• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 03 Тамыз, 2022

Депозит бойынша мөлшерлемелер көтеріледі

385 рет
көрсетілді

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2022 жылдың қыркүйегіне теңгедегі депозиттер бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемелерді бекітті. Жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттерінің барлық түрі бойынша ең жоғары мөлшерлемелер өзгеріссіз қалды және тамыз айындағы мәндер деңгейінде сақталған.

Биыл 26 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5 базалық тармаққа (14-тен 14,5 па­йызға) көтергеннен кейін ҚДКБҚ екінші деңгейлі банк­терге салымдар бо­йынша мөлшер­ле­ме­лерді көтеруге ұсыныс біл­дірген еді.

Айта кетейік, елімізде 20 банк – кепілдендірілген депозит жүйе­­сінің қатысушысы. ҚДКБҚ жинақ­таушы салымдар бойынша – 20 млн теңгеге дейін, жинақ­тау­шыдан өзге теңгемен сақталған барлық депозиттер бойынша – 10 млн теңгеге дейін, шетел ва­лю­тасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеге дейін кепілдік береді.

Тұрғындардың барлық салымдары заңмен белгіленген өтеудің ең жоғары сомасына дейін кепілдікпен жабылады. Бұл ретте қордың кепілдік өтемақы төлеуге арналған резерві қордың жарғылық капиталының 70 па­йызын есепке алғанда 944,3 млрд теңгеге жетті. Оны өтемақы төлеу­ге де пайдалануға болады.

«Жинақталған резерв же­ке тұл­ғалардың депозиттік база­сының 7 пайыздан астамын құ­рай­ды, бұл заңда көзделген 5 па­­­йыздық деңгейден жоғары. Бұл көрсеткіш үздік әлемдік тәжі­­ри­беге сәйкес келеді және дамы­­ған елдер деңгейінде. Осы­­лайша, қазақстандықтардың жи­нақ­­тары кепілдік өтемақының ең жо­ғары мөлшері шегінде толықтай қор­ғалады. Шетелдік банк­тердің еншілес ұйымдарын қоса алғанда, қазақстандық банктердегі депо­зиттік шоттардың 99,8 пайызы толық кепілдікпен қор­ғал­ған», деп түсіндірді бұл жа­ғ­дай­ды қор басшысы Әділ Өтем­баев.

Әзірге банктер арасынан тек Home Credit Bank қана мөлшерлемелерді жоғарылатты. Қаржы ин­ституты «Простой» және «Поч­товый Хоум» шұғыл депозиттері бойынша жылдық тиімді мөлшерлемені 14 пайыз, ал жинақтаушы депозит бойынша максималды жылдық тиімді мөлшерлемені  16 пайызға дейін көтерді. Бұл банктегі салымның минималды сомасы 1000 теңгеден басталады. Одан әрі қанша сомаға дейін салам десе де шектелмейді.

Депозиттерге кепілдік беру қорының хабарлауынша, болып жатқан геосаяси тәуекелдер, инфляциялық үдерістердің кү­шеюі, қаңтар оқиғасы және одан кейін ресейлік еншілес банктер­ге әсер еткен ықпалшаралық шек­теулер банктердің жиынтық бөл­шек депозиттік базасының пара­метрлеріне әсер етпей қой­мады.

«Осыған қарамастан, ҚДКБҚ халықтың банк депозиттеріне тұрақты сенімі сақталғандығын атап өтеді. 2022 жылдың ақпан-наурыз айларындағы валюта бағамдарының жоғары құбылмалылығы жағдайында айырбас бағамын қайта баға­лау депозиттердің айлық сер­пініне айтарлықтай әсер етті. Теңгедегі депозиттер бойынша жалпы қалдық мамырда 0,7 пайызға өссе, нақты валюталық қалдықтар 0,8 пайызға өсті. Бұл 2022 жылдың мамыр  айының соңына қарай жеке тұлғалардың депозиттерінің жалпы көлемінің 0,9 пайызға (12,8-ден 12,7 трлн теңгеге дейін) аздап төмендеуі ұлттық валютаның 4,7 пайызға нығаюы әсерінен валютаның қайта бағалануымен байланысты болды (бір доллар мамырдың басында 448,49 теңгеден мамырдың аяғында 427,39 теңгеге дейін)», делінген қор хабарламасында.

Қор төрағасы Әділ Өтем­баев­тың айтуынша, азаматтардың теңгемен ашқан депозиттерінің ай­тарлықтай өсімі байқалады. Бұл нарықтағы жағдайдың тұрақ­тан­ғанын, сондай-ақ халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің сақталғанын көрсетеді дейді ол.