілде күні Май разъезінде аялдаса, одан әрі Жұ­мыс­кер, Көктөбе, Құркөлді бетке алды. Май ауданының халқын қарап біткен соң Шарбақты өңі­рі­не бағытын бұрып, одан әрі Ақсудың бірқатар ауылын аралайды деп жоспарланған. Соңғы аялдама – Шідерті стансасы.

2010 жылдан бері жалғасып келе жатқан медициналық по­йыздар қайырымдылық жобалары аясында ұйымдастырылады. Жалпы, еліміз бойынша мұндай пойыздың екі бірдей бағыты бар. Оның бірі – «Жәрдем» пойызы мамыр айының соңынан бері жұмыс істеп жатса, «Саламатты Қа­зақ­стан» пойызы 20 маусым күні Алматы облы­сы­ның Бай­сер­ке стансасынан қозғалып, бү­гінде біздің өңірге жетіп отыр­ған жайы бар.

«Саламатты Қазақстан» пойы­зының жетекшісі Аман Қасе­нов­тің айтуынша, жылжымалы медициналық құрам алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған.

– Пойызда 24 білікті дәрі­гер бар. Барлығы Алматы қала­сын­дағы танымал клиникаларда істейтін білікті мамандар. Ақ желеңділер зертханалық әдіс­терді қолдана отырып, ауыл тұрғындарын дәрігерлік тексе­ріс­тен өткізеді. Қажет болған жағдайда шағын операция жүр­гі­зіп, емханасы жоқ шалғай ауыл­дар­дың тұрғындарын жақын жердегі емдеу мекемелеріне жолдамамен бағыттай аламыз. Мұнда терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, көз, лор дәрігері, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және тіс дәрігері барын атап өткен жөн. Биыл білікті ма­мандардың қатары психолог және дерматовенерологпен то­лықты. Денсаулық пойызы пан­демияға байланысты соңғы екі жылда ұйымдастырылмай қалғаны мәлім. Биыл қайта жан­данғаны ауыл халқын қуан­тып отыр. Қабылдауымызға келген жұртшылық ризашылығын айтуда, – дейді пойыз басшысы.

Кешенде қажет болған жағ­дайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокар­диограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерт­­теу­лердің басқа да түр­лерін жүр­гізуге мүмкіндік бар. Биыл ста­мо­тологиялық құрыл­ғылар жа­ңар­тылып, ауыл тұр­ғын­да­рының тістерін бүтін­деу­де бұ­рынғыдан да сапалы қызмет көрсету мүмкін болып отыр.

Бұған дейін Абай облысын аралап келген дәрігерлердің ақ­паратына сүйенсек, ауыл адамдары гинеколог, жүрек және тіс дәрігерлерінің көмегіне жиі жүгінеді. УДЗ-зерттеуге де кезек қалыптасып қалады екен. Май ауылының тұрғыны, зейнеткер Мақпуза Бейсекенова аяқ-қолы жиі қақсап, бел-омыртқа жүйесі ауыратынын айтады. Мұнда ол жалпы тәжірибе дәрігерінің көмегіне жүгініп, хирургтің ақыл-кеңесін алды.

Алғашқы күні Май стансасына тоқтаған пойызға Ақжар, Қаратерек және Май ауылдық округтерінің тұрғындары қара­лып, дәрігерлік тексеруден өткен. Май ауданының ішкі сая­сат және тілдерді дамыту бө­лі­мінің басшысы Жайрангүл Рах­манбергенованың сөзінше, бұл үш аумақта 2 мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті халық ара­ға екі жыл салып жалғасын тапқан медициналық пойыздың жұ­мы­сы­на көңілдері толатынын айтты.

«Саламатты Қазақстан» кеше­нінің дәрігерлері 2 қарашаға де­йін еліміз бойынша 67 стансаны аралап, жалпы саны 60 мың адамды қамтымақ ойлары бар. Павлодар облысынан соң пойыз Нұр-Сұлтан қаласына, одан әрі Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау өңірлеріне аттанбақ.

Жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды да­мыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырып жатқанын айтып өтейік.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы,

Май ауданы