Жолдың «жыры» мол «жырға» айналғалы қашан. Алқалы жиындарда айтылады, бас шұлғып қатырамыз деп тарасады. Одан кейінгі жерде жоғары-төменді қағаз алмасулар, тынымсыз телефон шылдыры шеру тартады. Қызыл сөзден қырман үйіліп, есептер беріледі. Жалғаны мен шынын ешкім сарапқа сала бермейді.
Бөлінген қаржы «игерілді» делінеді. Бірақ түйткіл қалады. Көбінің есебіндегі орындалдысы жыртық жолды жамаумен тынады. Қазаншұңқырларға құмтас толтыра салу да бітірдікке кіреді. Оны айтасыз, ат ізін салмаған жердегі баяғыда құмтас төселіп, қазір шор-шор болып қалған қияндағыны да есепке қосып жаза салып, қаржыны қымқырып қалу етек алып келгені рас. Қазір де бұраң бұлтарысын қисынға келтіріп, ескі әдетпен жалғастыра берсек дегендер жоқ емес. Бірақ ондайларды жұрт бұрынғыдай «е» дей салмай, жалғанды «жарыққа» шығарып, талай басшының артына шала байлап жатқанынан хабардармыз.
Бұрын жолдағы жолсыздық асқынып бара жатса, басшыны ауыстыра салып, істі жылы жаба салу үрдісі талайды жауапкершіліктен құтқарып қана қоймай, басқа бір майлы жіліктің иесіне айналдыра салатынын қайтерсің. Олай бола қалудың арғы жағынан сан «сыр» төбе көрсететін. Халық әлгі «сырды» сезеді, бұл қалай десе өзі кінәлі болады, айран ішкен құтылады, ол тұтылады, үнсіздік осыдан келіп шығады.
Бұрынғы мақтангерлік сарыннан сілесі қатқан халық жаңа серпілісте сергектік танытып, талаптың шоғын үрлеп, әр атқарылған жұмысқа сын көзбен қарап, талап қоя бастады. Соның дәлелі, Алматы облысы Кеген, Райымбек аудандары аумағындағы жолға қатысты мәселе дер едік. Шарасы таусылып, әбден жүйкелері жұқарғанда Қайқының асуын жапты. Билік өкілдері үйіп уәде берді. «ҚазАвтоЖол» мен «Қазахавтодор» арасындағы қиғаш қылықтар, яғни сендірмейтін көкпар сөздер, бірі біріне сілтеп айласы құрығандардың тірлігі жиналғандарды таңдандырды. Басшы кім, қосшы кім дегізді. Басшының келгеніне екі ай ғана болыпты. Қосшының жауап беруі содан екен. Сонда басшы екі ай бойы не бітіріп отырды?
Сондай солақайлықты Президент Қ.Тоқаев таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұрттың көкейіндегі көп сұраққа жауап бере отырып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, кейбір құрылымдарды қайта жасақтау қажеттілігін қадап айтқаны мәлім. Оның қатарында жұрттың жүйкесіне тиіп болған жол мәселесіне тоқталып, автожол саласына қатысты жұмыс жайын тілге тиек еткенде: «Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Қазхавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде, қызметкерлердің саны да қысқаратын болады» деген еді.
Шынында, бұл ақиқаты айтылған іс болды. Бірақ Президенттің осы сөзінен кейін бе, ауылдар мен аудан орталықтарындағы шұқыр, жұлым-жұлым жолдарды жамау ісі қарқын алып барады. Ойылған жолдың төңірегін кеңейтіп, асфальт төсеуде. Ал оның сапасы қалай болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен жыл сайын осылай жұлым-жұлым жолды бітеу жалғасып келе жатыр. Тіпті сол шұңқырларды бітегеннен кейін бір ай өтпей жатып ойылып шыға келетінін қайтерсің.
Кейбір қазаншұңқырларды таспен толтырып, бетіне асфальт төсеп, күрекпен таптап, аяқпен басып жатқандарды да көзің шалады. Осындай жамау жолдардан құтылудың жолы қашан болар екен деп тұрғындар сан сұрақты алға тартады. Шұңқырларды жамауға көз үйренді, ал былтыр ғана әспеттеп төсеген асфальт жыл өтпей жатып ойдым-ойдымы шығады.
Жалпы, жол мәселесі күрделі екені сөзсіз. Аты дардай қос құрылымды біріктіру керек дегенді қолдаймыз. Олардың еншісіндегі қыруар қаржыны орнымен сапалы жолға жұмсасақ ұтылмас едік. Осы арада, Президенттің қойған талабы қайта-қайта ойға орала береді. Бұл бірінің өкілеттігін бірі қайталай беретін өзге де іргелі мекемелер тізбесі. Оларды оңтайландыратын уақыт мәреден асып барады. Мұндай мекемелердің үстінен қарайтын қаншама орган бар. Жұмыстың сапасыздығы, істің нәтижесіздігі «қойшының көптігінен», «сен салар да, мен салар, қапқа тарыны кім салар» кебінен болып тұрғаны ақиқат.
Ендеше, жүйелі басталып, сапалы аяқталған істің баянды болуы Президент айтқан түбегейлі реформаға тәуелді екені сөзсіз. Ол реформа ескі сартап сүрлеуден шығып, Жаңа Қазақстанның талабына сай атқарылса, жұмыс оңалып, жұқарған жұрттың жүйкесі бір тыныс алар еді.