• RUB:
    5
  • USD:
    492.17
  • EUR:
    522.39
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Тамыз, 2022

«Бейсен және Болмыс» кітабының тұсаукесері өтті

2217 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасындағы дәріс залында автордың қатысуымен «Бейсен және Болмыс» кітабының презентациясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кітапта белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек болмысына экзистенциялық талдау жасалған. Бейсеннің өмірінен мысал келтіре отырып, экзистенция, логотерапия психологиясы ұғымдары кеңінен түсіндіріледі. Туындыда адам болмысы, қалай ашылды, қалай көрінеді, өмірдегі мәнін қалай анықтайды деген әртүрлі сұрақтарға жауап беріледі.

Тұсаукесер барысында кітап авторы Санжар Керімбай «Отбасы хрестоматиясы» сериасымен жарық көрген еңбектің ерекшеліктеріне тоқталды.

Оның айтуынша кітапта Б.Құранбектің өмірінен түрлі қызықты деректер берілген. Сондай-ақ оған философиялық, экзистенциялық бағытта талдау жасалады. Бұл – оқырманға кітапты жай ғана оқып қоя салмай, ондағы айтылған ойдың астарын, салмағын түсініп, өзін тануға, Бейсенді тануға, болмысқа терең бойлауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол Бейсен Құранбектің ғибратты ғұмырындағы оқиғалар бүтін бір жас буынға тәрбие берерлік қасиетке ие деп санайды. Сондықтан болар танымал журналистің адамгершілік қасиетін үлгі етіп, оған еліктеп, өсіп келе жатқан балалар бар. Бұл ойын автор «Бейсен экзистенциялық тұрғыда тіршілігін жалғастырып жатыр» деп түйіндеді.

Жиында кітапты басып шығаруда туындаған мәселелер туралы да айтылды.

«Кітапты дайындап, шығаруға 2-3 айдың ғана көлемі кетті. Мазмұнынан бөлек, ең көп уақытты қажет еткен дүние – кітаптың мұқабасы. Осы мәселеде ұзақ ақылдастық. Біріншіден, тартымды болғанын қаладық. Екіншіден, шығарманың аты айтып тұрғандай кейіпкердің болмысын ашатындай сурет болуы қажет еді. Осы ретте мұқабаның 30-дан астам нұсқасы жасалды. Олардың бәрін Бейсен ағамыздың жұбайына жіберіп, сол кісімен ақылдасып отырдық. Қазіргі мұқаба үлгісін сол кісі таңдады. Ішкі техникалық жұмыстарына келер болсақ, батысқа стандартқа сүйене отырып, минимализм стилін қолдануға тырыстық», деді кітаптың дизайнері Арман Ғинаятұлы.

Айта кетейік, кітап экзистенция философиясына, логотерапия іліміне қызығатын оқырмандарға арналған.