• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Тамыз, 2022

Тексеру қорытындысы: Жергілікті билік неге асығыс мәлімдеме жасады?

202 рет
көрсетілді

Биыл 11 маусым күні Тараз аспанын қою түтін жапқаны белгілі. Оған Тараз қаласында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС-ның минералды тыңайтқыштар зауытындағы абсорбердің моногидратты сорғысының істен шығуы себеп болған еді. Сол кезде көкжиекті торлаған түтіннен халық зардап шеге ме деген сауалды мамандарға жолдаған болатынбыз. «Жоқ!» дескен олар. Алайда олай болмай шықты...

Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Тұманнан туған күмән сейілді» тақырыбындағы мақалада түсініктеме берген «Қаз­фосфат» ЖШС бас экологы Арман Қарағалиев жағдайдың бақылауда екенін айтқан еді. Оған хабарласқанымызда: «Нақ­ты уақыт режіміндегі автомат­тандырылған бақылау жүйесінің көрсеткіштері бойынша негізгі шығарындылар көзінде (БГС бөлімі) фторид сутегінің ар­тық мөлшері тіркелмеген. Ат­мос­фералық ауадағы шекті рұқсат етілген концентрациядан ас­пай­тын деңгейдегі ластаушы заттар тұрғындардың денсаулығы­на және қоршаған ортаға әсер етпейді», деп мәлімдеме жаса­ған да болатын.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет те республикалық БАҚ-та «Қаз­гидромет» келтірген дерек­тер­ге сілтеме жасай отырып, ауа­­ға зиянды заттар тара­маға­нын, жұмыстың дер кезінде қолға алынуына байланысты тұрғындар денсаулығына ешбір зиян жоқ екенін айтқан болатын. Әрине, облыс әкімінің орынбасары мамандардың сөзіне сенген болуы мүмкін. Алайда облыс бойынша экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру біраз мәселенің бетін ашты. Соған қарағанда мәлімдеме жасау тұрғысынан жергілікті атқарушы билік асығыстық та­нытқан сияқты.

Департамент басшысының мін­детін атқарушы Арсен Латы­повтың айтуынша, тексеру қо­ры­тындысы бойынша бір емес, бес бірдей кемшілік анықталған.

«Сол оқиғадан кейін қор­шаған ортаға келтірілген зиян аз болған жоқ. Нақтырақ айтар болсақ, 1 тонна 92 килограмм күкірт ауаға тарап үлгерді. Бұл – сол он сегіз минутта орын алған жағдай. Жалпы, анықталған бес кемшілік бойынша серіктестік­ке 5 млн 641 мың 730 теңге айып­пұл салынды», деді ол жағдай­ды түсіндіріп.

Расында да, әуелде Мине­ралды тыңайтқыштар зауытынан тараған түтіннен халық­қа ешқандай зиян жоқ екенін дәлел­деуге тырысқандар аз бол­ған жоқ. Ал Экология депар­таменті жүргізген тексеру қо­ры­­­тындысында экологиялық заң­на­маның бір емес, бес бірдей тар­мағы бойынша заңнама­ның бұзылғаны анықталды. Кемшіліктерді жою бойынша нұсқаулық берілді. Қысқасы, қоғам үшін маңызды мәселеде асығыс байлам жасамау керек. Соңы не болды? «Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ» деген әңгіме енді, міне, шындыққа жанаспайтыны анықталып отыр.

 

Жамбыл облысы